Облыстық әкімдікте

Құрылыс сапасы ұдайы назарда ұсталады

Written by Aray2005

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен құрылыс нысандарының сапасын бақылау жүйесіне қатысты жиын өтті. Онда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қанат Айтқұлов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Айта кетейік, өткен жылдың маусым айында кәсіпкерлерді қолдау жөнінде бірқатар заңдар қабылданған болатын. Соның ішінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына қатысты құрылыс объектілерін және техникалық қадағалаушыларды өз бетінше тексеруі алынып тасталынған болатын. Ол бойынша құрылысқа қатысушылар, яғни, тапсырыс беруші мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушылар өрескел кемшіліктерін аталмыш басқармаға жолдауға міндеттелген. Әйтсе де, басқарма басшысының айтуынша, бұған іс-тәжірибе жүзінде құрылысқа қатысушылар дайын болмай шығып, құрылыс мәдениеті төмендеген. Осы орайда, заңсыз, негізгі құжаттарсыз және сапасыз құрылыстардың алдын-алу мақсатында облыста арнайы іс-шара бекітілген.
Қанат Айтқұлов қабылданған іс-шарада құрылысқа қатысушылардың мемлекеттік органдармен қадамдық алгоритмі бекітіліп,тараптардың нақты міндеттері мен жауапкершіліктері айқындалғанын айтады. Аталған іс-шара нәтижесінде былтыр 48 объект бойынша 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынса, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 38 объект бойынша 8 миллион теңгеден астам айыппұл белгіленген.
Іс-шараның тағы да бір оң нәтижесін стастикалық көрсеткіштер де көрсетіп отыр. Айталық, бұл салада 2017 жылы 74 әкімшілік іс қаралса, 2018 жылы ол 168-ге жеткен. Ал, ағымғдағы жылдың алғашқы үш айында 89 әкімшілік іс қаралып үлгерілген.
Жиын барысында жергілікті әкімдіктен, сәулет, құрылыс және жер қатынастары бөлімдерінің мамандарынан тұратын мобилдік топтың жұмысы мен мақсаты жан-жақты сараланды. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылып, қолданысқа енгізіліп жатқан өңірдегі құрылыс объектілерінің деректер базасының тиімділігі, пайдалы тұстары кеңінен сөз болды.
Асқар Исабекұлы жүргізіліп жатқан әрбір құрылыстың сапалы атқарылуы адам өмірінің қауіпсіздігімен байланысты екенін баса айтып, бұл бағытта жұмыстар қашанда назардан түспеу керектігін ескертті. Өңір басшысы мердігерлердің құрылыс жұмыстарын бақылау шараларына тапсырыс беруші тарап негізінде ауылдық округ әкімдері де барынша атсалысу керектігін алдыға тартты. Бұл облыс әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70-ө өкімімен бекітілген жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмдеріміндегі міндеттемелермен де өзектесетіні сөзсіз. Ол үшін бекітілген арнайы іс-шараға бірқатар өзгерістер енгізіп, құжат негізін күшейте түсу керектігі айтылып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

ПІКІР