Елден хабар

Құлпырған Қордай

Written by Aray2005

Болатбек БАЙТӨЛЕ,
Қордай ауданының әкімі

Облыстың географиялық картасына көз салсақ, Қордай ауданы Әулиеатаның шығыс шалғайында шеткерірек жатыр. Тараз қаласынан қашықтау орналасып, орталықтағы жұртқа тұрмысы тұйықтау көрінгенімен, Қордай Алматы облысы мен төмендегі көрші Қырғыз елімен тіршілігі біте қайнасқан өңір. Экономикалық әлеуеті зор ауданның бүтін бір елдің астанасы Бішкек қаласы мен өзіміздің бұрынғы елордамыз Алматының дәл ортасында орналасуы мұндағы тұрғындардың тыныс-тіршілігін жандандырып-ақ тұр. Өйткені бүгінгі нарықтық қатынасқа негізделген күнкөріс пен кәсіпкерлік үшін ең басты қажетті нәрсе – сауда нарығы. Демек, өндірген өніміңді өзгеге өткере алмасаң, тірлігіңнің бәрі бос әурешілік болып қала бермек. Бұл ретте аудан тауар өндірушілерінің мүмкіндігі өте зор.

Әрине, экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, аудан өзге де салалар бойынша қатардан қалмай келеді. Облыстағы халқы ең көп аудандардың бірі болғандықтан, мұнда әлеуметтік салада да атқарылар жұмыс көп. Соңғы жылдары балабақша мәселесі де мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жолға қойылып, жүйесін тауып келеді. Өнер мен білімде де қордайлықтар жеткен жетістік аз емес.
Қысқасы, осы мақалада Қордай ауданының 2019 жылғы 8 айдың қорытындысы және 9 айдың болжамдық әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына кеңірек тоқталмақпыз.
Негізінен, тыныс-тіршілігі агроөнеркәсіптек кешенмен тығыз байланысқанымен, аудан өзге де өнеркәсіп түрлерін игеруде кенде қалып жатқан жоқ. Десек те аудан бойынша биылғы жылдың 8 айында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 9179,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 98 пайызды құрады. Өнім көлемінің азаюы «Ақтас» ЖШС-ның 208,4 миллион теңгеге 1,1 мың текше метр тасшағал мен 139 мың тонна әктас және «Централ Азия Голд Продакшн» ЖШС-ның 652,6 миллион теңгеге 55,1 алтын мен күміс өндірісінің төмендеуімен байланысты болып отыр.
Ал ағымды жылдың 9 айында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 10345,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 90,4 пайызды құрайды деп күтілуде. Облыс әкімі және аудан әкімі арасындағы келісімдегі бекітілген индикатор 10075,0 миллион теңгеге жоспарланып, 103 пайызға орындауды болжап отырмыз.
Ауданда ауыл шаруашылығының даму деңгейі жаман емес. Бұл өңір табиғатының қолайлылығына және суармалы жерлерді шаруалардың тиімді пайдалана алуымен тығыз байланысты болса керек.
Биылғы 8 айда ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 21927,5 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 107,8 пайызды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі – 9153,1 миллион теңге немесе нақты көлем индексі 103,6 пайыз, мал шаруашылығы өнімі – 12774,3 миллион теңге, нақты көлем индексі 110,8 пайызды құрады.
Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істей бермекпіз. Нақты айтсақ, ағымдағы жылдың
9 айында ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі болжамға сәйкес 32367,7 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 105,5 пайызды құрамақ. Жамбыл облысы әкімі мен аудан әкімі арасындағы бекітілген межеге сәйкес индикатор 100,6 пайызға орындалады.
Облыс басқармалары мен аудан әкімі арасындағы келісімдегі «қозы етін экспорттау» индикаторы 150 тоннаға жоспарланып, нақты 126,4 тонна экспортталды. Алайда бұл цифрлар ежелден келе жатқан атакәсібіміздің ауданда ақсап тұрғанын көрсетпесе керек. Жоспардың орындалмауының да өзіндік нақты себебі бар. Атап айтсақ, ет өңдейтін зауыттарға ет өткізу кәсіпкерлер үшін тиімді болмай тұр. Өйткені еттің нарықтық құны ет өңдеу зауыттарына қарағанда жоғары. Сондықтан қозысының етін қымбатқа сатқысы келетін кәсіпкердің қай нарықты таңдаса да еркі біледі.
Соңғы жылдары елімізде тіршілігі қыз-қыз қайнап, қарбаласқа толған саланың бірі – құрылыс. Олай дейтініміз, бұл салаға мемлекет жыл өткен сайын көп көңіл бөліп келеді. Соның ішінде Қордай ауданында да бір кездері құрылыстың көркі қыза түскен. Бірақ биылға өткен 8 айда құрылыс жұмыстарының көлемі небәрі 5055,6 миллион теңгеге немесе нақты көлем индексі 43,1 пайызға ғана орындалғаны жұмыстың жүрмегенінен емес. Оның басты себебі сол, 2018 жылы бюджет есебінен жалпы 10222,0 миллиард теңгеге ірі құрылыс жұмыстарының аяқталуы, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысы – 6 096,1 миллион теңге, Шу – Отар теміржол құрылысы 4 125,9 миллион теңгені құрады. Ал биыл мұндай ірі жобалардың жоқтығы жоспардың орындалмауына әсер етті. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінің 83,5 пайызы өз қаражаты есебінен орындалып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 57 пайызға ұлғайып отыр.
Бекітілген межеге тоқтала кететін болсақ, ағымды жылдың ІІІ тоқсанында құрылыс жұмыстарының көлемі 5 500 миллион теңгеге жоспарланып, жоспардың 112 пайызға артық орындалуы болжануда.
Есесіне пайдалануға берілген тұрғын үйлер 25,2 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 105,4 пайызды құрады. 9 айлықтың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлер 26,85 мың шаршы метрді құрамақ немесе нақты көлем индексі 104 пайызға орындалуы күтілуде. Бекітілген межедегі индикатор 104 пайызға орындалады.
Аудан экономикасына өзіндік үлес қосып, даму көрсеткіштері көңіл көншітіп тұрған салалар қатарында бөлшек сауданың да алар орны ерек. Бұл реттегі алға жылжулар халықтың тұрмыс сапасының жақсарып келе жатқанынан да хабар береді. Айталық, бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 15461,6 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 112,8 пайызды құрады. 9 айлық межеде бөлшек сауда тауар айналымының нақты көлем индексі болжам бойынша 107 пайызды құрап, бекітілген межедегі индикатор 101,8 пайызға орындалады деп күтілуде. Көтерме сауда айналымында да ауыз толтырып айтарлық нәтиже бар. Саудагерлер бұл бағыттағы тауар айналымның көлемін 10428,3 миллион теңгеге жеткізіп, жоспарды артығымен орындап отыр. Нақты көлем индексі – 113,9 пайыз.
Осы жылдың 9 айлық қорытындысында көтерме сауда тауар айналымының көлемін жоспарланғаннан артық орындап, 10 600 миллион теңгемен түйіндеп, нақты көлем индексін 110 пайызға жеткізсек деген мақсат-мұрат бар.
Аудан бойынша ағымды жылдың 8 айында ресми түрде жұмыссыздар есебінде 1 035 адам тіркелген. Бұл басқа аудандармен салыстырғанда көп болуы мүмкін. Бірақ Қордай Жамбыл облысындағы халқы ең көп аудан. Сондықтан мұндағы әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысы тығыз. Бекітілген межеге сәйкес жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген адамдардың ішінен жұмысқа орналасқандарының үлесі 65 пайызға жоспарланғанымен, тиянақты еңбектің арқасында 87 пайызға орындалуда. Қысқасы, жұмыспен қамту орталығына қайырылған
2 342 азаматтың 2 021-ін жұмысқа орналастыру болжанып отыр.
