Құндылығымызды қоқысқа тастамайық!

0 1

Қазақ халқында «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» деген жақсы сөз бар. Әттең, бүгінде сол төрден орын алып, төреге бас идірген бесіктің қадірі қашып барады. Тіпті, кейбір қадірсіздердің қасиетті дүниені қоқысқа тастағанының да куәсі болып жүрміз.

Жақында ғана Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданындағы қоқыс тастайтын орынға таяу жердегі ағаштың бұтағына ілінген бесікті көзіміз шалды. Құнды дүниенің қажетсіз болып қалғанын ұғындық. Ал келесі күні «Ақбұлақ» ықшамауданындағы қоқыс жәшіктерінің қатарындағы пластик бөтелкелерге арнап қойылған торлы жәшіктің үстіне қойылған тағы бір бесікті көрдік. Екі күн қатарынан бір қалада лақтырылған бесікті көріп, қоғам ортасында ой қозғамасқа амалымыз қалмады.
«Бесік – ұшар ұяң» деп ерекше құрметтеген бабалардан қалған асыл бұйымның бұлайша құнсыздануына не себеп деп ойлайсыз, оқырман? Ата-әжелерімізден қалған, ізгілікті көздеген салт-дәстүрлерімізді бәсекелестікке ұластырып жібергеніміздің кесірі емес пе екен?..
Олай дейтініміз, күйеуге шыққан қыздың тұңғыш сәбиі дүниеге келгенде бесік апаратын салт кейінгі кездері бәсекелестіктің салдарынан тым жаңғырып кеткені соншалық, кейбір кісілер несие алып атқаратын деңгейге дейін жетті. Бұған дейін несие алып, той жасағанды сынға алушы едік. Соңғы уақыттары несиеге бесік апаратындардың да қатары артты. Өйтпегенде ше, ортасына лайық әрекет еткісі келеді. Бұрынғы әжелеріміз нәрестеге қажетті бесігі мен бір қатар киімін ғана апарса, кейінгілер арба, жолға шыққанда иыққа асып жүретін сөмкесімен, тағы басқа жабдықтарымен және велосипеді, бір дорба әр түрлі ойыншықтарымен, бөлмесіне төсейтін кілемшесімен, оған қоса жылдың төрт мезгіліне арналған барлық киім-кешектерін түгел апаратын дәстүр шығарып алды. Мәселен Несібелі Жұмашқызы есімді кейуана жақында ғана кенже қызына бесік апарып, бас-аяғы 500 мың теңгеге жуық қаражат жұмсапты.
– Жаратқанның бергеніне шүкір, 7 қызым бар. Өткен жылы кенже қызымды ұзаттым. Қыздарым тетелес болғандықтан, жылда бір қызға жасау, киім-кешек, бір қызға бесік апарамын. Мұндайда жақын-жуық, ағайын-туыстың көмектесетіні бар ғой. Бірақ жыл сайын бір қыздың жасауына, екіншісінің бесігіне көмектес деп ешкімге салық сала алмаймын. Сондықтан бесіктің қасындағы қажеттілерінің бәрін өзім алып, апарып жүрмін. Жетпеген соң несие алмасқа шараң жоқ. Тек бір бесік ғана апармайсың ғой. Жаңа туған сәбидің де керек-жарағы көп. Әсіресе, биыл наурыз-сәуірдегі карантиннен кейін барлық зат қымбаттап кетті. Балалардың киімдерінің бағасы үлкендердікінен кем емес, – дейді Н.Жұмашқызы.
Алайда жаңа туған сәби соншама киімнің бәрін киіп те үлгермей жатып, өсіп кетеді емес пе? Осы орайда бекерге қыруар қаржы құртудың не қажеті бар? Дана Абайдың «Бес нәрседен қашық бол!» деп өсиеттеген бес дұшпанның бірі «бекерге мал шашпақтың» кері емес пе бұл? Соның салдарынан ұлтымыз қастерлеген, төрде тұратын бесігіміз қажетсіз бұйымға айналып, қоқыстардың ортасынан орын алып жатыр. Мұның мәнісін келесі кейіпкеріміздің сөзінен анық түсінуге болады.
– Қазір әр келіннің төркінінен тұңғыш нәрестесіне бесік келеді. Бірақ қазіргі келіндердің көбі ары кетсе 2-3 баланы дүниеге әкеледі де олар өскен соң бесігі керекті дүниелердің қатарынан шығып қалады. Және ондай санаулы балалылардың көбі қалада тұрады. Қаланың өлшеулі пәтерінде тұратындар күнделікті қолданыстан шығып қалған бұйымын қайда сақтайды? Ауылдағыдай ескі бұйымдарды жинайтын қоймасы жоқ, не көрші-қолаңмен де етене жақын араласпайды, бесік таппай жүрген көршіге бере салатын. Бұрынғыдай нәрестелі болған абысын-ажынына беру деген жоқ қазір. Міне сондықтан, қоқысқа тастайды. Ал ол бесіктің киесі ұрмай ма? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Бұрынғылар «Бесіктің киесі бар» деп төрге қойып, ашық қалдырмай, үстін жауып, бос бесікті тербетпеген. Біздің нәресте кезімізде кеңестік биліктің әсері ме, әйтеуір келіннің төркінінен бесік келмейтін. Әкемізге өзінің әкесі қолдан жасап берген бесігінде жатып, өсіп шықтық. Менің әкем үйінің тұңғышы болған. Дүниеге келгенінде әкесі бесікті өзі жасапты. Сол бесікке оның 3 інісі, 2 қарындасы да бөленді. Әкемнің 7 баласы да, екі інісінің балалары да сонда өсті. Кіші інісі қара шаңырақта қалғандықтан, әлгі бесік те сол ағамның үйінде қалды. Қазір сол үйге қонаққа барған нәрестелер жатып жүр. Әкем қазір 60-тан асты. Жаңағы бесік те осынша жыл қызмет етіп келеді. Ағаш та қартаяды екен. Аппақ қудай болып, кеуіп кеткен. Тербеткенде сықырлап «әндетіп» тұрады. Жабдықтары мен бауларын жаңартып отырады ғой. Ешбір жеріне шеге қағылмай, ағаштан ойып жасалғандықтан шығар, ешбір жері шірімеген, бүлінбеген, тек сықырлағаны болмаса. Сонда да жеңгем әлі күнге тастауға қимай, сақтап отыр, – дейді Луговой ауылының тұрғыны Өркен Ықыласұлы.
Қазіргі қоғамда баласын бесікке бөлегенді жөнсіз санайтындар да бар. Бірақ өмірден көрген өнегесін кейінгі ұрпағына өсиеттеп кеткен бабалардың «Бесік көрмеген ессіз болып есікке енеді» дегенін де естен шығармаған абзал. Бесік баланың таза, қол-аяғы түзу қалыптасып өсуіне ықпал етеді. Және әлі есін білмейтін бала күнделікті белгілі бір уақытта ұйықтап, тұруды әдетке айналдырады. Ата-әжелеріміздің нанымына сенсек, бесікке жын-шайтан жоламайтын көрінеді. Бесікті ашық қалдырмайтынының себебі де осы тазалықты сақтау үшін екен.

Міне осындай қадір-қасиетке ие, бұрынғылар ардақтап өткен асыл бұйымымызды қоқысқа тастап, киесіне ұрынбас үшін де «Бесік апару» салтын орынымен қолданғанымыз жөн. Егер қызыңыз келін болып түскен үйде басқа келіндерден келген бесігі бар болса, оның орнына өзге қажетті дүниесін ғана сыйласа да болады. Және қарыз арқалап, жаңа туған нәрестеге соншама дүние, киім-кешек апарып, ақ тер, көк тер болуда тым артық. «Судың да сұрауы бар» деген. Бұл дүниеде әрбір заттың өзіндік құны, сұрауы болатынын ұмытпайық. Бүгінгі қоғамға бізден бір ұсыныс – осы. Сіз не дейсіз, оқырман?..

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.