Құрылыс саласы қарқын ала түсті

0 15

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында құрылыс саласының маңыздылығын атап өтіп, көптеген мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына ұйытқы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылында өңірде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып, жүздеген нысан ел игілігіне берілді. Рас, құрылыс саласының дамуы, елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. Ал ел егемендігін алып, еңсе түзегелі бері облыста құрылыс саласы ерекше қарқын алғаны ақиқат.

Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңірде құрылыс саласы адымын алшаң басып кете алмады. Керісінше талай еңселі нысандар қаңырап бос қалып, есігіне қара құлып салынды. Дегенмен бұл өтпелі, уақытша құбылыс еді. Еңсе түзеліп, экономика нығая бастағаннан өңірде құрылыс саласы қайта жандана бастады. Мәселен 1991 жылы құрылыс жұмыстарының нақты физикалық көлемі 1 миллион теңгені құраса, 2010 жылы 52,3 миллиард теңгені межелеген. Ал 2020 жылы 55,4 миллиард теңгеге қол жеткізілді. Әлбетте, осыған қарап-ақ құрылыс қарқынын анық байқауға болады. Ең бастысы, жыл өткен сайын цифрлар ғана өзгеріп қоймай, қала да, ауыл да құлпыра түсуде.
Сондай-ақ өткен жылы облыста барлық бюджет көздерінен құрылыс саласы бойынша 55,4 миллиард теңгені құрайтын 235 жоба іске асырылған. Нақтырақ айтқанда, 66 тұрғын үй, 92 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, 2 денсаулық сақтау нысанының, 23 білім беру, 7 мәдениет, 15 спорт нысанының құрылысы жүргізілген болса, 24 нысан ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен. Нәтижесінде өткен жылы 160 нысан пайдалануға берілген. Сондай-ақ биыл тағы 75 нысанның құрылысы толығымен аяқталмақ.
Ағымдағы жылы да құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Себебі бюджеттен құны 51,2 миллиард теңгені құрайтын 178 жобаның құрылысы қолдау тауып отыр. Аталған жобалардың 88 нысанына «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде, «Жұмыспен қамту» бағдарламасымен 50 нысанға, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 11 нысанға, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 30 нысанға қаражат бөлінген екен.
Айта кетерлігі, 1991 жылдан бүгінгі күнге барлық қаржыландыру көздерінен, тұрғын үй құрылысы бағдарламалары аясында 5,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылыпты. Ал өңірде бюджеттік тұрғын үй құрылысы 2005 жылдары басталған екен. 2019 жылға дейін бюджет қаржысы есебінен 562,1 мың шаршы метрді құрайтын 123 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. 2005 жылдан бастап облыс орталығында «Астана» және «Бәйтерек» ықшамаудандары бой көтерді.
Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Арай» тұрғын алқабы салынды. Бұл алқапта жалпы 19 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, 2017 жылға дейін 5 тұрғын үй пайдалануға тапсырылған. Сонымен қатар автобекет аумағында тұрғызылатын №14 ықшамаудан үшін 100 гектар жер телімі бөлініп қойған. Онда жоспар бойынша 49 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Нәтижесінде 5 460 пәтер тұрғындардың игілігіне берілмек. Бұдан өзге онда 3 балабақша, 2 мектеп, ауысымына 500 келушіге арналған емхана, 200 төсектік онкологиялық диспансер және тағы да басқа әлеуметтік нысандар бой көтереді деп түтілуде.
Қызығы сол, 1991 жылы тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар болмаған екен. Дегенмен 2005 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтар саны 95 адам, ал 2021 жылы 30 505 адамға бір-ақ жеткен. Соңғы бес жылда кезекте тұрған азаматтардың өсімі жылына 2000 адамға жуықтайтын көрінеді. Әлбетте, мұндай көрсеткішті өңірдегі халық санының өсуімен байланыстыруға болады. Жыл сайын облыс орталығына көшіп келушілердің де ролі орасан.
Қалай дегенде де дамудың даңғыл жолындағы еліміз үшін құрылыстың алар орны ерекше. Оның ішінде біздің өңірде құрылыстың қазаны қайнап, тарихи нысандар да қайта жаңғыру үстінде. Рас, тәуелсіздік алғалы аймақта аз жұмыс атқарылмады. Заманына сай адамы дегендей, уақыттың талабына сай құрылыс жұмыстары да қарқын алмаса, бәсеңдеген емес. Себебі құрылыссыз қала жаңармайды, заманауи кейіпке енбейді.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.