Қожайыны бар, құжаты жоқ

Меркі ауылындағы жер дауы қашан бітеді?

0 5

Меркі ауылында жиырма жылға жуық уақыт жергілікті әкімдік пен тұрғынның арасында жер дауы шешімін таппай келеді. Аталған ауылдың тұрғыны Бердалы Күлбаев редакциямызға хабарласып, араша сұрады. Оның айтуынша, 2003 жылы Меркі ауылындағы Бекжанов көшесінен үй сатып алған. Тұрғынның сатып алған үйінен 40 метр қашықтықта ескі мола болған екен. Ол бос жер құжат бойынша санитарлық аумақ деп көрсетілген. Сондықтан жергілікті әкімдік ол жер учаскесінен тұрғындарға ешқандай зиян келмейтінін айтыпты. Бірақ санитарлық аумақ делінген жердің кейіннен қожайыны табыла кетіпті.

Қолынан келіп, қонышынан басқан «жер иесі» әлгі бос учаскеге су жіберген. Жазық жерге келген су Бердалы ақсақалдың үйінің іргетасына дейін жетіп, қабырғасын бүлдіреді. Содан бері меркілік тұрғын әділдік іздеп сот, прокуратура, полиция секілді құзырлы органдарға шағымдана бастаған. Бірақ жергілікті сот даулы жердің иесі қайтыс болғанын алға тартып, келген шығынды өндіріп ала алмайтынын айтып, істі тоқтатып тастапты. Қызығы, әділдік іздеген ақсақал 20 жылдан бері жердің құжатын таба алмапты. Ол аумақтың шекарасы да еш жерде көрсетілмеген. Бірақ жер учаскесінен жыл сайын салық алынып тұрыпты. Әбден амалы таусылған қария араша іздеп, облыстық экономикалық тергеу басқармасына барады. Осыдан соң құзырлы орган өкілі келіп, аталған аумақта ешқандай шекара көрсетілмегенін айтып, салық төленіп келген жер таудың басындағы жер екенін айтады.
– Жазда бұл жерге тұрғындар мал жайып, түліктері кейде менің аулама да кіріп кетеді. Күзде қоқыстарын тастап, от қояды. Тілсіз жау бүкіл жеміс ағаштарымды құртты. От қойғандарды тауып сотқа бердім. Бірақ құзырлы орган талдың құжатын сұратты. Қай заманда біз ауладағы талға құжат рәсімдеп едік?! Талдарымның құжаты болмағандықтан, тағы да істі тоқтатып тастады. Сот шешімдері мен қаулыларына сүйенсек, ол жер абаттандыру мен көгеріштендіруге бағытталған. Шыны керек, оған іштей қуандым да. Бірақ 2014 жылы бір әйел жерді сатып алдым деп келіп, дау қайта басталды. Сол жылы еліміздің Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің өзіне тікелей қоңырау соқтым. Ол өз жауабында бұл мәселенің бұрын қаралғанын айтып, аумақ абаттандыру мен көгеріштендіруге бағытталғанын тағы жеткізді. Бірақ ол жерге үй салынып жатқанын айтқанымда, облыстан арнайы комиссия жібертті. Сол кездегі Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек комиссияға жердің ешкімнің атында емес екенін дәлелдеп берген болатын. Соған қарамастан, 2015 жылы әлгі қожайын үй іргетасын қалай бастады. Мұнан соң мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына қайта арыз жаздым. Олар облыстық прокуратураға, полиция департаментіне сілтеді. Осылайша бұл іс қайта Меркі ауданының полициясына келіп, олардан арызымның қаралмайтыны жөнінде жауап алдым. Сондай-ақ облыстық прокуратура Бас прокуратураның арызын облыстық әкімдікке жіберсе де, олар облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасына бағыттаған. Аталған басқарма да қарамайтындарын жеткізген, – дейді Бердалы Күлбаев.
