Сараптама

«Көзін» тапсаң, көше де сатылады

«Естімеген елде көп» демекші, Тараз қаласының «Арай» алқабында халыққа ортақ көшелер жер телімі ретінде жекеменшікке сатылып кетіпті. Ал, ол жердің иелері көшенің қақ ортасына қоршау орнатып, үй соғып тастаған. Аялдамаға барып-келу үшін үш шақырымды жаяу жүріп, әбден мезі болған тұрғындар бізге осылай мұң шақты.

Мұнда тіпті, он жылдан астам уақыт ғұмыр кешіп келе жатқан тұрғындар бар. Алайда, соңғы жылдары Айша бибі көшесіндегі көпірден емін-еркін өтіп жүрген қауымның бүгінде діттеген жеріне жету үшін 4-5 көшені айналуына тура келіп тұр. Себебі, осы аумақтағы Майлықожа көшесінен кейінгі 4 көшені кесіп өтетін жол қоршалып, оның орнынан реттік саны қатар орналасқан үйлермен мүлдем сәйкес келмейтін бейберекет баспаналар бой көтерген. Бұл аралықтан қазір жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері тұрмақ, жаяу адам да өте алмайды. Облыс орталығында отырып, осындай халге түскен бұқара базынасын кімге айтарын білмей дал.

– Алқапқа 2007 жылы отбасымызбен көшіп келдік. Ол кезде көшені жауып тұрған мына 7 үй жоқ болатын. Содан бері барлық тұрғындар арызданып жатырмыз. Бұл мәселе Ілияс Тортаев қала әкімі болып тұрған кезде көтерілген. Жер қатынастары бөлімінен келген мамандар спутник арқылы суретке түсіріп, Айша бибі көшесінен бізге қарай бұрылатын көпірден бері әуежайға қарай шығатын жол болатынын айтып кеткен. Кейінірек, Қанат Бозымбаев облыс әкімі болып тұрғанда біздің алқапқа өзі арнайы келіп, жағдаймен танысты. Әкімнің көпірдің бойы мен алқаптағы жаңа балабақшаның алдына жалпақ жол түсетінін айтқанына осындағы ел куә. Сол жолы ол көшенің жобалық құжаттарының бар екенін жеткізді. Ал, жолды жауып тұрған бұл үйлер 2014 жылдан салына бастады. Жер қатынастары мен сәулет, қала құрылысы бөлімдері мамандарының қайда қарап отырғаны түсініксіз. Қалалық әкімдіктен шенеуніктер келіп, көзбен көріп, уәде береді. Бірақ орындамайды. Осы мәселемен қаланы басқарған азаматтардың барлығына барғанмын. Қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсат Ахаев қана жоспарланған көшенің орнынан 2 метр жол ашуға тырысып бақты. Кейін ол қызмет бабымен ауысып кетті. Жанайқайымыз тағы жайына қалды. Бұл үйлер 4 көшенің арасындағы жолды жауып тастап отыр. Беті аулақ, егер алда-жалда оқыс оқиға, төтенше жағдай орын алса жедел жәрдем де, өрт сөндіру көлігі де дер кезінде жете алмайды, – дейді Патшабек Тілеубаев көшесіндегі №16 үйдің тұрғыны Нұржан Асанқұлов.

Жалпы тұрғындардың айтуынша, алқапта 10 жылдан бері шешімін таппай қордаланып келе жатқан мәселелер жетерлік. Солардың ең бастысы, осы жолдың жайы.
– Немерелерім мектепке баруға күнде қиналады. Қысқы уақытта көше-көшені аралап, көпірге дейін жаяу бару кіп-кішкентай балаға оңай ма? Көлік біреуде бар, біреуде жоқ. Көшені бекітіп тұрған алғашқы үйдің іргетасы қалана бастағаннан әкімдіктегілерге хабар бергенбіз. О баста, Айша бибі көшесіндегі каналдан өтетін көпірдің өзі осы жолға арнап салынған. Әкімдіктегілер келіп көрді де. Өзіміз шешеміз деді. Бірақ, нәтижесіз. Бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ, – дейді аталмыш көшедегі №12 үйдің тұрғыны Орал Жайлыбек.

Тұрғындардың қолында Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің мамандары (Н.Бекниязов, Ж.Валихан) 2016 жылдың 3 маусымында жазып, қол қойған арнайы акт бар екен. Онда «Дау тудырып жатқан «Арай» алқабының тұрғындарының сәулет және қала құрылысы бөлімімен берілген жер телімінің жоспарында (көшірмесі), жоғарыда көрсетілген нөмірі белгісіз №1019, 1058, 102 «А», 1056, 1057, 1043 жобадағы жер телімдерінің орнына өткел жол көрсетілген» деп жазылыпты.

– Мен «Арай» алқабына 2012 жылы көшіп келдім. Біз келгенде бұл жерде көшеге орын бар болатын. Жерді берген кезде жауапты мамандар көпірден бастап әуежайға дейін жол болатынын айтқан. 2014 жылы көшенің үстінен алғашқы үйдің іргетасы құйылды. Ал, 2015 жылы екінші үйдің құрылысы басталды. Жол тарыла берді. Сол жылы №48 мектепте өткен қала әкімінің халық алдында есеп беру жиынында округіміздің инспекторы бұл мәселені айтпауымызды өтінді. Бірақ, айттық. Ақыры №789 бен №847 үйдің арасына №1019, №848 бен №802 үйдің ортасына №1057, №1058 үйлер ретсіз орналасып кетті. Әрқайсысы 5-6 сотық жерді қоршап алған. Сол жиында Шота Руставели көшесімен қиылысатын жолымыз да дәл осылай сатылып кеткенін жеткіздім. Шыны керек, жер қатынастары бөліміндегі мамандар бізге акт жазып беріп, жол ашылады деп ойладық. Сонда қала әкімінің қарашаның мұң-мұқтажына құлақ аспайтын болғаны ма? Осында мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналар, қариялар, зағип жандар тұрады. Көп балалы аналар бар. Барлығы осы жерден күніне 3 шақырым жолды текке айналып өтеді. Оңай ма? Елді жылатқан жақсы емес, – дейді жалғызбасты ана Фатимахан Ахметова.

