Құланның қасиетті құлагері тасада қалмаса екен…

1 26

Қазір кино түсіріп жүргендер өте көп. Сәндісі де, мәндісі де бар. Бірақ олардың басым бөлігі комедиялық жанрда таспалануда. Әрине, ол да дұрыс шығар! Дейтұрғанмен тарихи жанрдағы киноларды да тасада қалдыруға мүлдем болмайды. Себебі тарихи кино тұтас бір ұлтты тәрбиелеудің айқын жолы. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде отандық киногерлер түсірген «Томирис» пен «Құнанбайдан» басқа тарихи кино көргенім жоқ өз басым. Жалпақ тілмен айтқанда, киноқоржынымызда аталмыш бағытты бейнелейтін туындылар өте аз. Бұл жөнінде сан мың мәрте айтылса да, бүгінде құлақ асар кино мамандарының жоқтығы өзекті өртеп тұр.

Иә, кино саласына қатысты мәселе жайында 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та сөз қозғап еді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталатын бөлімінде: «Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Халықтың санасында фильмдегі жарқын кино образ іргелі ғылыми монографиядағы деректі портреттен гөрі маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмнің, телевизиялық сериал мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек», – деген болатын. Шыны керек, бірақ маған осы бір тапсырманы жауапты мамандар шетке ысырып қойғандай көрінеді.
Осы бір олқылықты сезген болар, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та тарихи жанрдағы киноларға қатысты ерекше мәлімдеме жасады. Ел Президенті «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыздың сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па? Мұндай іргелі ізденістердің нәтижесі тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналуы орынсыз», – деп өз өкінішін жеткізген болатын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы дәл осы мақаласында тарихи деректерді қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажеттігін алға тартты. Бұл ретте «Ол үшін не істеу керек?» деген заңды сауал туындайды. Бұл сауалдың жауабын да Мемлекет басшысы өзі айтып, жауапты мамандарға арнайы тапсырмалар берді. Президенттің ойынша, аталмыш деректер тарихшыларға ғана емес, барша жұртқа, әсіресе жас ұрпаққа қолжетімді болуы керек деп есептейді. «Біз ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән бергеніміз жөн. Мысалы деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті. Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн. Көркем және деректі тарихи туындыларда мем-лекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет»,– деп алға қойылған мақсаттарды айқындап, мәдениет және кино мамандарына үлкен жүк артты.
Расымен де Мемлекет басшысы айтқандай, біздің шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін жерлер мен талай рет аңыз ретінде айтылған оқиғалар жетерлік.
Біз 2019 жылы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа-ласындағы «Атқа міну мәдениеті» мен «Тарихтың киноөнері мен телевизиядағы көрінісі» атты бөлімдерін ұштастырып, Құлан жерінде кіндік қаны тамып, әлемді мойындатқан Абсент жайлы кино түсірілсе деген ойымызды айтқан едік. Шыны керек, бұл мақала әлеуметтік желіде ұзақ талқыланды. Тіпті ұсынысты ұтымды деп таныған бірнеше басылым мақаланы қайта жариялады. Олардың қатарында жастардың жаршысына айналған облыстық «ARAI» және «Ауыл-аймақ» газеттері бар. Ол аз десеңіз, аталмыш мақаланы республикалық «Айқын» газеті де аудандық басылымның ұсынысын еш өзгертусіз қайта басқан-ды. Сонымен қатар оқырманы көп, жылқыға жаны құмар жандарды бір арнаға тоғыстырған «Арғымақ» әлеуметтік порталы да жазбаны жариялап, жалпы оқырман назарына ұсынды. Бірақ аталмыш ұсынысты ұсынған бізді Мәдениет және спорт министрлігі мен кино мамандары естімеген де, елемеген де секілді.
1960, 1964, 1968 жылдары Рим, Токио, Мехико қалаларында өткен Олимпиада ойындарында әлемнің әр түкпірінен жиылған жұртты өзінің сұлу жүрісімен тәнті еткен қазақ сәйгүлігі – Абсенттей арғымақтың есімі тарихта алтын әріптермен жазылуы тиіс. Әрине, ол үшін мемлекет басшылары және біз айтқан ұсыныстар бойынша толықметражды кинотуындыны жарыққа шығару керек секілді. Әлбетте, бұл – біздің тарапымыздан айтылған ұсыныс қана. Оны қабыл алып, ол бойынша жұмыс жасауды кино мамандарының еншісіне қалдырдық.
Иә, Абсент жайында деректі фильмдер жоқ емес, бар. Біздің ойымызша, олар өткен ғасырдың жұлдызды жылқысы үшін жеткіліксіз. Айта кету керек, егер де фильм таспаланатын болса, сұлу да сымбатты сәйгүліктің өмірінде кезіккен Молдаш Әмреев (Абсенттің алғашқы атбегісі), Сергей Филатов (Абсентпен бірге Олимпиада ойындарына қатысқан шабандоз) сынды азаматтардың образын міндетті түрде қосу керек деп есептейміз. Бұл фильм жерлесіміз Қалыбек Атжанның «Абсент» атты шығармасының желісі бойынша түсірілсе, тіптен керемет болар еді.
Басылым бетіне жарияланған әрбір мақаладан азғантай болса да нәтиже шығаруды көздеп, барынша әрекет еттік. Дәл сондай оймен осы ұсынысымызды сол кездегі өңір басшысы Асқар Мырзахметовке әлеуметтік желі арқылы жеткізген болатынбыз. Облыс басшысы көп ұзамай-ақ сауалымызға тұшымды жауап қайтарды. Бұл ұсыныс бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын, белгілі қаламгер, журналист Қалыбек Атжан жазған сценарий бойынша фильм түсіру жоспарда бар екенін алға тартты. Бірақ бұл баянды бастаманың не үшін сол бойы аяқсыз қалғаны бізге беймәлім. Бәлкім, мұның бәріне әлемді жайлаған індеттің кесірі тиген болар. Кім білсін?!

Түйін

Жоғарыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айыр қалпақты ағайындар таспалаған «Құрманжан датқа» фильмін мысал ретінде келтірді. Расында, көршілерімізден үйренеріміз көп секілді. Заманның заңғар жазушысы, қырғыз елінің мақтанышы Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повесін алайық. Өздеріңіз білетіндей, аталмыш шығарманың желісімен арнайы кино да түсірілген. Біздің айтайын деген ойымыз, өзге ел осындай шығармадан жүректен орын алатын дүние әзірлегенде Абсенттің басынан өткен шын тарихты кәдеге жарата алмай отырғанымыз – біз үшін үлкен сын.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ,

Т.Рысқұлов ауданы

1 Comment
  1. Жансая says

    Автор жақсы ой қозғаған екен. Осы идея жүзеге асса, керемет болар еді! Өсіп келе жатқан ұрпақ атыс-шабысқа (шет ел фильмдерінен көріп) әуес болмай , қазақтың қасиетті жылқысын қадірлеп, ұлттық өнермен де жете танысар еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.