Осылайша тұрғынның ісі сиырқұйымшақтанып кеткен. Ашығын айтқанда, бос жатқан жердің құжаты жоқ болғанымен, «дайын қожайындар» заң талаптарына мүлде пысқырмайтын көрінеді.
Жалпы тұрғынның айтып отырған зираты 1927 жылы пайда болған. Адам жерлеуге берілген аумақ толуына байланысты Меркі ауылдық округі әкімінің 2016 жылғы 29 тамыздағы №239 шешімімен жабылыпты. Тұрғынның айтуынша, соған қарамастан, бүгінгі күнге дейін 200-ден аса адам жерленіпті. Бұл жерде де қадағалаушы орган көз жұмып отырған сыңайлы. Өйткені жабылды деген зираттың тек 60 пайызы ғана қоршалған.
– Зират жабылғаннан кейін ол жер түгелдей қоршалуы тиіс қой. Әкімдік ол молаға адам қойылмауын да қадағалауы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, мен суды құдықтан аламын. Оны да тексеріп жатқан ешкім жоқ. Есесіне зиратқа қойылып жатқан адамның қарасы қалың. Сондықтан мемлекет санитарлық аумақ деп белгілегендіктен оған ешкім таласпауы тиіс. Бұл мәселені жергілікті әкімдік қадағалауына алып, заңсыздықтарды тоқтатуы керек, – дейді Б.Күлбаев.
Бір сөзбен айтқанда, тұрғынның айтқан уәжі орынды. Себебі мемлекеттің өзі санитарлық аумақ деп белгілеп берген жермен адам түгілі, мал да жүрмеуі тиіс. Олай дейтініміз, аты айтып тұрғандай, ол учаске бактериалды қауіпті аумақ саналады. Тұрғынның құзырлы органдарға шырылдап, әділдік іздеп жүргені де осы. Сондай-ақ «қожайындар» ол жерді арық суымен суғарады екен. Бұл өз кезегінде құдықтан су ішіп отырған тұрғынның отбасына қандай кесел алып келетіні айтпаса да түсінікті.
Өз кезегінде тұрғынның мәселесі бойынша Меркі ауданы әкімдігіне қайырылған едік. Аудан әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Нұрсұлтан Әліпбаевтың айтуынша, ол жер 2005 жылдан бері үшінші қожайынға сатылған. Яғни жердің мемлекеттік актісі, сату-сатып алу келісімшарты сынды құжаттары бар көрінеді. Демек, үшінші заңды «қожайыны» құрылысын бастаған уақытта тұрғын Бердалы Күлбаев қарсылық танытқан. Содан бері құрылыс аяқталмай тұрған көрінеді.
– Бұл мәселе бойынша Бердалы ақсақал облыс әкімдігіне шағымданған. Нәтижесінде арнайы комиссия келіп тексерді. Оның да жауабы берілген. Бірақ тұрғынның шағымы бойынша санитарлық талаптар сақталу керек. Дегенмен ол жерде бұл кісінің үйінен басқа 100-ге жуық үй орналасқан. Нақты айта кететіні, ол жер санитарлық аумақ деп танылғанға дейін сатылып кеткен, – дейді Н.Әліпбаев.
Шынтуайтында, бөлімше басшысының айтқаны да орынды шығар. Бірақ санитарлық қорғаудағы жерді аудан әкімдігі арнайы шешіммен қалай беріп жібергені түсініксіз. Аталған мәселе бойынша ауданға жаңадан басшылыққа келген Руслан Нұрсипатовтың да пікірін білген едік. Аудан әкімі тұрғынның талабы орынды екенін алға тартып, жақын күндері арнайы комиссия құрып, жіті зерделейтінін айтты.
Қалай дегенде де неше жылдан бері ҚР Бас санитарлық дәрігерінің өзі даулы жерді санитарлық аумақ деп тапқанымен, жергілікті әкімдік ол жердің заңды иесі бар екенін айтады. Құжатында «шикілігі» бар даулы жердің ақ-қарасын жаңадан келген аудан әкімі Руслан Нұрсипатов ажыратып беретініне сенім мол.

Шынболат Сейдуалиев

Меркі ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.