Құрылыс нысандарында қарбалас

0 4

Баспасөз турының екінші күні Т.Рысқұлов ауданына ісспармен басталды. Мұнда БАҚ өкілдері Құлан ауылының «Арай» тұрғын алқабында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда аталған алқапта бес қабатты 80 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы бітуге жақын. Аталған құрылыстың мердігері – «Сырым-Білеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл тұрғын үй үшін 593 миллион 726 мың теңге бөлінген. Мердігер компанияның директоры Ермұрат Күнібековтың айтуынша, құрылыс басында қазіргі таңда 100 адам еңбек етуде, 20-ға жуық техника жұмылдырылған. Аталған көпқабатты тұрғын үй құрылысы алдағы тамыз айында толық бітеді деп жоспарланып отыр.

Мұнан соң журналистер Қарақыстақ ауылындағы тұрғын үйлерді газдандыру мәселесімен танысты. Бұл жоба бойынша Каменка, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Жаңатұрмыс ауылдары газдандырылатынынан хабардар болдық. Бөлінген қаражат – 522 миллион 698 мың теңге. Бұл қаржы әр ауылдың тұсына ШРП әкелу үшін. Ал әр тұрғын өзінің үйіне өздері құбыр тартып алуы тиіс. Осы орайда әр үй 360 мың теңге шығын жұмсайды екен.
Онан соң баспасөз туры Тараз қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарында жалғасты. Облыстық онкологиялық диспансердің жаңа құрылысы №14 ықшамауданнан салынып жатыр. Құрылыс басында жүрген облыстық онкологиялық орталық директорының орынбасары Гүлжан Тәйтелі аталған жаңа орталық 200 орынға арналғанын, одан бөлек 25 орындық күндізгі стационар, 100 орындық емхана жұмыс істейтінін айтты. Бас мердігер – «Тұр-Ахмет и К» ЖШС басшысы Ерғали Құлажанов: «Құрылысты тамыздың соңында аяқтап шығуға толық мүмкіндігіміз бар. Мұнда сапалы және заманауи құрал жабдықтар Корея, Италия, Жапония мемлекеттерінен сатып алынуда», дейді.
Журналистер барған келесі нысан – «Асар» оңалту-сауықтыру кешені. Руслан Төлегенов басқаратын бұл кешенге сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бірқатар қолдаулар жасалған. Біз мұндағы оқу бөлмелерін, тігін шеберханасын, логопед, психология бөлмелерін, ойын алаңдарын аралап көрдік. Барлығы сапалы, талапқа сай.
Баспасөз туры Шалғай Қарасу аумағында салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысының сапасын бақылаумен түйінделді. Былтырғы жылы 18 мамырда басталған бұл құрылыс 2022 жылдың қаңтар айына дейін аяқталуы тиіс екен. Ол үшін
2 миллирад 237 миллион қаражат бөлінген. Мердігер компания құрылысты биылғы желтоқсан айында толық аяқтауды көздеп отыр.
– Бұл Шалғай Қарасу аумағының тұрғындары 6-7 жылдан бері көтеріп жүрген мәселе еді. Енді міне, шешімін тапқалы жатыр. Мектеп құрылысы 3 негізгі блоктан тұрады. Ендігі мәселе– мердігерлердің жұмысты уақытылы аяқтап шығуы,– дейді Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Марат Серікбаев.

Есет ДОСАЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.