Тағы бір қызығы, жол үстіне салынған үйлердің алғашқы иелері жоспар бойынша бұл жердің көше екенін білмеген көрінеді. Білгендері, дереу ақшаға алған жерін арзанға сатып кеткен.
– Көшенің орнына салынған бұл үйлердің барлығы 3-4 қолдан өткен. Жол екенін білгеннен кейін, алданып қалғандар басқа біреуге арзан бағада сатып жібереді. Арадағы бір үйді тағы да сатып жіберіпті. Сонда өз-өзімізді алдап отырмыз. Жоғарыдағылардың жандары қиналып жатқан жоқ. Көктемде баламның дене қызуы көтеріліп, қатты ауырды. Шырылдап шақырған жедел жәрдем үйді айналып, таппай, балшыққа батып қалды. Не дәрігерді үйге алып келе алмай, не баламның қасында бола алмай, екі ортада әбден сандалдым. Мектепке де әр үйдің ауласынан, қуыс-қуыстан өтіп, ел жұрттың ұрысын естіп жетеміз. Бұл біздегі күнделікті жағдай. «Бәйтерек» ықшамауданында салынып жатқан жаңа мектеп ашылса, ол үшін де біз айналып өтуіміз керек, –дейді Патшабек Тілеубаев көшесі №10 үйдің тұрғыны Гүлжамал Әбдірәсілова.

Тұрғындарға тұсау салып, төрт көшеге жайғасқан бұл үйлердің барлығы осы Патшабек Тілеубаев көшесіне қарайтын көрінеді. Біз, жұртшылықты алаңдатқан мәселе бойынша Тараз қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбековпен байланысқа шықтық. Алайда, Бақытжан Жиенәліұлы «Бұл мәселе соттың шешімімен ғана реттеледі» деп әңгімені қысқа қайырды. Бұл жауапқа қанағаттанбағандықтан, мәселенің мән-жайымен етене таныс бөлімнің заңгері Тимур Өскенбаевтың пікірін білдік.

– Біз тұрғындармен келісіп, жаяу жүрушілерге арнап ені 2 метрлік жол ашып беруге уағдаласқанбыз. Ал, жолдың үстіне салынған үйлердің мәселесі бізге дейін осы салада жұмыс жасаған адамдардың кезінде болған. Оның мән-жайы бізге белгісіз. Бірақ, халықтың талабын орындаудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Жол үстіне соғылған 3 үйдің иелерімен 2 метрлік жол ашып беруге келісім жасалып қойды. Қалғандарының иелерін іздестіріп, таппай отырмыз. Айту керек, бұл азаматтар нақ сол жерді өздері қоршап алып, үй салмаған. Бұлар үй соғылып қойғаннан кейін дайын баспананы өз ақшасына сатып алғандар. Яғни, жолды жауып тастаған қазіргі қожайындары емес. Сондықтан, егер біз оларды сотқа берсек, кінәсіз адамдардың құқығы тапталады. Бізді тығырыққа тіреп отырған мәселе – осы. Соның өзінде жаяу жүргіншілерге жол ашып берудің қадамдары жасалып жатыр. Бірақ, ондағы жергілікті халық енді 2 метр емес, көлік жүретін көше салып беруді талап етіп отыр, – дейді заңгер.
Бұл мәселе бойынша Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Олжас Көпжасаровпен де хабарластық. Жаңа қызметіне кіріскеніне екі аптадан енді ғана асқан басшы «Арай» алқабындағылардың мәселесі бойынша орынбасары Айдар Молдабаевпен байланыстырды. «Алқапқа арнайы барып, бірнеше мәрте тұрғындармен кездескенмін. Мәселенің бар екені рас. Былтыр күзде тұрғындармен жаяу жүргіншілерге арналған жол ашып беру туралы келісім жасалған. Енді көлік жүретін жол сұрап отыр. Қазір әу бастағы жобаға өзгертулер еніп кеткен. Бұл өзгертулер менің алдымдағы мамандардың кезінде енген болуы керек.

Дегенмен, тұрғындар талабын ескере отырып, мәселенің шығу жолдарын қарастырдық. Алқаптағы барлық жолдар алдағы уақытта жөнделеді. Көше салу да қарастырылған» деді ол. Дегенмен, жауапты мамандар сол 2 метрлік жолдың өзі қай уақытта ел игілігіне жарайтынын дөп басып айта алмады. Оған қажетті қаражат, техника, жұмылдыратын жұмыс тобы секілді шаруалар шаш етектен сыңайлы. Анығы – бұл тірліктің бірер күнде қолға алынуы да екіталай. Ал, ел игілігіне жарап отырған білдей бір көшені жауып тастағандардың бұл қылығына еріксіз көңіл құлазиды.

Нұржан Қадірәлі
Тараз қаласы

ПІКІР