Құлпыра бер, Тараз!

Көне шаһардың үш жылдық инфрақұрылым жоспары көпті қуанышқа бөлейді

0 14

«Тараз – тарихымыздың темірқазығы». Елбасы, Тұңғыш Президент – Н.Ә.Назарбаев осылай деп баға берген көне шаһарымызды халқымыз ежелден бері баға жетпес байлық, жалғыз жаһұт һәм бойтұмар санайтыны анық. Сан мыңжылдықтар мен түрлі дәуірдің шежіресін бойына сыр етіп бүккен, қойнауына талай құндылық жасырған Тараз тұрғындар үшін қай кезде де көрікті мекен болуы тиіс.

Осы күнге дейін дамудың түрлі сатысынан өтіп, жыл жылжып, күн өткен сайын құлпыра түскен облыс орталығында тұрғындар тіршілігіне қолайлы орта қалыптастыру, оның тұрақты дамуына жағдай жасау, экологиялық ахуалын қалыпты жағдайда ұстау, тарихи-мәдени орындарды құнттау, сақтау, бұрыннан бар дүниені күтіп ұстап, жоқ-жітігін түгендеп, кем-кетігін бүтіндеу – уақыт қажет ететін басты талап. Яғни қаланы дамытуға арналған бас жоспар бойынша шаһар іргесі қай жылы, қай жерге дейін кеңейіп, қандай нысан салынатыны өз алдына бір бөлек әңгіме. Біз сөз еткелі отырған тақырып – шаһарымыздың жаңғыртылуына қатысты үш жылда жүргізілетін жөндеу жұмыстары жайында болмақ. Ашып айтқанда, биылдан бастап қаладағы бірқатар көпқабатты тұрғын үй аулалары жаңғыртылып, көшелер, жолдар, арық-атыздар жөндеуден өтетін болыпты. Тіпті жылдар бойы қараңғылық құшағынан көз ашпай келе жатқан көшелерге дейін жарықтандырылмақшы. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев аталған нысандарды жаңғыртуға қатысты бұрын мұндай ұзақ мерзімді жоспар болмағанын айтады.
– Әлеуметтік желіде Тараз қаласының кейбір көшелері жарықтандыруды, асфальттауды қажет ететіні жөнінде тұрғындар тарапынан түсетін шағым көп. Аталған шаруалардың барлығын бірдей бір мезетте қамтып тастау мүмкін емес. Оған жұмсалатын қаражаттың да көлемі аз болмайтыны белгілі. Десе де облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен биылдан бастап осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін үш жылға арналған арнайы жоспар бекітілді. Мысалы, тек көшелерді жөндеу бойынша 2021-2023 жылдары орташа жөндеу жұмыстарына құны 8 122 699 844 теңгені құрайтын 230 жоба еніп отыр. Жобаға енген көше, бұрылыс, өткел, тұйықтардың жалпы ұзындығы – 261,8 шақырым. Оның ішінде биыл ұзындығы құны 1 587 319 000 теңге болатын 26 нысан жөндеуден өтеді. Ұзындығы 56,9 шақырым көшенің 13,9 шақырымына шағал төселеді. Осыны естіген тараздық кейбір тұрғын тарапынан «Біз тұратын аумақтағы көшелерге шағал емес, неге бірден асфальт төсемейді?» деген секілді айтылатын базына да жоқ емес. Негізінен шағал төселетін көшелерге әлі газ, су құбыры секілді инфрақұрылым жүргізілмегендіктен біз ол жолдарға шағал төсеуді жөн санап отырмыз. Себебі қазір аталған көшелерді бірден асфальттап тастасақ, кейін су құбырын тартқанда ол қайтадан бүлініп, екі әуреге түсетініміз анық. Сондықтан қазына қаржысын тиімді пайдалану үшін осындай амал жасап отырмыз. Көшелерді жөндеу бойынша келер жылы 27 нысан жөнделсе, қалғаны 2023 жылдың еншісіне қалып отыр, – деді А.Есеналиев.
Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аула алаңшаларын абаттандыру жүйесі бойынша да үш жылда қыруар тірлік атқарылмақ. Осы уақыт аралығында 241 ауланы абаттандыру жоспарланыпты. Одан өзге біріктірілген футбол және баскетбол алаңдарынан тұратын спорттық аулалар да салынбақ. Қарапайым бір ауланы абаттандыру 20 871 175 теңгені құраса, спорттық алаңдары бар ауланы абаттандыруға 28 845 681 теңге жұмсалады екен. Биыл аталған аулаларды абаттандыруға 293 334 900 теңге бөлінсе, жалпы 3 жылдық абаттандыруға жұмсалатын қаржы
3 419 133 060 теңге болып отыр екен. Осы жұмыстар бойынша жасалған сметалық құжаттамада әрбір аулаға, үйге кіретін жолдар қарастырылған көрінеді.
– Түнгі жарықпен қамтамасыз ететін нысан саны – 207. Осы жылға жоспарланған нысан саны 13 болса, оның құны 201 600 000 теңгені құрап отыр. Алдағы жылы жарық­тан­ды­ры­ла­тын 97 нысанның құны – 689 258 708
теңге. Жоспар бойынша 2023 жылы да 566 428 000 теңгеге 97 нысан жарықтандырылады. Сондай-ақ 3 жыл ішінде қала аумағында ұзындығы 34,674 шақырым, құны 2 миллиард 518 миллион теңге болатын кәріз құбыры мен ұзындығы 172,367 шақырым, құны 10 миллиард 776 миллион теңгеге татитын су құбырын жүргізу көзделіп отыр, – дейді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.
Шаһарымыздың көшелерінің лоток жүйелерін қалыпқа келтіру жұмыстары да үш жыл бойы жүргізіледі. Биыл Абай даңғылы және Балуан Шолақ, Байзақ батыр, Ташкент, Лұқманов, Ақылбеков, Түрксіб, Прманов көшелерінің лоток жүйелерін ішінара ауыстыру арқылы орналастыру жұмыстарына 224 459 992 теңге бөлініпті. Келер жылы Тараз қаласындағы Төле би даңғылы және Қазыбек би, Қонаев, Желтоқсан, Комратов, Қойгелді, Әйтиев, Бейбітшілік, Бектұрғанов көшелерінің лоток жүйелерін ішінара ауыстыру арқылы орналастыру жұмыстарына 364 254 437 теңге қарастырылған.
Ал 2023 жылы құны 538 558 305 теңгеге әл-Фараби, Сейфуллин, Қ.Тұрысов, Рысқұлов, Рысбек батыр, Ұлбике ақын, Достоевский, Ниетқалиев, Шестокович және Достоевский көшесі бұрылыстарының лоток жүйелерін қалпына келтіру көзделіпті. Сондай-ақ Тараз қаласының ирригациялық жүйесінің сын көтермейтіні көптен бері сөз болып жүргені белгілі. Бұл мәселе де алдағы үш жылда өз шешімін табатын болды. Бұл бойынша 262 286 713 теңгеге 4 бірдей жоба жүзеге асырылмақшы. Атап айтқанда, Қарасу-2,Төрегелді, Ұшбұлақ каналы тазартылып, қаланың кейбір көшелерінде науалық желілер мен арналарға арналған тарату шлюздері орнатылатын болады. Келер жылы және 2023 жылы осындай жұмыстар жүргізу үшін екі-екіден төрт жобаны жүргізу қолға алынып отыр екен. Ол жобаларға Қапал, Қарасу-1, Төрегелді, Сеңкібай каналын тазалау енгізілген.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.