Қуанса, ана қуансын!

0 0

Көкжелек көктеммен қатар келетін Халықаралық әйелдер күні облысы­мызда биыл да кең көлемде атап өтілді. Мереке аясында «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын ұйымдастырылып, онда аймақ басшысы Асқар Мырзахметов аналар қауымына ақжарма тілегін арнады.

– Әйелдердің қоғамдағы ролі айрықша. Ресми деректерге сүйенсек, облыс тұрғындарының тең жартысы – нәзік жандылар. Ал мемлекеттік қызметтегі әйел азаматтардың үлесі 4,8 пайызды құрап отыр. Экономиканың барлық саласында еңбек етіп жүргендер бар. Бұл, сіздердің, отбасындағы міндеттен бөлек, тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға атсалысып, сол жолда еңбек етіп келе жатқандарыңызды көрсетеді.
Оңтүстіктің бір ерекшелігі – көпбалалы отбасылардың молдығы. Біз туындайтын әлеуметтік мәселелердің көбейетінінен қашпай, осы ерекшелігімізбен мақтануымыз керек. Шын мәнінде, бұл – елдің болашағы. Сондықтан біз уақытша қиындықтарға қарамастан, күні ертең еліміздің тірегіне айналар ұрпақты өмірге әкеліп, тәрбиелеп-өсіріп отырған аналарымызға рақметімізді айтамыз.
Мемлекет, қоғам дамыған сайын әлеуметтік мәселелер де оң шешімін таба түсетіні белгілі. Күні кеше Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасының әлеуметтік қолдау шараларына қатысты нақты міндетті жүктегені мәлім. Бұл жаңалықтармен Жамбыл жұртшылығы да тегіс танысты деп ойлаймын. Президент тапсырмасына орай атаулы әлеуметтік көмекті алатын көпбалалы отбасылардың саны 2 есеге өскелі отыр. Бұрын 14852 отбасыға осындай әлеуметтік жәрдемақы берілсе, енді олардың саны 30 мыңға жуықтады. Атаулы көмекке бұған дейін 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінсе, алдағы уақытта оның көлемі 13-14 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарлануда, – дей келе облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір дамуына өлшеусіз үлестерін қосып келе жатқан аналарымызға өз алғысын білдірді.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов қыз-келіншектерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтап, өз тілегін жеткізді. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
* * *
«Бәйтерек» ықшам ауданының тұрғыны Дария Күзенбаева 8 ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Халықаралық әйелдер күніне орай алтын құрсақты ананың үйіне арнайы барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Алтын алқа» иегерінің шаңырағына шаттық тілей отырып, ыстық ықыласын, жылы лебізін жеткізді.
Өз кезегінде батыр ана аймақ басшысына ерекше ықыласын білдірді.
– Бүгінде бала күтіміне байланысты үйде отырған жайым бар. Отағасы Әлімжан Күзенбаев екеуміз тәрбиелеп отырған балалардың болашағынан үмітіміз зор. Төрт ұл-қызымыз жоғары және арнаулы орта оқу орындарында грантта оқиды. Ал екі балам №3 мектеп-лицейінде білім алып жатса, екі бүлдіршінім үй тәрбиесінде. Осынау көктемгі дүбірлі мерекеде ізгі ниет танытып, көңілімізге қуаныш сыйлағандарыңызға, әлеуметтік көмектің артуына ықпал етіп отырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді Дария Сағынбайқызы.
Бұдан кейін Асқар Исабекұлы «Арай» иінінде тұратын көпбалалы ананың бірі – Гүлбар Егембердиеваның да шаңырағына арнайы ат басын бұрып, мерейлі мерекемен құттықтады. «Алтын алқа» иегері жолдасы Атабек Егембердиев екеуі жеті перзент тәрбиелеп отыр екен. Өз кезегінде Г.Егембердиева көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жағдайына көңіл бөліп отырған мемлекетіміздің бұдан әрі де өсіп-өркендей беруін, елімізде тек тыныштық, береке-бірлік орнауын тіледі.

«ARAI»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.