Сараптама

Қураған арша қала көркін қашырады

Киелі Әулиеата өңіріне Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі Тараз тотыдай түрленуде. Саябақтардан бастап, скверлер, жолдар мен бағдаршамдар, қала көшелері мен ықшамаудандарға дейін ретке келтірілуде. Десе де, көзге шыққан сүйелдей болып, шаһардың шырайын кетіріп тұрған жайттар да жоқ емес. Соның бірі – Төле би көшесінің бойында құрғақшылықтан қурап, бас көтере алмай тұрған аршалардың аянышты күйі бүгінде жанға батады.

Аталмыш көшенің төменгі бөлігінен «Жансая» ықшамауданы маңындағы көпірге дейін жүріп өткен кез келген адам қаз-қатар тігілген аршалардың жайқалғанынан сарғайғаны басым екенін бірден байқайды. Біз 500-ге жуық көшеттердің 286-ның құр діңі қалғанына көз жеткіздік. Сонда тегін емес, теңгесіне тігілген осынау ағаштарға алаңдайтын ешкім болмағаны ма? Қыруар ақшаны желге ұшырып, жергілікті билік қайда қарап отыр? Не себепті, барды аялап, бүлінген тұсын бүтіндемеуде?

Міне, осы сауалдармен Тараз қаласы әкімдігінің есігін қағып, мән-жайды анықтап көрдік. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміз, бұл мәселеден шаһардың су жаңа басшысы Ғалымжан Әбдірайымов толықтай хабардар екен. Тіпті, Ғалымжан Райлұлы жуырда қала көшелеріне жүргізген рейдтің қорытындысында бұл олқылықтың орнын толтыруды құзырлы мекемелерге мықтап тапсырған көрінеді. Және жауаптылар осы аптаның жұмасына дейін қураған аршаларды жаңартуға уәде етіпті. Жергілікті биліктен осындай жауап естігеннен кейін шын мәнінде қуанып қалдық. «Тараз қаласының тізгінін күні кеше ғана қолына алған Ғалымжан Әбдірайымов мырза іскер екен» деп іштей мақтауымызды да айттық. Алайда, «Қураған аршаларды қайта қалпына келтіру үшін қосымша қаржы қарала ма және бұған кімдер жауапты болмақ?» деген сауал көкейімізде көлбеңдеп тұрып алды. Содан бастапқыда арша ағаштарын кімдердің отырғызғанын білу үшін іздеу салдық. Анықтағанымыз бұл жұмыстармен былтыр «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысыпты. Алайда, мұндағы мамандар өткен жылы нақты қанша түп аршаның қанша қаржыға егілгенін айтудан жалтарды. Ең алдымен серіктестік басшысының орынбасары Мұхамеджан Әбдиұлы «Мен білмеймін» деп бізден қашса, артынша серіктестік басшысы Сәкен Икрамов жұмыс орнынан ұстатпай, тілшілермен біраз «тығылыспақ» ойнады. Дегенмен, тынымсыз соққан қоңырауларымыздың нәтижесінде тұтқаны көтерген басшы сырын айтамын деп, бізге шынын айтты.

– Шындығын айтайын, басшылық қызметке ағымдағы жылдың сәуір айында келгендіктен, аталмыш арша ағаштарын отырғызуға қанша қаржы кеткенін білмеймін. Және ол жұмыстар қалай жүргізілгендігінен де бейхабармын. Алайда, биыл біраз аршалардың қурап жатқанын көріп отырмыз. Ол ағаштарды біз түп-тамырымен құртып, орнына басқасын күз айларында егеміз. Негізі бастапқыда бұл арша ағаштары дұрыс отырғызылмаған. Олай дейтінім, қурап жатқан талдардың дені тастың немесе бетонның үстіне тігілген. Алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізілмеген. Содан барып, арша ағаштары тамыр ала алмай, қурап жатыр. Бұл мәселеге қатысты әлі тексеру жұмыстары жүргізіледі. Қосымша қаржы керек пе, әлде жоқ па, ол жағы сол кезде белгілі болмақ, — дейді серіктестік директоры.
Басшының бұл сөзін серіктестіктің көгалдандыру учаскесінің жетекшісі Гүлнар Оразалина да растап отыр. Оның сөзіне сүйенсек, тамыры тасқа тірелген біраз ағашты қайта тірілтуге мүмкіндік бар көрінеді.
– Талдар былтыр ғана отырғызылғандықтан олар толықтай тамыр алып үлгермеді. Оған қоса, қыстан енді шығып, бойларын жазуда. Сарғайып тұрған аршалардың барлығы қурап кетті деу қате түсінік. Олар «өлген» жоқ, тек «ауырып» тұр. Қазір біз агрономдарымызбен бірігіп, аршаларды емдеу, дәрі қосып суғару сынды жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Осыдан кейін олар тамыр алмаса, үш жылдық кепілдемелік келісіміміз бойынша қураған аршаларды жаңалап береміз. Жауапкершіліктен қашып отырған ешкім жоқ. Бізге тек бәрін қалпына келтіру үшін уақыт қажет, – дейді учаске жетекшісі.
Иә, жауапты мамандардың айтқан уәжі осындай. Демек, қала әкімдігі мамандарының «Осы жұмаға дейін барлық сарғайған ағаштар жөнге келеді» дегені нақты ақпараттан гөрі, тілшіден тез құтылудың әрекеті деп түсіну керек сияқты. Олай дейтініміз, аршаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарының басы-қасында жүрген бірде-бір маман бұл жұмыстар бір жетіде бітеді деген ақпар айтпауда. Белгілі болғаны тірліктің тек күзде тіктелетіні анық.

Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Бұл тұрғыда «Тырнақ астынан кір іздеп» те отырғанымыз жоқ. Тек, көне шаһардың көркін арттыру сіз бен біздің ортақ міндетіміз болғаннан кейін көзге көрініп тұрған келеңсіз жайтты көптің талқысына салғанды жөн көрдік. Осыны қала әкімі жіті түсініп, түйткілдің түйінін тарқатуға күш салады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ
Тараз қаласы

ПІКІР