Жастар.kz

Құландық жастар тың идеяларымен қуантуда

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жастарға ерекше көңіл бөліп, қолдау білдірудежыл сайынғы Жолдауларында да назардан тыс қалдырған емес. Жастардың сапалы білім алып, саламатты өмір салтын сақтап, еңбекке араласуына, жұмыспен қамтылуына қажетті бағдарламалар да іске асуда. Тіпті, биылғы жылды «Жастар жылы» деп атап, жас қазақстандықтардың игілігіне бағытталған оң істерге бастама берді. Атаулы жылға орай еліміздің әр түкпірінде жас азаматтардың игілігіне бағытталған бастамалар мен көрсетілетін қолдау түрлері артты десек, артық емес. Сондай тың бастамалардың бірқатары Т.Рысқұлов ауданында да жүзеге асуда.

Жеке іс бастауға ниеттілерге бағыт-бағдар көрсетуді көздеген «Жас кәсіпкерлер» клубы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылды. Басты мақсат – белсенді жас кәсіпкерлерді клубқа тартып, аудан аумағында шағын бизнесті дамыту. Мұнда табысты кәсіпкерлер ауданның жас азаматтарына іс бастаудағы тиімді жолды көрсетіп, семинар-тренингтер, шеберлік сыныптарын өткізеді. Жыл басында құрылған мектеп алғашқы кездесуін облысымыздың мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевпен өткізді. Сол жиында еліміздің Еңбек Еріне біраз жастар көкейіндегі сауалдарын қойып, іскерліктегі табыстың кілті неде екенін сұраған.
Келелі кездесуде С.Дөненбаев:
– Еңбекпен есейген адам өмірдің ешбір қиындығынан қашпайды, қорықпайды, кез келген кедергілерді бұзып-жарып өтеді. Мұраты биік азаматтың алмас қамалы жоқ. Сендер нағыз күш-қуаты тасыған шақтасыңдар. Бұл – қайтып оралмайтын уақыт. Осы уақытты тиімді пайдаланып, болашақтарыңа жарқын жол салыңдар. Адам істеген ісімен абырой табады. Әдемі сөйлеп, ісің керісінше шықса, ең үлкен ұят– сол. Қазір жастар «жұмыс жоқ» дегенді көп айтады. Тіршілік болған жерде жұмыс та көп, тек шын ниет болса. Мәселен, қазір көптеген шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы мамандарын таппай жүр. Солардың бірі – өзім. Әрине, көбіміз таза да жылы кабинетте отырып, ақша тапқымыз келеді. Ал оның арғы жағында үлкен қарбалас жұмыс жатқанын ескере бермейміз. Шынтуайтында, мал бабын тапқанға бітеді. Қаншалықты креслода отыратын басшы болғың келсе де, тер төкпейінше құрметке бөлене алмайсың. Ал ауыл шаруашылығы– мол нәсіптің қайнар көзі. Жалқаулыққа жар бермей, «Туған еліме не бере аламын?» дегенді үнемі қаперлеріңде ұстаңдар! – деп, ағалық ақылын айтып, өзінің тәжірибесімен бөліскен еді.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Бақтияр Асқар аймақтағы мүдделі мекемелердің қатысуымен аудандағы кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ниеті бар жастардың басын қосып, тағы бір пайдалы жиын өткізілгенін айтады.
– Кездесуде жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жайында сөз қозғалды. Бірқатар замандастарым сол жерде өзінің жаңа ісінің жоспарын да жасап алды. Шындығында, мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты насихатталса да аймақтарда әлі де хабарсыз кісілер көп. Жиында жастарға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтар жөнінде кең мағлұмат берілді. Енді алдағы уақытта ауданымыздың белгілі кәсіпкерлері Пазыл Сүлейменов, Шәмшіхан Искаков, Қонысбай Сағынбек сынды ағалармен кездесу, семинарлар ұйымдастырамыз деп жоспарлаудамыз. Әрине, өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған жастарымыз да жоқ емес. Оларды да кездесулерге шақырып, табыскерліктегі тәсілдерін сұрап, тәжірибелерімен бөлісіп отыратын боламыз,– дейді ол.
Тағы бір көмегі көпке тиерлік жаңа іс– жастар ашқан әлеуметтік дүкен. Аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» және «Еріктілер тобы» бастамасымен ашылған «Мейірім» дүкені тұрмыстық жағдайы әлсіз жандардың іздеген тауарын тегін беруге бағытталған.
Арнайы жастарға арналған жылда жоспарға сай «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жеке ғимарат қарастыру мәселесі шешілу үстінде. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Абай ауылында 8 миллион теңгеге жергілікті бюджет есебінен «Жастар орталығына» ғимарат сатып алынып, ел игілігіне берілді.
Жалпы аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сүйенсек, 365 жас кәсіпкер тіркеліпті. Солардың қатарын арттыруға ниеттілерді облыстық кәсіпкерлер палатасының Т.Рысқұлов ауданындағы филиалымен бірлесіп, жыл соңына дейін 50 кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмыстары да жүзеге асуда. Қазіргі уақытта 12 жас осы бағытта білімін шыңдап жүр.
Ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі мамандар елді мекендердегі кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастарға насихаттық жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бергі
5 ай ішінде 1 025-ке жуық жас азаматқа кеңес беріліп, нәтижесінде 18 жас жұмыспен қамтылыпты.
Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» ІІ бағыты бойынша
16 азамат шағын несие алып, өз істерін бастап та кеткен еді.
Ауылдық округтерде демеушілер мен меценаттар есебінен жастар демалатын мәдени-көпшілік орындарды, футбол, арнайы спорт алаңдарын жабдықтау қолға алынбақ. Алдағы уақытта Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын кеңінен насихаттау мен ілгерілету аясында демеушілердің көмегімен ат спорты ойындары алаңдарын жасақтау жоспарланып отыр екен.
Жастар жылында қолға алынған мұндай тың бастамалар жас қазақстан­дықтарға серпіліс беріп, істі ілгерілетері анық. Нәтижесін қалың халық көрсе игі дейміз.

Қамар Қарасаева

ПІКІР