Құпиясы көп қыштан құйылған табыттар

0 7

Әулиеата өңірі, оның ішінде Тараз қаласы Қытай елі мен Батыс Еуропаны жалғап жатқан Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан мұнда кезінде дін таратушылардың көмегімен өлкемізде зороастризм, буддизм, манихей, христиан (несториан) және ислам діндері кең тарады. Бұл сөзімізге көне діннің бірі – зороастризмді ұстанушылар ежелгі Тараз қаласы аумағында болғанын, діннің өз дәуірінде кең етек жайғанын аңғартатын айғақтар дәлел бола алады.

Қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз қаласының тарихы» экспозициялық залында аталған дінге тән қыш табыттар қойылған арнайы бұрыш бар.
Зороастризм – әлемдегі ең ескі, адамзат тарихында өте үлкен орынға ие болған дін. Ол Иран империясының мемлекеттік діні деп танылған. Музейге келушілерді қызықтыратын бұл діннің атауы зороастризм дінінің жаратушысы Заратуштрамен байланысты. Заратуштра Иран елінде туған. Оның қай уақытта өмір сүргені туралы нақты ақпарат берілмеген, бірақ деректерге сүйенсек, ол тас дәуірінің қола дәуіріне көшу заманында өмір сүрген адам. Зороастризм дінін қолдаушылар отқа «тазартқыш күш» деп табынатын болған. Бұл дінде өлікті жерге көмуге, отқа жағуға рұқсат етпеген, арнаулы мұнараларға жерлейтін болған. 1931-1951 жылдары Тектұрмас пен Атшабардағы зерттеулер бұл орындарда арнаулы құмыралар мен «оссуарий» («астадан») деп аталатын табыттарға жерленген екі мыңға жуық бейіт болғандығын дәлелдейді. Бұл жерлеудің қай түрін алсақ та, алдымен етінен сүйегі ажыратылып, ең астына аяқ пен қол сүйектері, жамбас және басқа бөліктері қойылған. Ал үстіне бас сүйегін қоятын болған.
Бұл дін арабтар келгеннен кейін де біраз уақыт өмір сүрді, тек 893 жылы Саманид Ислам бастаған көп қол Тараз қаласын жаулап алып, қаланың орталығындағы шіркеуді мешітке айналдырған соң ислам діні берік орнығып, зороастризм дінін ұстануға біржолата қатаң тыйым салынды. Міне, тылсым сыры тереңде жатқан Тараз тарихы бізді әлі талай таңғалдыратыны анық.

Гауһар ҚЫРҚЫМБАЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы

Leave A Reply

Your email address will not be published.