«Құлтемір» құрастырудың шеберлері

0 8

«Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ», – деп хакім Абай бекер айтпаса керек. Тараз қаласындағы Қаратай Тұрысов атындағы мектеп-гимназияның оқушылары робототехника үйірмесінде шығармашылықтарын дамытып, шеберліктерін шыңдап, небәрі бірер жылда республикалық «KazRobotics» байқауының жеңімпазы атанып үлгерген. Облыстық мектепаралық байқауларда да алдына жан салмаған білім ордасының оқушылары карантиндік шектеулер аяқталғаннан кейін талай жеңісті бағындырамыз деп отыр.

Түсінгенге робот баланың ойыншығы ғана емес, сонымен қатар қазіргі техниканың дамыған заманында адамзаттың ең сенімді көмекшілерінің бірі. Жалпы робот сөзінің өзі чех тілінде robot, robota – «еріксіз еңбек», «жұмысқа шебер» деген ұғымды білдіреді. Ол адамның басқаруымен түрлі әрекеттерді жасайтын машина. Қазіргі таңда робототехника саласы жарық жылдамдығымен даму үстінде. Дамыған елдердің күнделікті тұрмысынан бастап, ірі зауыт, өндіріс орындарында роботтардың күші пайдаланылатыны бесенеден белгілі. Бүгінгі заманның талабы да осыған саяды. Қазіргі жастардың роботтарға қызығушылығы да зор. Оларды құрастыруға, басқаруға, ойлап табуға деген ынтасы жоғары. Оған дәлел ретінде облыс орталығындағы Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияның оқушыларын айтуға болады. Білім ошағында 2018 жылы ашылған робототехника шеберханасы бұл күнде оқушылардың сүйікті үйірмесіне айналған.
– Мектепішілік робототехника үйірмесі 7-сыныптан бастап жүреді. Әр сынып аптасына 1 мәрте үйірмеге қатысады. 2018 жылы робототехника шеберханасы ашылғанда оқытушы ретінде арнайы курстан өтіп, сертификат алған болатынбыз. Бізде бұрынғы жансыз «LEGO» құрастырғыш бөлшектері емес, мұндағы роботтар қозғалады. Алғашқы 7-сыныптар үшін «EV3» модулі үйретіледі. Онда қарапайым роботтарды қозғалысқа келтіру бағдарламалары оқытылады. Ал одан жоғары сыныптар үшін күрделірек «Arduino» модулі бойынша жұмыс жасалады. Оған қоса оқушылардың өзіндік идеяларын жүзеге асыруға, қалаған роботтарын құрастырып шығуға атсалысамыз. Оқу барысында олар дайын роботты зерделеп, соған қарап отырып жаңа робот түрлерін ойлап табады. Бұл үйірме іс жүзінде физика пәніне деген оқушылардың қызығушылығын арттырады. Шығармашылықтарын шыңдайды. Жетістіктеріміз де жоқ емес. Қалалық, облыстық байқауларда топ жарып келеміз. Респуликалық додаларда да жетістігіміз бар. Қазіргі уақытта карантиндік жағдайларға байланысты көптеген жарыстарға қатыса алмай отырмыз. Робототехниканы қашықтан оқыту қиынға соғады. Өйткені мұнда көбіне теория емес, тәжірибеге басымдық беріледі, – дейді аталған мектеп-гимназияның физика пәні мұғалімі Шохан Қандашбек.
ИФМ, яғни информатика, физика және математика пәндері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Гүлнұр Мамыралиева да оқытушылар мен оқушыларды бір білімнің арнасына тоғыстырған үйірменің тиімділігі мол екенін айтуда.
– Қазіргі таңда сыныптастарымның көретін кинолары да, кейіпкерлері де роботтармен тығыз байланысты. Әсіресе «Трансформер» киносы жастар тұрмақ, үлкендердің өзін қызықтырған болатын. Мектептегі оқу барысында біз өзіміз құрастырған роботтарға бағдарламалар орнатып, оларды қозғалтамыз. Роботаралық спорттық ойындар ұйымдастырамыз. Біз үшін бұл өте қызық. Білмегенімізді ұстаздардан сұрап, үйренеміз. Алдағы уақытта мүмкіндігі мол, қоғамға пайдалы робот ойлап тапсам деймін,– дейді мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Нұрасыл Серік.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.