Сұхбат

«Құрылыс саласы білікті кадрларға зәру»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы –
Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы-бас мемлекеттік құрылыс инспекторы Қанат Айтқұлов

– Қанат Оңғарұлы, сіздің облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалғаныңызға көп бола қойған жоқ. Алайда, соңғы кездері аты да заты да көпшілікке беймәлім осы мекеменің жұмысында тың серпіліс байқалады. Осы орайда, әңгімемізді басқарманың негізгі жұмыс бағыты турасында өрбітсек…
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде құрылыстың кең қанат жаюын мемлекет дамуының басты белгісі деп тануға болатындығын тілге тиек еткен-ді. Қазір біздің облыстың өзінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мен бұған дейін ұзақ жылдар бойы мемлекеттік сәулет-құрылыс саласында жұмыс жасадым. Туған жерге қызмет ету мақсатында осында келген жайымыз бар. Әрі алып мегаполис Алматыдан жиған тәжірибемді соңғы кездері урбанизация үрдісі қарқынды жүре бастаған Жамбыл өңіріндегі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласына арнауды жөн санадым. Қала тұрғындары санының өсуі ондағы құрылыстың кең қанат жаюына ықпал ететін негізгі фактор. Ал, құрылыс қашанда тиісті талаптардың қатаң сақталуын қажет етеді.
Жалпы, өңірдегі мемлекеттік сәулет-құрылыс саласы туралы әңгіменің әлқиссасын облыстың географиялық орналасуынан бастаған жөн секілді. Неге десеңіз, біздің өңір сейсмикалық аймақта орналасқан. Өз кезегінде бұл жайт құрылыс саласына да әсер етпей қоймайды. Сәйкесінше сейсмикалық аймақтарда құрылыс нормаларын өзге аймақтарға қарағанда қатаң сақтау талап етіледі. Мердігер компаниялар мен жобалаушылардың осы талаптар үдесінен шыға білуін қадағалау басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі саналады.
Сондай-ақ, соңғы жылдары еліміздегі көптеген заңдылықтар еуропалық стандарт­тарға сәйкестендірілуде. Бұл үрдіс құрылыс саласына да өз әсерін тигізеді. Мәселен, бұған дейін құрылыс жүргізуге ниеттілер құшақ-құшақ құжат арқалап, саланы қадағалаушы мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болатын. Ал, қазір бәрі онлайн режимде жүзеге асады. Нысан иелері керек құжаттарды алып, біздің басқармаға сабылмайды. Бізге «Электронды үкімет» порталы арқылы құрылысы жүргізілетін нысан жайлы хабарлама келіп түседі. Ол мақұлданғаннан кейін, одан әрі нысан иесі құрылыс жұмыстарын жүргізе береді.
Құрылысқа қатысты заң талаптарын оңтайландырудың тағы бір тиімді тұсы мынада, бұрын нысанды қабылдап алу үшін мемлекеттік комиссия құрылатын. Қазір ондай комиссия құрылмайды. Оның құрамына кіретін мемлекеттік мекеме өкілдерінің келісімі жобалау кезінде алады. Ал, нысанды қабылдауда техникалық және авторлық қадағалау ғана тексеріс жүргізеді.
Ескере кететін бір жайт, әркім өз бетінше қалаған жерінде құрылыс жүргізе алмайды. Тіпті, өз меншігіндегі жер болсын. Барлық әрекет мұқият ойластырылуы керек. Өйткені, ғимарат құрылысында тиісті талаптар сақталмайды. Алайда, кәсіпкерлік нысан иелері де көл-көсір табысты ойлап, асығыстыққа бой алдырып жатады. Нәтижесінде, салғырттықтың салдарынан аз уақытта екі есе пайда әкелуі тиісті нысан керісінше қалтаны қағуы бек мүмкін. Міне, саладағы осынау қым-қуыт жұмыстардың қисынын тауып, қала құрылысы, сәулет секторындағы талаптардың сақталуын қадағалау, азаматтарға тиісті заңдылықтарды түсіндіріп отыру біздің басқарманың басты міндеті болып табылады. Басқарма басшысы қызметіне тағайындалған аз ғана уақыттың ішінде өңірдегі «қызыл сызық» шеңберінде салынған құрылыс нысандарымен күреске қызу кірісіп кеткен жайымыз бар. Бұл жұмыс облыстағы «қызыл сызықта» тұрған соңғы ғимарат сүрілгенге дейін жалғасын таба бермек.
