"Шамшырақ"

Құлтемір жұмсайтын күн жақын

Written by Aray2005

немесе мектептегі робототехника пәніне оқушылардың қызығушылығы артып келеді

Көз ілеспес жылдамдықпен дамып, күн сайын ғылыми жаңалықтар ашылып жатқан бүгінгі заманда адамның қабілеті жетпейтін жұмысты түрлі құлтемірлер табысты жүзеге асыруда. Оған робототехника саласын мығым меңгерген елдердің тәжірибесі арқылы анық көз жетіп отыр. Демек, заман көшінен қалмас үшін біздің елге де аталған саланы мейлінше ертерек игеру қажет.

Бұл ретте оқушыларға XXI ғасырдың жаңа технологиялық жетістіктерімен танысуға, IT-технологияларды тез меңгеруге мүмкіндік беріп отырған робототехника пәнінің маңызы зор. Құлтемір құрастыруға, оны түрлі әрекеттерді орындауға машықтайтын бағдарламалар жазуға баулитын бұл пән күрделі әрі өте қызықты. Осы себепті әсіресе ауылдық мектептерде робототехника үйірмесіне қатысатын жастардың саны артып келеді.
Аталмыш пән «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында білім және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мектептің оқыту үдерісіне енгізілген болатын. Ондағы мақсат – ел экономикасының түрлі салалар бойынша дамуына кепіл болатын білікті мамандарды мектеп партасынан дайындау.
Үйірмеге келген оқушылардың көбі теледидардан көрген роботтарын құрастыруды армандайтыны жасырын емес. Сабақ барысында бұл қызығушылық біліммен ұштастырылып, робототехниканың теориясы мен тәжірибелік қырлары үйретіледі. Осылайша бұл пән олардың ойлау жүйесін дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге, сондай-ақ математика, физика, информатика, технология, инженерлік негіздерін білуге ықпал етеді. Сондай-ақ үйірмеде роботтардың түрлері таныстырылып, олардың маңыздылығы түсіндіріледі.
Осыған орай біздің мектепте де робототехника саласын енгізу бойынша әлеуметтік жоба жүргізілмек. Бұл мақсатта мұғалімдерді оқыту жұмыстары қолға алынуда. Нәтижесінде Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегідей үйірмені информатика пәнінің мұғалімдері жүргізетін болады.
Робототехника өмірдің барлық саласында қолданылады. Ол өздігінен ашылып-жабылатын есіктерден бастап, нанотехнологиялық зерттеулерге дейін пайдаланылады. Қазіргі уақытта мұндай «ақылды» машиналар ғылымы дамыған шетелдерде құрастырылуда. Болашақта өзгенің өніміне телмірмес үшін біздің еліміз де бұл саланы мықтап меңгеруі қажет. Ал мектептегі үйірме – бәсекеге қабілетті ғылымның бастауы болмақ.

Сәбит ТӨЛЕНДІ,
Ақкөл орта мектебі директорының
инновациялық және ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары,
Талас ауданы

ПІКІР