Құрмет құшағында

0 2

Осы аптада облыстық ардагерлер кеңесі мен Байзақ ауданы әкімдігі бірігіп, бір топ аналар қауымына құрмет көрсетті. Нақты айтқанда, аймақтың дамуына елеулі еңбек сіңіріп жүрген 45 ақжаулықты аналарға арналып «Ғибрат» орталығында ақ дастархан жайылды.

Айтулы мереке қарсаңындағы бұл басқосу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ақжарма тілегін арнады. Ол өз сөзінде кеудесінде «Алтын жұлдызы» жарқыраған Мәрзия Ибрагимова секілді еңбегінің арқасында биік белестерді бағындырған нәзік жанды «Еңбек ерлерінің» және қоғамда солардың жолын қуған сыйлы қыз-келіншектерге құрмет көрсету парыз әрі мәртебе екенін тілге тиек етті. Бұдан кейін айтыскер ақын, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыров Байзақ ауданының өткені мен бүгінін, өскені мен дамуын, талай тұлғаларды тудырған өңірлік сипатын әңгімеге арқау етті. Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, «Галеника» кәсіпорнының директоры Қатира Аққұлиева құттықтау сөз сөйлеп, бес бірдей анаға сый-сияпат жасады. Ал облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Билер кеңесінің» төрағасы Оңласын Есіркепов, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Бесбаев те ізгі лебіздерімен бөлісті.
Байзақ аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері тарапынан коцерттік бағдарлама ұсынылып, өз кезегінде өнер жолында шығармашылық шыңын бағындырған бірқатар әйел-аналар қауымы ән-жырдан шашу шашты.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.