– Байқауымызша, басқарма облыс аумағында бой көтеретін кез келген нысан құрылысының тиісті талапқа сай жүргізілуін назарда ұстайды. Ара-тұра осы нысандардың кейбірінде құрылыс нормаларын бұзу фактілері орын алып жатады. Мұның негізгі себебі неде?
– Әрине, мұндай кемшіліктер қай салада да кезігіп жатады. Ал, пайдалануға берілгелі тұрған құрылыс нысандарындағы кемшіліктердің негізгі себебін заң талаптарының бұрынғыдан жеңілдей түсуімен байланыстыруға болады. Бұған дейін біздің басқарма жаңадан салынып жатқан нысандардағы кемшіліктерге тексеруді өз бетінше жүргізуге құқылы болатын. Қазір тиісті заңда тексерістердің саны мейлінше қысқартылған. Заң жұмыстың сапалы орындалуында тапсырыс беруші мен авторлық және техникалық қадағалаушылардың шынайылығына ғана үміт артады. Егер тапсырыс беруші нысанның сапасына күмәнданса, бізге өтінішпен қайырылады. Әрине, өз жұмысының уақытылы тәмамдалғанын қалайтын тапсырыс берушілер нысанды бізге тексертіп әлек болғысы келмейді. Алайда, ондай әрекеттер көп ұзамай әшкере болып жатады. Құрылыс нормалары өрескел бұзылған жағдайда біз сот шешімімен қатаң шараларды қолданамыз. Кейде жауапкершілігіне атүсті қараған тапсырыс беруші мен техникалық, авторлық қадағалаушылардың жаза арқалайтын кездеріде болады.
–Әлгінде айтылған қазынаның қыруар қаржысы жұмсалып, соғылған нысандардағы кемшіліктерге жол берген ұйымдарға нақты қандай шара қолданылады? Жалпы, бұл мәселенің алдын алуға бола ма?
– Әрине, құрылыс нормаларын көзге ілмегендерге заң қатал. Заң құрылыс саласында өз қызметін жүргізуде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өтпек болып, жауапкершіліктен қашқандардың басынан сипай қоймайды. Тіпті, сот шешімімен құрылыс жүргізуге қажетті лицензиясынан бірнеше жылға шеттетілетіндер де бар. Ал, кемшіліктердің алдын алуда сала мамандарының жауапкершілігін күшейте түсу қажет. Құрылысты жобалаушылардан бастап, оның соңғы кірпішін қалаушыларға дейін өз қызметіндегі жауапкершілік жүгін жете сезіне білгені абзал.
– Жыл басынан Тараз қаласын түрлендірудің тың жобасы қолға алынғаны мәлім. Қазір көне шаһарға көрік беретін нысандарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталмыш ғимараттардың талапқа сай болуы қазірдің өзінде тиісті бақылауға алынған болар…
Бұл орайда, біз тапсырыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Заң бізді құрылысты қадағалау құқығынан толығымен шеттетпейді. Басқарма өз өкілеттілік шеңберінде нысандарға техникалық бақылау жүргізуге құқылы. Мердігер компаниялар ай сайын бізге тиісті нормалардың сақталуы жөнінде есеп береді.
Негізінде мемлекеттік – сәулет құрылыс саласындағы бақылаудың біршама қысқартылуы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынуда. Қазір кез келген кәсіпкер тиісті нормативтерді назарда ұстай отырып, өзіне қажетті кәсіпкерлік нысанның құрылысын жүргізе алады.
– Тараз қаласындағы ғимараттардың дені 4-5 қабатты ғана болып келеді. Шаһардың шырайын келтіру үшін аспанмен таласқан зәулім нысандар салудың мүмкіндігі бар ма?
– Әрине, бізде де биік ғимараттардың құрылысын жүргізуге толық мүмкіндік бар. Ең бастысы, тиісті талаптар ескерілуі керек. Ниет болса толықтай жаңғыртылып жатқан Таразда аспанмен таласқан ғимараттар бой көтеруі бек мүмкін. Біз мұндай ғимараттардың құрылысын жүргізуге ешқандай шектеу қоя алмаймыз.
– Дұрыс-ақ. Дейтұрғанмен, осы құры­лыс саласы жастарды көп қызықтыра қоймайтынын қалай түсінуге болады? Бұл жайт маман тапшылығын тудыратындығы даусыз. Дәл осы фактордың бүгінгі құрылыс секторына ықпалы қандай?