2019 жылдың 1 қыркүйегіне атаулы әлеуметтік көмекпен аудан бойынша 2 756 отбасы немесе 15 104 адамға 899,0 миллион теңгеге жәрдемақы төленді. 2019 жылғы
1 қыркүйекке еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушылар үлесі 32,4 пайызды құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы қатарынан шартты ақшалай көмекпен қамтылған 13 943 азаматтың 2 646-сы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.
Межеленген 6 индикатордың барлығы орындалуда.
Мемлекеттік бюджетке түсетін салықтық және басқа да міндетті төлемдер бойынша жалпы салық түсімі 4131,9 миллион теңге болады деп жоспарлап едік, нақтысы ойымыздағыдан асып түсті – 4820,4 миллион теңге. Біз күткен жоспар 116,7 пайыз шамасында болып, 688,5 миллион теңге артық орындалғанын көрсетеді. 2018 жылмен салыстырғанда түсімдер 251,9 миллион теңгеге артық немесе өсім қарқыны 105,5 пайызды құрады.
Жалпы, бюджетке түсетін кіріс қаражаттары жұмыс жүрген жерде арта түсетіні белгілі. Бұл ретте 2019 жылға аудандық бюджеттің бекітілген өзіндік кірістерінің жоспары
2 255 173 мың теңге төңірегінде түйінделген, бірақ жыл басынан бекітілген жоспардан 41 500 мың теңгеге ұлғайып, 2 296 673,0 мың теңгені құрады.
Аудандық бюджеттің бекітілген шығыс бөлігі 16 613 168 мың теңге болса, нақтыланған бюджетімен салыстырғанда 4 341 527 мың теңгеге ұлғайып, 20 954 695 мың теңгені құрап отыр.
Аудан бюджетінің шығыс бөлігі жоспардағы 13029,3 миллион теңгенің 12941,0 миллион теңгесі немесе 99,2 пайызға игерілді. Бекітілген межедегі индикатор 98 пайызға жоспарланып, нақты орындалуы 1,2 пайызға артты.
Ауылдық округтер бюджетінің шығыс бөлігі жоспардағы 1608,6 миллион теңгенің 1593,8 миллион теңгесі немесе 99,1 пайызға игерілді.
Сондай-ақ білім саласында да жетістіктер баршылық. Осыдан екі-үш жыл бұрын мектепке дейінгі білім беру жүйесі бойынша балабақшаларда орын жетіспеу мәселесі бар еді. Ал қазір аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 1-6 жас аралығында – 92 пайыз, 3-6 жас аралығында 100 пайызды құрап отыр. Бұл соңғы жылдардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ауданда балабақшалар ашу ісінің жүйелі жүргізілгендігінің және «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру» бағдарламасы желісінде 2019 жылы 525 орынға 6 жекеменшік балабақша мен қосымша топтар ашылғандығының арқасында қол жеткен жетістік.
Аудандағы 3 мектепке жалпы 392,6 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мәдениет саласында да жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Аудан бойынша 1,5 миллион теңгеге 8 коворкинг және 8,3 миллион теңгеге цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылды.
Дене шынықтыру және спорт саласында да келісімдерде 4 индикатор жоспарланып, барлығы орындалуда.
Жалпы ауданда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында денсаулық сақтау саласы бойынша 8 нысанның құрылысы аяқталуда.
Бекітілген межеге сәйкес орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету индикаторы 70,7 пайызға жоспарланып, орындалды. Яғни ағымды жылы Әлжан ана ауылында су жүйесінің құрылысы аяқталды, нәтижесінде индикатор былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға ұлғайып, 29 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылды.
Қордай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мәселесін кезең-кезеңмен шешу болжамданып, бүгінде І кезең бойынша Отар аумағындағы елді мекендерді газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 28,5 миллион теңге бөлінді.

ПІКІР