Сұхбат

Құмжоталықтар бірлесіп спорт кешенін салып жатыр

Written by Aray2005

Ауыл – алтын бесігің. Ал қара шаңырақта бүгінде талай талантты спортшылар өсіп келе жатқаны белгілі. Күні кешегі толағайларымыз да ауылдан түлеп ұшты. Бұдан бөлек, ауыл жастарының ауызбіршілігі мен жарқын істері де көпке үлгі болуда. Сондай жалынды жас спортшының бірі – Әділет Әбдібековпен жуырда сұхбаттасқан едік.

– Әділет әңгімеміздің әлқиссасын туған өлке, өскен орта, спортқа қалай келгеніңнен бастасақ…
– 1995 жылы Байзақ ауданы, Құмжота ауылында дүниеге келдім. Жастайымнан спортқа құмар болып өсіп, оның ішінде футболға ерекше жақын едім. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әділ Қазбековтің ықпалымен біраз додаларға түсіп, шыңдалдық. Соның арқасында республикалық және облыстық командаларда да өнер көрсету бағы бұйырды.
– Естуімізше ауыл азаматтарымен бірігіп елді мекеннен спорт кешенін салуды бастапсыздар…
– Иә, тұрғындар жиналып бір спорт кешенін салуды ойлап, оған әсіресе ауыл жастары айрықша қолдау білдірді. Ауыл орталығында ертеде болған клуб орнында қалған жер учаскесін қалпына келтіріп, қазір қызу жұмыстар басталып кетті. Бұдан бөлек, ауыл жастары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көше мен канал аттарын қазақшалау бағытында ауқымды істер атқаруда. Сонымен қатар «Құмжота – құт мекені!» атты WhatsApp-тан топ ашып, ауыл әкімімен бірлесе ұсақ-түйек мәселелерді шешуге өзіндік үнімізді қосудамыз.
– Байқауымызша ауыл әкімі іскер азамат сияқты?
– Иә, ауыл әкімі Ерік Елубайұлының іскерлігімен қатар, шешендік, ұйымдастырушылық қабілеті орасан. Біз Құмжота Бурыл округіне қарағанымен өзімізше «егемен» ауылмыз. Қаланың түбінде, судың басында, құнарлы жерде отырған біздің Құмжота расында құт мекен. Міне, осы ауылды көркейтуде ауыл әкімі аянып қалып жатқан жоқ.
– Ауыл жастарының тағы қандай жобалары бар?
– Ауылда Ғабит Құрманқұлов, Алихан Молдасан бастаған жастар қай істе де көпке үлгі болуда. Сонымен қатар ауыл жастары көкпар ойынынан да алдына қара салмайды. Бұйыртса, спорт кешенінің құрылысы аяқталғаннан кейін «Ауыл Барысы» турнирін ұйымдастырып, ақындар айтысын өткізу де жоспарымыз да бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мақсат Бегілдаев

ПІКІР