"Алтын бесік"

Құланда шие бағы жайқалып тұр

Written by Aray2005

2001 жылы Елбасы Жарлығымен құрылған «Аграрлық несие корпора­циясы» акционерлік қоғамы еліміздің ауыл шаруашылығының алға басуы бағытында Жамбыл жерінде біраз жобаларды жүзеге асырып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын жеміс-жидек бақтарын дамыту, өңірде жеміс сақтау қоймаларын, өңдеу кәсіпорындарын және аралас өндірістер құрылысын жүргізу бағытында бірлескен іс-қимылдарды шоғырландыру мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен облыс әкімдігі, сондай-ақ, «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Осы меморандум аясында тараптар Әулиеата өңірінде шие бақтарын жандандыруды бірлесіп қолға алу туралы байламға келген екен. Содан бері корпорация арқылы қаржыға қол жеткізіп, табысты жүзеге асып жатқан жобалар да баршылық.
Жуырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ төрағасы Нармұхан Сарыбаев Астанадан облысымызға арнайы келіп, өздері қар­жы­лан­дыр­ған алқаптардағы жұмыстың аяқ алысымен танысты. Н.Сарыбаев Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылы маңындағы «ҚазАлма» ЖШС-нің құрылысы жүріп жатқан 67 гектарлық интенсивті шие бағының жұмысын көзбен көріп, жоба иесі мен мердігер компанияның басшыларымен пікірлесті. Олар биылғы 15 мамырда басталған құрылыс жұмыстарын 5 шілдеде аяқтайтындарын жеткізді.
Сапар барысында ол «ARNO AGRO» ЖШС-інде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шие өсіру жобаларына қатысты көшпелі ақпараттық сессияның жұмысына қатысты. Жиында аудан әкімі Асқар Қырықбаев өңірдің ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігі жайлы айтып өтсе, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ төрағасы Нармұхан Сарыбаев ауыл бизнесін дамытудың еліміз үшін маңыздылығына айрықша тоқталып, несиелеу жобалары жайлы мол мағлұмат берді.
Өз кезегінде облыс әкімдігі ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасының басшысы Берік Нығмашев өңірдің аграрлық әлеуетіне қысқаша тоқталып, аймақ басшылығының ауылдағы шағын және орта бизнеске көп көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Сессия барысында «Құлан» агропаркінің таныстырылымы өтіп, артынша келген қонақтар «ARNO AGRO» ЖШС-нің 100 гектарлық шие бағы мен үнемдеу технологиясына негізделген суландыру жүйесін аралап көрді.

Жасұлан Сейілханов

Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР