Құдалықтың құны

0 0

Есіктің алдында таудай боп үйіліп бір машина көмір жатыр. Қысқа түсіргем. Өзі де удай екен, тоннасы 15 мыңнан 5 тонна алдым. Кіргізілмей жатқанына бір апта болды. Балалар бет-бетімен кеткен. Көкбет әйел көмір кіргізбек түгілі өзімді үйге әзер кіргізеді. Өткенде кіргізіп қоятын едім, қаладан жіберілген балалардың ескі-құсқысын киіп алып кірісе бергенде ысылдап-пысылдап Әшен келді. Әшен келді дегенше проблема келді дей бер. Анадайдан сай-сүйегіңді сырқыратып, ойбайлап келеді ол.
– Ойбай, қыз қашты!
– Қандай қыз қашты?
– Бораштың қызы!
– Е, бақытты болсын!
– Соның бақыты саған қарап тұр… Көрші ауылға қашыпты. Атасы жазушы екен, соған сен бармасаң, біттік. Өзің нахалдаусың, сөзің мақалдау, оқта-текте қылыш суырғандай суырып салып, қуырып салып қоятының бар. Суыратын кезің келді, бауырым, барасың!
– Көмірді кіргізуім керек, бара алмаймын.
– Барасың! Өмір туралы әңгіме боп жатқанда көмір туралы сөзіңді қой. Ағайынның абыройы керек. Көмір қашпайды ешқайда, қыз қашады. Давай, киін.
Киінетін не бар, құдалыққа, жиналысқа, қонаққа киіп баратындарды үстіме ілдім де мыж-мыж галстукті мойынға байладым. Түйілген жерінің кірі мүйізденіп кеткен. Ауылға жарайды. Асығып жүріп мақал кітаптарыма қиғаштата көзімді салып, қызға қатысты біраз мақалды еске түсіріп алдым.
Жазушы құда қатты екен, дастарқанға тастаған нандары да, құрттары да қап-қатты. Тісіміз сынып қала жаздады. Төрт-бес «Әсем-айды» іше-іше іш кепті. Осылай толып отырып бастадым сөзді.
– «Қызды таныс алады, таныс алмаса қоныс алады» деген, қызымызды алыпсыздар. Әрине, «Қыз – жат жұрттық», бірақ, жат жұрттық екен деп қарап отыра алмаймыз. Іздеп келдік! Қуып келдік. «Қалыңсыз қыз болса да кәдесіз қыз болмайды» – деген. Кәдесіне де, баланың әкесіне де көңіліміз толмай отыр. «Қыз бергеннің назы бар», айтатынымыз көп, – деп салдым да баяғының батырлары сияқты қорамсаққа қол салдым. Асты-үстіме түсті. «Жазушың» сөзінен, жазушының әйелі өзінен жаңылысып, жамбастай құлады.
Қайттық. Бір-бір пакет ұстатқан. Шала аршылған картоптың қуырдағына тұзды аямай салған екен, былай шыға қаталадық. «Самопал» арақтың да күші жығылған, оның да шөлі әкетіп барады. Ол аз десеңіз, жалдап барған «Газельдің» дөңгелегі жарылды. Шопыр «түнде МАИ болмайды» деп «самопалдан» ұрттаған екен. Таңға жуық дөңгелекті реттеп, қайта жолға шықтық.
Үйге келісімен әйел пакетті ақтарды. «Не кигізді?» – деді шала-пұла ұйқысын аша алмай. «Былғары күртеше» дедім мен де «Рамстордан» қайтқандай. «Атаңның басы, қытайдың дермантині» – деді әйелім қоржынды ашар-ашпастан. Ол біледі. Аптасына базарға екі-үш барып келеді. Таниды. Күртешенің иісі үйден балконға, балконнан аулаға, ауладан ауданға тарап кетті. Балам сіріңке әкеп жандырып көріп еді, күртешенің жартысы жидіп түсті. Менің де бетім күртешемен бірге күйді. «Қайран сөздерім-ай, енді құдалыққа бармаспын», – дедім бала-шағама, әйеліме ант беріп.
Көмірді кіргізуге кірісе берген кезім еді. Атың өшкір Әшен келеді өңмеңдеп. Ол тегін келмейді. Ол – құдалықтың «пошташысы», қазіргі тілмен айтқанда «тірідей СМС». Тағы кімнің қызы кетті? Күрегімді көмірдің қалың ортасына салып жатқам. Шаң бұрқ етті. Көз бітеліп, құлақ тұнды. Күңгір-күңгір Әшеннің әңгімесі.
Қысқасы, кластасымыз Қабылдың қызы кетіпті. Әкімнің баласына. Біресе ақын, біресе әкім. Өлтіретін болды. Құдағи биші екен. Биші құдаларды жақсы көреді. «Құдалықтың құрамында биші болсын» депті. Әкімнің сөзі бір бұйрық болса, қатынның сөзі екі бұйрыққа пара-пар. Өйткені қазір халықты әкім билейді, әкімді қатын билейді. Шала-шарпы жуынып, мойындағы, құлақтағы, мұрындағы көмірді кетіріп, амалсыз жолға шықтық. Әйелдің жібергісі жоқ еді, әкімді естіген соң екпіні басылып қалды. Басқа жақты қайдам, біздің жақта әкім десе «өліп» түсеміз.
Бидің түбін түсірем, талай өкшеден айырылғам. «Табаның темірден жаралған» дейді былайғы жұрт. Жаралса жаралған шығар. Өзбекшесін де, өзгешесін де, ұйғыршасын да, пышақ тістеп, қоразданатын айғыршасын да қоймадым. Құдашалардың мұрнынан қан ағып, құдағи ортаға құлап түсті. Жаман қайтпадық. Өткенде «Газельден» аузымыз күйген, әкімнің тойына барамыз деп Қабыл қаладан «Тойота» алдырған. «Тойотада» кінә жоқ. Ауылдың балалары төбелесіп жүріп, мәшинеміздің бүкіл шамын сындырыпты. Сығырайып, тоқтап-тоқтап, түнімен жүрдік. Таң ата келдік. Әйел ұйықтамай отыр екен. Келе пакетке жармасты. Ақтарып қалғанда пакеттен бала-шағаның кәстөмі мен көйлегі шықты. Үшінші кластағы балама келеді екен. Кимей қойды. «Ауылға беріңдер, қытайский», деді. Үшінші кластың баласы да біледі. Әйелім «Жарымаған, әкім болғаныңа…», – деп күшеніп барып тоқтады. «Кранның» бұрандасын уақтысында жапты. «Бұдан былай құдалыққа бармайсың», – деп кесіп айтты.
Биден табан ісіп, қара саным әлсіреп қапты. Екі күн жаттым. Қыс жақындап қалды. Үшінші күні білек сыбанып, менің құдалық сапарымның ақырын күтіп жатқан көмірге қаһарлана кірістім. Жаман емес, біразын ішке лақтырып үлгердім. Әшен келе жатыр. Ол әшейін келе жатқан жоқ. «Сыболыш» жатпайды екен. Не көмір түсірмейді. Теріс қарап тірлігімді істей бердім. Қысқасы, мен бармасам болмайтын құдалық. Бұл құдалыққа ішетін адам керек екен. Оның әкесін танытам. Қамшы салдырмаймын, тамшы қалдырмаймын. Биді өкшемен билесек, арақты бөшкемен көтерем. Құламаймын. Құдалардың бүкіл ішкіші қолыма су құя алмай, аузыма арақ тамыза алмай, арманда кеткенін дүйім ел көрді, ауыл естіді. Таңданып, тамсанып қала берді, қайтесің. Жолда дөңгелек жарылды ма, радиатор су жіберді ме білмеймін, әйтеуір айлы түнде далада теңселіп тұрғаным есімде, сосын есікті кеп ұрғаным есімде.
Бұл сапарда етегі салақұлаш, жағасы кір-кір Брежневтің тұсындағы плащ киіп қайттым. «Енді құдалыққа барсам, атымды ауыстырам», – дедім. Атың ауыспақ түгілі, қатын ауысып кетсе де ағайындарың қарай ма? Көмірдің жартысына кеп қалғанда баяғы Әшен, баяғы әйелдің ұрысы. Тағы жолға шықтық. Бұл жолы төбелесетін адам керек екен. Құдалардың ауылы сондай боп шықты. Төбелестің «чемпионы» болғанбыз. Куә іздеудің қажеті жоқ, беттегі бес тыртықты сана да «бәледен машайық қашыпты», – деп тып-тыныш отыра бер. Көйлекті көтеріп, шалбарды шешсем, айқыш-ұйқыш тыртықтардың көрмесіне көзіңіз сүрініп, артынан жүрегіңіздің айнуы әбден ықтимал.
Тойдың орта тұсында қым-қуыт төбелес басталды. Құдаларды іздеп кеп, түгендеп алып ұрады екен. Қара белбеуін де, сары белбеуін де, қызыл белбеуін де, ұзын белбеуін де ұзынынан түсіріп, өздерінің белбеулеріне өздерін қылқындырып, қырып салдым. Көшенің бір бұрышына шөп жинағандай жинап қойдым. Бұдан былай ол ауылдың тойында төбелес болмайтын шығар. «Брюс Ли құда» атанып қайттым. Тек, өзімнің бетімнен алтыншы тыртықтың түрен салғаны болмаса, қалғаны түгел. Киітті тексерген әйелдің қабағына және қар жауды. Қоржын қомақты болғанға әуелде қуанған. Сөйтсек онымыз талай құдалықты атқарған, жарықтық Хрущевтің көзін көрген көнетоз пальто екен. Мұражайға лайық. Оның ішіне мен секілді және бір құда сыйып кетеді. Екеуара бір пальто бермеді ме екен деп алғашқыда қауіптендік. Артынан мінгескен іздеушісі болмаған соң әйел бұрқылдап-бұрқылдап, кейін керек болады-ау дейтін қоймаға тығып қойды. Ақырғы құдалық осы пальто деп шештік…
Әне, Әшен келе жатыр. Көмектесуге келе жатқан жоқ, құдай біледі, тағы құдалық. «Бармаймын», – дедім үзілді-кесілді. Қоя ма, бұл жолы бір үйден біреу емес, тырысып отырған әйелімді де қосты. Басында ырық бермеп еді, өзін қосқаннан кейін алдыма түсіп берді. Менің осы сапардағы міндетіме ішу де, сөйлеу де, билеу де, тіпті төбелесу де кірмеді. Шіренуім керек болды. Басқа басқа, ал шіренуді өлтірем ғой. Талай орындықтың арқалығын сындырып, талай диванды шалқасынан түсіріп қайтқам. Шірендім. Шіренгенде сұмдық шірендім. Құдалар құрақ ұшып кеп аузыма шәй құйғанша илікпедім. Тек, әйелім аздап басын изеген соң шіренуімнің сатысын бір баспалдаққа төмен түсіріп, шәйді өзім ішетін халге жеттім. Шірене-шірене құдалықтан да оралдық. Үйге кірер-кірмес қоржынды ақтардық. Түймесі әзер жететін кәстөм кигізіпті. Бір шіренгенде түймелері пытырлап түсіп қалады. Шалбарының балағынан тобығым жылт-жылт етеді. Әйелімнің кигенін айтсам… қойшы айтпаймын, оны кигізген құдалардан ыңғайсыз. Ол да үндемеді. Мен де үндегем жоқ.
Бәрін қойдық, алғашқы қар да түсті. Көмір кіргізіп жатырмын. Оқта-текте әйелім де көмектесіп қояды. Көзімнің астымен Әшен келетін жолға қарап қоямын, әзірге тыныш!

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ,
сатирик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.