Жастар.kz

Құландық жастар қолдаудан кенде емес

Written by Aray2005

Жастарға серпін берген Жастар жылы мен Волонтер жылында Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысы жүйелене түсті. Орталық ұжымы жергілікті жерде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда ауқымды жобалардың басы-қасынан табылып жүр.

Өткен жылдың қараша айында аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Туған жердің тарихы-тұнған шежіре» атты тарихи-танымдық экспедициясының аясында Өрнек ауылының таулы аймағында орналасқан «Дегерес» шыңын бағындыру марафоны өтті.
Аудандағы ерікті жастар мен экспедиция мүшелері қатысқан шара Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын жұртшылық арасында кеңінен насихаттауға ден қойды. Сәйкесінше жастар Тянь-Шань Алатауы тау сілемінде орналасқан биік шыңға Абай Құнанбаевтың есімі жазылған жалауша ілді.
Волонтер жылында ауданның белсенді жастарынан құрылған 18 еріктілер тобының мүшелері аймақтың қоғамдық-саяси, көпшілік-мәдени шараларын өткізуде белсенділік танытып келеді. Аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Жалынды жастар» еріктілер корпусы өз жұмысында Мемлекет басшысының белсенді жастарға айқындап берген 7 бағытын басшылыққа алады. Олар төтенше жағдай кезінде республикалық сипат алған «Birgemiz» акциясына да үн қосып, зейнеткерлерге зейнетақыларын үйіне жеткізу сынды жұмыстарға атсалысты. Пошта, банк ғимараты сынды адам көп шоғырланған орындарда қоғамдық тәртіпті, санитарлық нормаларды сақтау жұмыстарында да ерікті жастар белсенділік танытты. Мұнан бөлек құландық волонтерлер блок-бекеттердегі дәрігерлер мен полиция қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, демеушілер есебінен аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратуға да белсене атсалысты.
Аймақтағы шығармашыл жастарды қолдау мақсатында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай оқулары», «Ерліктерің ел есінде» патриоттық әндер байқауы, «Менің сүйікті отбасым» тақырыбында жас суретшілердің байқауы онлайн форматта ұйымдастырылды. Мұнан бөлек 200-ге жуық жасқа түрлі сала мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша онлайн кеңес берді.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың тікелей қадағалауымен аудан жастарының әлеуетін арттыру, олардың қоғамнан өз орнын табуына жағдай жасау және бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында арнайы меморандум жасалды. 5 бөліммен тұратын жоспарлы жұмыстар шығармашыл жастарды, бизнеске бейімі бар өрендерді қолдау, ақпараттық-әдістемелік көмек беру көрсету шараларын қамтиды.

Айбек Сәрсеханұлы,
Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығының директоры

ПІКІР