"Заң және біз"

Құмар ойынға қаракөздеріміз де құмартуда

Written by Aray2005

Қазір кейбір жастардың басы бүтін байланған букмекерлік ойындардың дәуірі жүріп-ақ тұр. Тараз қаласында қаптаған букмекерлік орталыққа бас сұғатындардың дені кәмелет жасқа толмағандар. Ақшаны оңай жолмен табуды көздеген ойынқұмарларды тәуелділіктен қалай арылтамыз? Зияны казинодан кем емес кеңсе жайлы шындығында біз не білеміз?

Бүгінде бәске тиыннан бөлек, бар мал-мүлкіңді қабылдай беретін ойынханаға өз еселерін жіберіп қойған ер адамдардан бөлек, бұрымдыларымыз да жетіп-артылады екен.
Жуырда облыс орталығындағы «Олимп» букмекерлік кеңселерінің біріне кіріп, Айдын Сағатбекова есімді бойжеткенмен тілдестік. Оның құмар ойынның «құлы» болып келе жатқанына
3 жылдың жүзі болыпты. Бастапқыда таныстарына еріп, тек қызық үшін ойнадым деген ол қазір букмекерлік кеңсенің табалдырығын тоздырып жүр. Отбасы мен достарынан да алшақтап кеткен. Әңгімеге тартып көріп едік, оның жұлдызы жанып ұтысқа кенелетінінен әлі үміті бар болып шықты. Ал ең іш қынжылатыны, қаршадай қыз бәске тігу үшін ақшаны «оқуыма қажет» деп ата-анасынан алады екен. Таусылғанда қарызға да кіреді. Осылайша қазір Айдынның букмекерлік кеңселерге берешегі белшесінен болып тұр.
Осы ретте қоғамға кесел болып жабысқан бұл ойынханалардың тамырына неге балта шабылмай отыр деген ой келеді. Мәселен, шет мемлекеттердің букмекерлерден келер кесірге көздері жетіп, құмар ойынмен күресті күшейткен. Ал елімізде бұл ойын түрі ашықтан-ашық жүргізілуде.
Құмар ойынына тәуелділік қалай пайда болатынын психолог маманнан сұраған едік.
– Букмекерлік кеңсеге басын бір сұққан адам қанша ұтысқа ие болса да құмарлықтан арыла алмайды. Көп жағдайда жастар оңай пайданы ойлап, осы ойын түрлеріне барып жатады. Алайда оның бәрі алдамшы дүние. Бүгін ұтқаныңмен, ертең еселеп ұтыласыз. Құмарпаздар оны бірақ байқамайды, байқаса да мойындағысы келмейді, – дейді психолог Альбина Құрманқызы.
Иә, қазір құмар ойындардың дерті дендеп тұрғаны рас. Бұрнағы кезі ерлер бас сұғатын букмекерлік кеңселерге енді бойжеткендердің де құмартып жатқаны алаңдатпай қоймайды. Демек, бұл індет тамырын тереңге жайды деген сөз. Енді бұнымен қалай күреспек керек?

Гүлзат БЕКБОЛАТ,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың студенті

ПІКІР