Жамбыл жаңалықтары

Құрметті азаматтар тізімі сенсорлы дүңгіршекте

Жасыратыны жоқ, қазір жастардың басым көпшілігі байрақты бәсекелерде елдің абыройын асқақтатқан спортшылар болмаса, Құрметті азаматтарға жеке-жеке тоқталып, жіті мән бере бермейді. Оған себеп те жоқ емес. Көше бойындағы тізілген тізімдердегі адамдардың аты-жөндері жан-жақтан жаңалық іздейтін жаңашыл жастарға қалай қызық болсын? Елбасының бастамасымен жүзеге асып отырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қоғамның сан-саласымен бірге мың жылдық жауһар жәдігерлеріміз шоғырланған музейге де игі шарапатын тигізіп отыр. Мұражайға орнатылған цифрландырылған сенсорлы дүңгіршек арқылы енді еңбегімен үлгі болған облыс пен Тараз қаласының Құрметті азаматтары, спорт сайыпқырандары жайлы толық ақпарат алуға болады. Бұл өзгеріске байланысты Құрметті азаматтардың да өз айтары бар.
– Көше бойындағы тізімнің мұражайға ауысып, сенсорлы жүйеге енгізілгені қуанарлық жаңалық. Мұнда тек бұрынғыдай аты-жөніміз ғана емес, өмірбаянымыз толығымен қамтылыпты. Әр тұлғаның Құрметті азамат деңгейіне қалай жеткендігі, ел үшін қалай еңбек еткені, жетістіктері көрсетілген. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен сабақтасқан жаңа өзгеріс танымымызды кеңейтпесе, тарылтпайды. Сондықтан, бұл іске тек алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Тараз қаласының құрметті азаматы Сансызбай Жорабеков.
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та бұл қадамды құптап отыр.
– Қазір тек жастар ғана емес, халықтың басым көпшілігі өз шаруасын ғаламтор мен планшет, смартфондар арқылы атқаруда. Бұл – заман талабы. Әркімнің қолында заманауи байланыс құралы бар. Техниканың тілі қазір балаға да, қартқа да түсінікті. Музейдегі сенсорлы дүңгіршек ең алдымен студенттерге тиімді. Бастысы қолжетімді. Жан-жақтан мәлімет іздеп, босқа уақытын жоғалтпайды. Өзіміз оқушы кезде спортшылар жайлы білгіміз келсе, кітапхана аралап, журналдарды ақтаратынбыз. Қазір бір тетікті бассаңыз, әр адамның өмірбаяны шығып тұр. Бізден кейін де шығатын қаншама спортшы бар. Солардың барлығы ұрпаққа үлгі. Еліміздің дамып жатқандығының бір нышанын осындай игі жаңалықтардан-ақ байқауға болады, – дейді чемпион.
Осылайша, сенсорлы жүйеде облыстың 116, қаланың 139 Құрметті азаматы мен 60 спорт майталманының есімі, өнегелі өмір жолы қамтылып отыр. Сондай-ақ, тақтайша алдына «Тараз қаласының Құрметті азаматтарына» арналған Құрмет кітабы қойылыпты. Ал, сенсорлы дүңгіршекте Асанәлі Әшімов секілді кино корифейінің әрбір сомдаған рөлдерінен үзінділер де көруге болады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары алдағы уақытта тізімдегі әрбір тұлғаға қатысты бейнероликтер де қамтылатынын айтып отыр.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР