Жастар.kz

Құландық жастарға барынша қолдау көрсетілуде

Written by Aray2005

Биыл Жастар жылы екені белгілі. Елбасының ұсынысымен бекітілген осынау бастама бүгінде өз жемісін бере бастады. Облыс орталығын айтпағанда, аудандарда да жастарды қолдауға бағытталған толайым тірліктер тіктелуде. Соның бір дәлелі – Т.Рысқұлов ауданында ағымдағы жылға ауқымды жоспарлар айқындалып отыр.

Аудандық ішкі саясат бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру мақсатында бірқатар жобалар қолға алыныпты.
– «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ең алдымен ауданнан «Жас талап» жас кәсіпкерлер мектебін құруды қолға алдық. Бұл бастамамыздың негізгі мақсаты – аудандағы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жастарды жұмыспен қамту, жас кәсіпкерлердің дамуына қолайлы жағдай жасау, бизнес жобалары бар жастарды ынталандыру, микронесиелеу бағдарламаларымен таныстыру, әдістемелік-психологиялық, ақпараттық көмек беру, тәжірибелі мамандарды тарта отырып, кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы дәріс оқу, бизнес-жоспар құру және даму стратегиясы, кәсіпкерлік психологиясы туралы ақпарат беру.
Аудан аумағында бүгінгі күні жеке кәсібін ашуға ниет білдірген жастардың тізімі анықталды. Әлі де бағын сынап көрушілер бар. Осы жұмыстың сапалы орындалуы үшін ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы», облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы жоспарлы жұмыстарды бастап кетті. Алдағы уақытта жастарға кәсіпті дамыту қырлары туралы дәрістер, семинар-тренингтер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевпен іскерлік кездесу, ірі бизнес өкілдерімен тәжірибе алмасу сабақтарын өткізу де көзделуде. «Жастар ресурстық орталығы» жанынан «Жас кәсіпкерлер» клубы құрылып, оған белсенді жас кәсіпкерлерді тарту арқылы аудан аумағында шағын бизнестің өркендеуіне бағыт-бағдар беру жұмыстары да барынша жандануда, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева.
Тағы бір айта кетерлігі, құландықтар «Жастар ресурстық орталығын» жеке ғимаратпен қамту мәселесін де шешкен. Наурыз айында Абай ауылдық округіне қарасты «Жастар үйі» 8 миллион теңгеге сатып алынып, жастардың игілігіне беріліп отыр.
Бұдан бөлек биылғы жылға жоспарланып отырған тірліктер де аз емес. Атап айтсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғам қайраткері Азаматхан Әміртай Жақсылық ауылынан құны 40 миллион теңге тұратын спорт кешенін салуды қолға алса, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында білім бөлімі жанынан «Жас өлкетанушылар» экспедициясын құру көзделуде. Сондай-ақ «Өлкетану» үйірме-клуб жұмыстары арқылы аудандық тарихи-өлкетану музейі мен мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім бөлімдерімен бірлесе «Т.Рысқұлов ауданының киелі жерлері» туристік маршруты айқындалмақ. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде демеушілер есебінен әр ауылдың «Өлке тарихы мен мәдени даму мұражайлары» арнайы жабдықталатын болады.
Ауданда «Волонтерлер тобы» құрылып, ерікті жастардың қолдауымен Құлан ауылынан «Әлеуметтік дүкен» ашу жұмыстары да жолға қойылған. Онда азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар еріктілердің бастамасымен жиналып, мұқтаж жандарға тегін таратылады.
Тағы бір жағымды жаңалық, округтерде демеушілер мен меценаттар есебінен жастар демалатын мәдени-көпшілік орындарды жабдықтау, футбол алаңшаларын салу және ат спорты ойындарына арналған атшабар әзірлеу бастамалары да көтерілуде.
Ал жас таланттарды шыңдау мақсатында «Рухани жаңғыру» жобалық офисі жанынан «Шабыт» жазба ақындар мектебі құрылған. Сондай-ақ М.Өзбеков атындағы Мәдениет үйінен «Жас айтыс ақындары мектебі» де өз жұмысын бастап кетті.
Міне, осылайша құландықтар жастарға барынша қолдау білдіріп, ауқымды жобаларды жандандыруда. Бұл, сөз жоқ, жастарға жігер беріп, болашақтарына бағдаршам болатыны анық.

Саятхан Сатылғанов

Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР