Қоғам

Құлтемірдің алдында құрдай жорғалайтын күн жақын ба?

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты бағдарлы Жолдауында биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны жігерімізге жан бітіргендей. Ал таяуда салтанатты сәттің жылашарында Елбасы әлемде 18 бен 30 жас аралығындағы 300 миллионға жуық азаматтың жұмыссыз екенін айта келе, 2050 жылға қарай жұмыс күші жасанды интеллектпен алмасып, сатушы, жүргізуші секілді мамандықтар қоғам сахнасынан алыстайтынын жеткізді. Расында, дәуірлер алмасып, замана жалғасқан бүгінгідей алмағайып кезеңде минут сайын бұрын-соңды ел естімеген мамандықтар пайда болып, іс жүргізуде. Заманы ғарыш болса, зымыранша заулаған елімізді де бұл жағдай айналып өтпесі анық. Ендеше ентелеп келген ертеңгі күні еншімізде қандай мамандық қалмақ һәм қай іспен қош айтысамыз?

Ғалымдардың болжамы бойынша, әлемде 2030 жылға таман бүгінгі қолданыстағы 57 мамандық түбірімен жойылып, 186 жаңа мамандық дүниеге келеді екен. Яғни сарапшы мамандардың зерделеуінің нәтижесінде 2020 жылы әлемдегі интеллект пен роботты техниканың дамуы нәтижесінде 2 миллион жаңа жұмыс орны ашылып, бірақ технологиялық жетістіктердің дәл осы мерзімде 7 миллионнан астам жұмыс орнын қысқартуға алып келетіндігі анықталып отыр. Бұл дегеніміз дәл бүгін мектеп қабырғасында қара танып, қанаты қатайып жүрген оқушылардың 60 пайыздан астамы таяу келешекте аты да, заты да белгісіз мамандықтар бойынша еңбек етеді деген сөз.
Нақты айтқанда бүгінде үлкен технологиялық өзгерістер кезеңінің табалдырығында тұрмыз. Бірақ, экономиканың жілігін шағып, майын ішкен майталман ғалымдар да алдағы болашақта қай мамандықтың дәурені дәуірлейтінін дөп басып айтып жатқан жоқ. Дегенмен инновациялық технологиялық бағыттағы мамандықтардың бой көрсетеріне болжамдар жасалуда. Сарапшылар «цифрлы дәуір» орын алғанда болашақта ірі компанияларда жұмыс істейтіндердің үштен бірін фрилансерлер (әртүрлі жұмыс берушілердің тапсырыстарын бір мезгілде орындайтын еркін маман) құрайтын болады деп болжауда. Олар краудсорсингтер (бір тапсырманы орындауға жұмылған топ) арқылы белгілі бір компанияға ресми түрде жұмысқа орналаспай-ақ тапсырылған жұмысты атқарып бермек. Сонымен бірге, болашақта кеңсе қызметкерлеріне деген сұраныс күрт төмендейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемдегі таяу болашақта қысқаратын 7 миллионнан астам жұмыс орнының үштен бірі осы кеңсе қызметкерлері болмақ.
Негізінен, креативті технологиялар заманында кеңсеге деген қажеттілік те барған сайын азая бермек. Ал роботтармен бәсекелес болып, өзінің тауып отырған нәпақасын қорғап қалу үшін адамзат баласына жан-жақты білімді, икемді, тәжірибелі болуы шарт екені айтпасақ та түсінікті. Ал қоғамдағы қайнаған тіршілік құлтемірдің қолында болса, қазіргі таңда білім алып, маман болуды мақсат еткен мыңдаған жастың тағдыры не болмақ? Мәселен қазір еліміздегі жоғары оқу орындарында 200-ден астам мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер бар. Бірақ, бұл мамандықтардың басым көпшілігіне бүгіннің өзінде сұраныс саусақпен санарлықтай-ақ. 130-дан астам отандық жоғары оқу орындары жылда 330 мыңнан астам бакалавр дайындайтын көрінеді. Олардың отыз пайызға жуығы экономика мамандығы бойынша білім алғандар. Ал еңбек нарығында экономикалық мамандықтарда жұмыс жасайтындардың жалпы саны 13 пайыздан аспайды екен. Сонда диплом алу үшін 4-5 жыл сенделудің қажеті қанша? Білім беру жүйесі де бизнеске айналған бүгінгідей нарық заманында болашаққа қажетсіз сала мамандарының санын көбейтуден не табамыз? Сондықтан бұл бағытта үлкен бетбұрыстың ауадай қажеті де сезілуде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Роботтар жұмыс істей бастайды. Қазір ғылым генді инженерия мен биология саласын дамыту үшін жұмыс істеуде. Әзірге барлық компьютерлер адам миын алмастыра алмайды. Бірақ жасанды интеллект бар. Барлық қиын жұмысты компьютерлер мен роботтар атқарады. Біздің мамандық туралы барлық түсініктеріміз өзгереді. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та жұмыс орындары қысқара бастайды», деген еді. Бүгінде Оксфорд ғалымдары алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың 47 пайызы жойылып, қазір мектепте оқып жатқандардың 65 пайызы болашақта енді пайда болатын мамандық иелері атанатынын дәлелдеуде. Тіпті әйгілі Forbes, Popular Science басылымдары болашақта пайда болуы мүмкін 162 мамандық тізімін жасады. Онда біздің ойымызға кіріп те шықпаған робоэтика бойынша адвокат, қоршаған ортаны қалпына келтіру менеджері, криптовалюта банкирі, IT-генетик, интеллектуалды жекеменшікті бағалау, нейропсихолог, медициналық роботтехник, виртуалды өмір архитекторы секілді мамандықтар бар. Әрине, әзірге бұл мамандықтардың Қазақстанда қашан пайда болуы мүмкін екенін дөп басып айту қиын. Бір анығы, болашақта біз ескі мамандықтардың жоғалғанына да, жаңа жұмыс орындарының ашылғанына да куә боламыз. Бірақ еліміздегі Білім және ғылым министрлігі 2009 жылдан бастап Қазақстанда 89 мамандық жаңадан ашылғанын жеткізгені белгілі. Оның ішінде бакалавриатта – 15, магистратурада – 13, резидентурада – 50, докторантурада – 11 мамандық пайда болған. Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, беделді жоғары оқу орнын бітіру әрдайым маңызды бола бермейді. Осы орайда Президент: «Ең бастысы – еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың 50 пайызына сұраныс болмайды. Сондықтан, уақыт талабына сай болу керек», деген болатын. Бұл мәселе тікелей өскелең ұрпақтың тағдырына қатысты болғандықтан «Жастар жылы» қарсаңында еліміздің, өңіріміздің жастарын да алаңдатып отыр. Бұл тұрғыда «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Уәлихан Болатбектің өз айтары бар.
– Жасыратыны жоқ, біздің облыста әлі күнге дейін І санатты сапалы мұғалімдер жетіспейді. Ал орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер мүлдем тапшы. Математика, физика, химия пәнінің ұстаздары әсіресе ауылдық жерлерде саусақпен санарлықтай. Ал мемлекеттік тапсырыспен оқып жатқан ертеңгі жас мамандар бұл мәселені түбегейлі шеше алмайды. Бұдан бөлек, қазіргі таңда дүние жүзі бойынша, оның ішінде елімізде, аймағымызда да психологтардың керектігі қатты білініп жатыр. Себебі өткен жылдың өзінде өңірдегі мектеп оқушылары арасында 16 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Ал оған қоса, еліміз үшін маманға мұқтаж ең маңызды салалардың бірі халықаралық қарым-қатынас пен туризм деп ойлаймын. Ол облысымыздың, еліміздің даму потенциалын көтеруге ықпал етпек. Тағы байқап жүргеніміздей, өңірге алдағы уақытта менеджмент пен дизайн саласының мамандары керек. Себебі біздегі қарапайым зауыттардың, өндірістердің өнімдерінің сатылуы немесе сатылымға шығарылуы өте төмен деңгейде. Керемет дүниелер бар, бірақ жарнамасы аз, менеджменті нөлдік көрсеткіште. Сондықтан өндіріс орындарына сол саланың білгір мамандары қажет, – дейді У.Болатбек.

Міне, көріп отырғанымыздай бұл жайт та бүгінгі күннің күн тәртібінде тұрған күрделі мәселенің бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет. Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс» деп тайға таңба басқандай түсінікті тілмен талап қойғаны белгілі. Сондықтан, мамандық таңдауда болашақты бағдарлау артықтық етпес, керісінше абзал болатынын ұмытпайық. Өйткені «екі қолға бір күрек» емес, екі күрекке бір қол жарайтын заман жарық жылдамдығымен жақындап келеді.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР