"Заң және біз"

Кредит комиссиясын қайтаруға бола ма?

Banque
Written by Aray2005

Соңғы жылдары екінші деңгейлі банктерден алған несиенің комиссиясына ұсталған ақшаны қайтаруға болатыны туралы ел ішінде жиі айтылып жүр. Алайда оны қайтару жолы қандай? Қай жылға дейінгі алынған несиелердің комиссия ақысын қайтаруға болады? Бұл сұрақтардың жауабы әлі нақтыланған жоқ. Осы мәселенің мәнін біз Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің облысымыздағы филиалы мамандарынан да сұрап көрдік. Бірақ ондағылар биылғы жылдың 1 наурызынан бастап рәсімделетін несиенің комиссиясыз болатынын айтуда. Дегенмен…

«Қайтқан малда қайыр бар» дейді біздің халық. Табысына қарай банк мақұлдаған соманың 20 пайызын комиссия үшін төлеген жұрт маңдай терімен тапқан ақысының тектен-текке кеткеніне қиналады, әрине. Ол төлемдердің заңсыз екені белгілі болғалы бері қайтаруға асыққандар да көп. Мысалы, Тараз қаласының тұрғыны Марат Байболатов бұрынырақ несие алған «Халық банкіне» барып, өтініш жазып, өз құқығын сұрапты.
– Банк менеджерлерінен алған несиенің комиссиялық төлемақысын қайта қарауларын сұрадым. Үш жұмыс күнінен соң ұялы телефоныма қоңырау шалып, жауабын айтты. Барсам, несие алғанымда ешқандай комиссияға ақша төлемегенімді анықтап, тиісті құжатты көрсеткен жауап алдым. Одан соң «Форте банктен» 500 мың теңге көлемінде алған несиемнің комиссиялық төлемін білуге барып, әлгіндей өтініш жаздым. Ондағылар комиссиялық төлемге қарсы еместігімді растап қол қойғанымды айтып, сол құжатты көрсетті, – дейді Марат Намазұлы.
Ал Мойынқұм ауданының тұрғыны Дауытжан Мэхлсұлы еліміздегі білікті заңгердің көмегімен заңсыз комиссияға төлеген ақшасын қайтарған.
– Осыдан 6 жыл бұрын, яғни 2013 жылы «Форте банктен» 3 миллион теңге несие алдым. Бірақ қолыма 2 миллион 200 мың теңге берілді. 800 мың теңгені ұстап қалған. Қысқасы, жалпы несие мен банк комиссиясын қосқанда кесте бойынша 96 мың теңге төлеп отырдым. Оның 30 мың теңгесі – банк белгілеген комиссия. Кейінгі уақытта жағдай келмей, несиемді төлей алмай қалып едім, құжаттарым коллекторлық компанияға өтіп кетіпті. Сол арқылы бәрін төлеп, 2016 жылы қарызымды толықтай жаптым. Негізі ондай комиссияға төленген ақшаны несиені жапқаннан кейін қайтарып алуға болады екен, бірақ оны өзіміз құнттамаймыз ғой. Банк ісі жөніндегі тәуелсіз сарапшы, заңгер Нұржан Биякаевтың көмегімен заңсыз комиссияға төлеген ақшаларымды қайтарып алатын болдым. Менің пайдама сот шешімі шықты. Банктен өз ақымды қайтарып алғаннан кейін, бұйыртса, коллекторлық компанияға төлеген артық ақшамды да алуға кірісеміз, –
дейді.
Расында да несие алуға барғанда банк қызметкерлері бірқатар құжаттарға қол қойдыртады. Өкініштісі сол – біз тезірек ақшаға қол жеткізу үшін өзіміз қол қоятын құжаттарды мұқият оқи бермейміз. Әрине, бұл әлі де қаржылық сауаттылығымыздың толыққанды жеткіліксіздігінен болар.
Дегенмен ел ішінде заңгердің көмегімен адал ақысын қайтарып алғандар да бар екен. Сондай кісілердің көбіне көмектесіп жүрген банк істері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев бастапқыда өзі де осындай заңсыздықтарға кездесіпті.