– Жасыратыны жоқ, бүгінде құрылыс саласы білікті кадрларға зәру. Әлгінде айтылған құрылыс нормаларының бұзылуы, жобалаудағы қателіктер саладағы маман тапшылығын айқындап береді.
Құрылысшы – қастерлі мамандық. Адам баласының толыққанды өмір сүруі үшін құрылысшыдай қызмет ететін мамандық иелерін саусақпен санап алуға болады. Ал, бүгінгідей жаһандану дәуірі қоғам өмірінің барлық арнасына дендеп енген шақта жаңа технологияны меңгерген жастардың құрылысшы болуға құлық танытпайтыны ащы да болса шындық. Жалпы, құрылысшы асқан жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Мұнда ұсақ-түйек қателік болмайды. Нысанды жобалаудан пайдалануға берілгенге дейін кезеңдегі әрбір қадам мұқият ойластырылып, есептеулер жүргізіледі.
Осыдан бірер жыл бұрын Қарағанды облысында «Бесоба» тұрғын үй кешенінде орын алған жайт көптің есінде. Аталған мәселенің астарына тереңнен үңіліп қарайтын болсаңыз, құрылыстың сапасыздығы білікті маман тапшылығынан орын алған. Нысан тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, ел есін жия бастаған сәтте бой көтерген. Бұл мықты құрылысшылардың саладан қол үзіп, нәпақа табудың қамын күйттеп кеткен шағымен тұспа-тұс келді.
Кеңес одағы тұсында құрылыс саласындағы орта буын мамандары кәсіптік техникалық оқу орындарында даярланатын. Қазір өкінішке қарай, бұл жүйе ақсап тұр. Бүгінде мектепті бітіріп, қолына аттестат алған түлекке «автокраншы немесе тас қалаушы бол» деп айту қисынға келмейтіндей көрінеді.
– Сіздің ойыңызша, жастарды құрылыс­шы кәсібіне қалай көптеп тартуға болады?
– Мәселе жастардың көзін құрылыс мамандығының мәртебесіне жеткізе білуде. Құрылысшы – мәңгілік мамандық. Қай заманда, қай қоғамда болмасын, адамзаттың лайықты өмір сүруі үшін құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатады. Демек, бұл саланы меңгергендер еңбек нарығында әрқашан сұранысқа ие болып қала бермек. Күні ертең буын алмасар шақта құрылыс саласында кәсіби біліктілік деңгейі құлдырап кетпеуі үшін бізге осы бастан жастарды кәсіптің осы бір түріне көптеп үгіттеуіміз керек. Бір мезгіл қарапайым құрылысшыдан жастарға бағыт сілтейтін ұстаз-құрылысшыға айналу да артық етпейді.
– Ал, сіздің құрылысшы мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
– Шыны керек, балалық шағы Кеңес одағының ғарышты игеріп, ашық космосқа адам ұшырып жатқан сәтімен тұспа-тұс келген менің замандастарымның көбі космонавт, астроном болуды армандады. Ал, менің аңсарым сол сәттен осы салаға ауды да тұрды. Балалық арманым құрастырушы болу еді. Бұл өзі сәулетші мен құрылысшының арасына дәнекер болатын аты, заты беймәлімдеу мамандық иесі. Сәулетшінің шығармашылық еңбегін шынайы құрылыс нысанына айнал­ды­рып, оның толық сұлбасын жасап шығу конструкторлардың негізгі жұмысы. Алайда, жоғары оқу орнының қабырғасында есепке жүйріктігі мен нақты ғылымға бейімділігімнің арқасында құрылысшы мамандығына бет бұрдым. Қарапайым көзге оңай болып көрінгенімен, құрылыс сан қатпарлы ғылым. Мен маман ретінде Алматы қаласындағы бірқатар ғимараттардың құрылысына өзіндік қолтаңбамды қалдырғанымды мақтанышпен айта аламын. Олардың қатарында Esentai Towers сынды кәсіпкерлік нысандарымен бірге VII Азиада, XXVIII Универсиада ойындарына арнап бой көтерген ғимараттар да бар. Кейде Алматыға жолым түсіп, әлгі нысандардың қала тұрғындары мен қонақтарының кәдесіне жарағанын көзбен көрген сәтте көкіректі мақтаныш сезімі кернейді.
– Қанат Оңғарұлы, сізді азамат ретінде қоғамдағы нендей мәселе толғантады?
– Әрине, әлемдік өркениетпен біте қайнасып жатқан бүгінгі қазақ қоғамында мәселе жеткілікті. Бұл орайда, біз ең әуелі мына жайтқа айрықша назар аударғанымыз жөн. Қазақстан әлі қалыптасу кезеңін бастан өткеріп жатқан мемлекет. Сондықтан да көп жайтқа түсіністікпен қарауымыз керек. Әсіресе, жастарға айтарым көп нәрсе еңбекпен келеді. Маңдай тердің қашанда өтеуі болады. Қызметке қол жеткізу үшін оның барлық сатысында еңбек ету қажет. Мен еңбек жолымды құрылыс алаңында шебер болып бастадым. Осындайда Ресей Федерациясының бұрынғы Президенті Борис Ельциннің өмір жолы еске түседі. Қолына диплом алғаннан құрылыс алаңына прораб болып жолдама алған ол бұл қызметінен өз еркімен бас тартып, қара жұмысқа сұранады. Құрылыс саласындағы барлық сатыдан өткеннен кейін Борис Николаевич алып державаны еш қиындықсыз басқара алған саяси тұлғаға айналды.
Одан соң жастардың туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін ояту қажет. Ең жақсы қызмет, ол туған жерді түлету үшін жасалған қызмет деп білемін. Мен де қал-қадірімше кіндік қаным тамған жерге оның перзенті ретінде адал қызмет ете алдым деп ойлаймын. Әлі есімде, 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында болған жойқын жер сілкінісінен соң аймақта құрылыс кең қанат жайды. Үйсіз қалған тұрғындардың баспана мәселесін шешуге күллі республика жұмылды. Аз уақытта жаңа үйлер соғылды. Мен ол кезде құрылыс істері жөніндегі комитетте қызмет ететін едім. Сонда кезекті бір жиында ауданда жаңадан бой көтерген нысандардың сапасына техникалық бақылау жүргізу мақсатында бір қызметкерді Т.Рысқұлов ауданына 3 айлық іссапарға жіберу жайы сөз болды. Әрине, апатты аймаққа барып, жұмыс жасауға ешкім құлық таныта қоймады. Сол сәтте өзім сұранып, күні кеше жойқын жер сілкінісі болған ауданға аттандым. Бұл менің туған жердің алдындағы перзенттік парызым екенін жете сезіндім. Есесіне, алты айға созылған іссапарымда сала мамандарымен бірігіп, жаңа нысандардың құрылысындағы тиісті талаптардың ескерілуін, сол арқылы оларды сейсмикалық тұрғыдан берік ету үшін қыруар шаруа атқарып шықтық.
Қоғамдағы тағы бір ең өзекті мәселе – қазақ тілінің жай-күйі. Алматыда қызмет етіп жүрген кезде қала әкімі болған Иманғали Тасмағамбетовтің мінбеден айтылған мына сөзі әлі күнге жадымда жатталып қалыпты: «…Бір ғана формула.Тіл бар жерде қазақ бар». Расында солай ғой. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өзегі де осы қазақтың ұлт ретіндегі біртұтас болмысын берік сақтап қалу емес пе?
– Қарбаласқа толы қызметтен қолыңыз қалт еткен сәтте немен айналысасыз?
– Қызметке келген күннен алғаш байқағаным ұжымдағы жігіттер жұмысты сылтау етіп спорттан қол үзіп қалған екен. Солардың басын қосып бір команда жасақтап, ара-тұра доп теуіп тұрамыз. Қазір біздің қатарымызға сәулет және қала құрылысы, автомобиль жолдары басқармаларындағы әріптестеріміз де қосылуда. Қалай десек те салауатты өмір салтын ұстанып, ойын алаңында бой жазуды уақытты тиімді пайдаланудың ең ұтымды тәсілі деп білемін.
Сондай-ақ, көркем әдебиетті жаным сүйеді. Осында қызметке келгелі даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлы туралы жазылған Александр Бектің «Волоколамское шоссе» повесін қайта қолға алдым. Тарихи деректерге негізделген шығармаларды мектеп кезінен сүйіп оқимын. Ғалым Мұрат Аджидің ғұндардың тарихы арқау болған барлық шығармаларын оқып тауыстым.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР