Сараптама

Құртқа-Куртка, Күләй-Гуляй…

Ал, сіздің аты-жөніңіз қалай жазылған?

Бірде белгілі сатирик ақын Шона Смаханұлы орталық саябақта Бауыржан Момышұлына кездейсоқ кездесіп қалады:
– Ассалаумағалейкум, Бауке!
– Уағалейкүмассалам, қазақтың Ұлы адамы! «Сәлемші болсаң төрге шық» деген, кел бері, — дейді батыр.

Сонда Шона ағамыз Баукеңнің сөзін жете түсініңкіремей, абыржып қалса керек. Осыны сезген Баукең:
– Қалжыңдап тұрғаным жоқ. Бүгін Қазақстанда екеуіміз ғана ҰЛЫ адамдармыз. Мен – Момышұлы, сен – Смаханұлы. Басқалардың бәрі «ов-тар» мен «ев-тер» — деген екен.
Бізді кеңестік дәуірдің қалдығындай болып, аты-жөнімізге жабысып жүрген орыс тілі грамматикасының Бауыржан атамыз айтқан -ов, -ев, -ова, -ева, -ович, -евич, -овна, -евна, -ин, -ина сынды жұрнақтарының Тәуелсіздік туы желбіреген бейбіт те берекелі заманда да жалғасын тауып келе жатқаны қатты қынжылтады.

Тіпті, сол КСРО-ның кезінде-ақ алып империяның аумағындағы армян (Акопян), әзірбайжан (Бюль-бюль оглы), грузин (Джугашвили, Кикабидзе), кәріс (Ким, Тен, Югай, Хегай), украин (Кличко) және басқа халықтар өз тілдеріне тән тегімен құжаттарын толтырып келді ғой. Ер Бауыржан да тегінің Момышев емес, Момышұлы болып жазылуы үшін Мәскеумен талай тайталасқа түскенін тарихтан жақсы білеміз. Қазақ тілінің нағыз жанашыры Шона Смаханұлы да аты-жөнінің бабалар салған жолмен жазылуы үшін ешкімге бой бермеді емес пе?! Ендеше, егеменді ел болсақ та әлі күнге жоғарыда атап өткен жұрнақтардан арылғымыз келмей жүрген енжарлығымызға не жорық?

Біздің бұл мақаланы жазуымызға редакцияға күнделікті түсіп жататын хат иелері аты-жөндерінің ала-құла болып келетіні түрткі болғанын айтуымыз керек. Төлқұжатында орысша жазылғанын алға тартып, қаншама оқырман өз атын қазақша жазуымызға қарсы болды. Кейбірін көндірсек, кейбірі айтқанынан қайтпай тұрып алғаны да жасырын емес. Газет бетіне дәл куәліктегідей жазылмаса ол ешқандай да қылмысқа, еш заң бұзушылыққа, өрескелдікке жатпайтынын түсіндіруден біз де жалықпай келеміз.

Осыдан кейін тәуелсіздік тізгіні қолымызға тие сала Мемлекет басшысының Жарлығымен аты-жөніміздің дұрыс жазылуы жүйесі қолданысқа енгенін бүгінде көпшілік біле бермейді-ау деген ой келеді. Нақты айтсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» деп, тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Сондай-ақ «Неке және отбасы туралы» заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың аттарын, әкелерінің аттарын және тектерін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтардың тектері мен әкелерінің аттарын жазу кезінде қазақ тіліне жат -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -и, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» делінген.

Осы орайда, біз аты-жөнімізді түзетудің тәртібін білмек мақсатта облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің бас HR-менеджері Ардақ Шаукеевке хабарласып, біраз мән-жайды анықтай алдық.

– Мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлері қатарында атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу қарастырылған. Аталған қызмет түрін халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы аумақтық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері жүзеге асырады.

«Құжаттағы текті өзгертуге бола ма?» деген сұрақпен бізге келетіндер жоқ емес. Әрине, өзгертуге болады. Яғни, әкеңіздің тегін немесе атаңыздың атын ала аласыз және тек әкеңіздің атын қалдырсаңыз болады.

Егер сіздің тегіңізді қазақшаландыру керек болса, яғни -ов(а), -ев(а) жұрнақтарын өзгерткіңіз келсе, алдымен жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш білдіресіз. Жеке куәлігіңізден бөлек туу туралы куәлігіңіздің түпнұсқасы болса жеткілікті. Ол үшін 0,5 АЕК көлеміндегі мемлекеттік баж салығын төлеу қажет, – дейді А.Шаукеев.

ХҚКО маманы аты-жөнді өзгертуден келер қиындықтың жоқ екендігін айтады. Ең бастысы «құжатты өзгерткеніңіз туралы анықтаманы» өзіңізбен алып жүрсеңіз болғаны.
Әрине, кеңестік дәуірде ұ, ө, қ, і,ә сын­ды қазақтың төл қәріптерінсіз тол­тырылған құжаттарын кейін қай­та өзгертіп алған азаматтардың біра­зын білеміз. Және де олардың осы қадамынан қандай да бір келеңсіздікке тап болғанын әлі күнге байқамадық.

Бір қуанарлығы, тәуелсіздік алғаннан кейін аты-жөндерін таза қазақша, әрі орыстың «-ов»-ы мен «-ева»-сынсыз жаздыртқан қандастарымыз жетерлік. Дегенмен, сол өзге тілдің жұрнағынан құтылғанымен, кейбірінің аты-жөндері әлі де алашұбар. Мәселен, шартты түрде Мұрат Әділбекұлы Бақтияр (аты, әкесінің аты, тегі) деп алатын болсақ, құжатында Мурат Адильбекулы Бахтияр деп жазылып жүрген жайттар басым екен. Оған Тараз қаласы әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшесіне барып, тиісті құжаттарды ақтарғанда көзіміз жетті. Сондай-ақ, қазақтың тәп-тәуір аттары әлі күнге Азильхан, Алинур, Инжу, Абдинур болып құжаттарына тастай батып, судай сіңген. Тіпті Адема, Нармина, Алиар, Рания, Алияна, Айлана, Азалия, Рыскена, Элиф, Аарон сынды мағынасы түсініксіздеу есімдер де көбейе түскен. Ол-ол ма, Құртқа Куртка, Күләй, Гуляй болып жазылғанын көргенде шалқамыздан түсе жаздадық. Ал қазақтың әп-әдемі Мақсат деген есімін қалайша Максат демекпіз. Ғалымдар бір ғана «Әйгерім» деген аттың бүгінде 14 түрлі жазылып жүргенін айтады. Бұл қандастарымыздың қазақша сауатының жетпейтіндігінен емес, ұлттық сананың ақсауынан туып отырған көрініс екенінде сөз жоқ.

Аталған бөлімшенің мәліметіне сүйенсек, былтыр Тараз қаласында 10 515 сәби дүние есігін ашқан екен. Әрине, олардың бәрінің тіркеу құжатын ақтарып шығу мүмкін болмады. Сол себепті біз 200 баланың құжатына аздаған талдау жүргізіп көрдік. Бұл екі жүздің 51-і өзге ұлт өкілдерінің балалары болып шықты, сондықтан оларға еш айып таға алмаймыз. Ал, қалған 149 құжаттың 107-сі ғана таза қазақ тілінде толтырылған. Қалған 42-сінің біразында әлі де -ов, -ева, -ович жұрнақтары жүрсе, кейбірінде жоғарыда айтқандай, қазақ қаріптері орысшаланып кеткен (Инжу, Абдинур, Нурали, т.б.). Одан бөлек, Саттібаева, Азильханұлы, Жақсымурат деген сияқты жартылай қазақша, жартылай орысша жазылған аты-жөндер де өріп жүр.

Түптеп келгенде, бұл енжарлыққа кімді кінәларымызды білмедік. Қате баласының аты-жөнін жазып берген ата-анадан кетті ме, әлде олардың қолын түсінбеген мамандардан кетті ме, белгісіз. Белгілісі сол, Жарлық жағдайды түзеп бергенімен, халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары да, АХАТ мамандары да ешкімге тегін таза қазақша жазуды міндеттей алмайды екен.

Жеке адамдардың аты-жөнінен тұтас бір ұлттың ат қою дәстүрі, ұлттық дүниетанымы, өзге жұрттардан ерекшелігі көрініп тұрады. Сол себепті, антропонимдер – әр ұлттың төлқұжаты екеніне де назар аударған жөн. Олай болса, ұлтымыздың болмыс-бітімін білдіретін ат қою дәстүрімізге, ата-тегімізді жөні түзу жүйеге келтіруге асқан жауапкершілікпен қарау – барша қазаққа ортақ міндетіміз екенін терең сезінейік. Ендеше, Бауыржан Момышұлының ұлылығынан ұлағат алайық, ағайын!
Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ

ПІКІР