– Осыдан 6 жыл бұрын «Казкоммерцбанктен» жылдам несие алғанмын. Әрине, заңсыз комиссияны да төледім. Барлық қарызымды жапқаннан кейін заңсыз төлеген адал ақымды қайтарып алуды жөн көрдім. Бірден сотқа жүгінбей, оған дейінгі тиісті шараларды жасадым. Хат жаздым. Бірақ бәрі нәтижесіз болды. Амал жоқ, сотқа жүгіндім. Заң аясында өз құқығымды қорғап, жеңіп шықтым. Бұдан кейін жақын-жуықтарымның да өз ақшасын қайтарып алуына көмектестім. Бәрі де жеңіспен аяқталып келеді. Заңмен шешілген әділдікті көрсетіп, іс қағаздарымды қоса отырып, Ұлттық банкке ұсыныс жасадым. Алайда жауап болмады. Дегенмен сот арқылы біраз адамдарға заңсыз комиссияға төлеген ақшаларын қайтартып жүрміз. Несие алғаны үшін заңсыз комиссия төлеп келген азаматтар несие келісімшартын жапқаннан кейін 3 жыл ішінде сотқа жүгініп, қайтарып алуына мүмкіндігі бар. Өйткені заңда несие келісімшартын жапқаннан кейін 3 жыл өткенге дейін қайтаруға болатыны көрсетілген. Алайда өз тәжірибемде 5 жыл өткеннен кейінгі несие комиссиясын қайтару ісі де сәтті жүзеге асты. Жалпы айтқанда, өз құқығымызды білсек, қорғай алсақ, ешкімге жем болмаймыз деген сөз. Тек заң тетіктерін жақсы білетін маманның көмегі қажет. Әйтпегенде банктер оңайлықпен барлық талапкердің ақшасын қайтара бермейді, – дейді Нұржан Темірғалиұлы.
Бұл комиссиялар «несие қызметі үшін», «заемға қызмет көрсету» секілді түрліше аталады. Тәуелсіз сарапшының айтуынша, несие шоты банк шотына жатпайды. Яғни банк бухгалтерлік есебінде қарыз алушыға берілген займды көрсетуі және Ұлттық банкке есеп беру үшін шоттан ешқандай да комиссия алынбауы керек.
– Екінші деңгейлі банктер несие шотын ашуға, оған қызмет көрсетуге және Ұлттық банкке осы шотқа қатысты есеп беріп отыруға міндетті. Ұлттық банк 2012 жылдың 9 ақпанында екінші деңгейлі банктерге несие шотын жүргізгені үшін комиссия алуды тоқтатуды талап етіп, ресми хат жолдаған болатын. Бірақ екінші деңгейлі банктер халықтан алып отырған ақшадан қағылмау үшін Ұлттық банктің талабы қаншалықты заңды екенін анықтау мақсатында Бас прокуратураға жүгінді. Қызығы сол – Бас прокуратура оларға несие шотын жүргізгені үшін алынатын комиссияның атауын өзгертіп, бұрынғы әрекеттерін жалғастыра берулеріне рұқсат етті. Кейін Ұлттық банк бұны тоқтатуға тағы да хат жолдады. Бірақ оны екінші деңгейлі банктер елеусіз қалдырды. Алайда халық ішінде өз құқығын қорғап, адал ақысын қайтаруға ниеттенгендер білікті заңгерлердің көмегімен көздеген мақсаттарына жетіп те жүр, – дейді Нұржан Биякаев.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, әрбір несие алушы атауы түрліше өзгерген комиссияларға заңсыз ақы төлеген.
Мәселен, екінші деңгейлі банктен несие алғанда жеке тұлғаға ай сайынғы төлем жасауы үшін шот ашылады. Міне, осы несие шотын ашқаны және оны қарыз түгелдей жабылғанша ұйымдастырғаны үшін банктер комиссия ұстайды. Өйткені банктердің пайымдауынша, бұл қызметтер бөлек банктік операциялар болып саналады екен. Сондықтан комиссияларды банктік қарыз шартына қосып, оның мөлшерін несиені төлеу кестесінде көрсеткен. Бірақ «Ақша төлемі мен аударым туралы» ҚР Заңына сәйкес несие шоттары банктік шоттарға жатпайды. Бір сөзбен айтқанда, жеке тұлғаларға несиені ай сайын төлеп тұру үшін банктер ашқан несие шоттары бойынша ешқандай бөлек банктік операциялар жүргізілмейді. Міне, осыны негізге ала отырып, заңсыз комиссия төлеп келген несие алушы азамат өз ақысын даулауына мүмкіндігі бар.
«Қарыз күліп келіп, жылап шығады» деген осындайда айтылса керек. Несие аларда әлдекімнен тегін дүние алып жатқандай асықпай, келісімшарттарды оқып, жеке тұлға өз құқығын ескерсе, банктердің халықты сүлікше соруына жол берілмес еді.

Қамар Қарасаева

ПІКІР