Құрылыс сапасына қадаға қажет

0 0

Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ аймақ басшысының орынбасары аудан халқымен жүздесіп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ауданға ат басын бұрған Еркебұлан Дауылбаев алдымен Талас ауылындағы Н.Гоголь атындағы мектепке табан тіреді. Іргетасы 1973 жылы қаланған білім ошағы ғимаратының жағдайы қанағаттанарлықсыз екен. Сондықтан мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыны ескерген аудан басшылығы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттарын дайындап қойыпты. Оның құны 319,3 миллион теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Мектеп ғимаратын аралап көрген облыс әкімінің орынбасары жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар беріп, құрылыс материалдарына тапсырыс берерде сапасына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Айта кететіні, бүгінде Байзақ ауданында күрделі жөндеуді қажет ететін 5 мектеп бар екен.
Мұнан соң Еркебұлан Әбілханұлы Қостөбе ауылындағы Қостөбе орта мектебінің де жағдайымен танысты. Қазіргі таңда 150 орындық мектепте 446 оқушы білім алуда. Дегенмен 1975 жылы салынған білім ошағында спорт және мәжіліс залдары мен асхана қарастырылмапты. Ендігі жерде осы олқылықтың орны толтырылып, мектепке спорт зал, мәжіліс залы мен асханадан бөлек, 3 оқу бөлмелері және газбен жұмыс істейтін қазандық ғимаратын салу жоспарланып отыр. Жүргізілгелі отырған осындай құрылыстың жоспарымен танысқан Е.Дауылбаев аудандық құрылыс бөлімінің басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Тілге тиек ете кететін жайт, аталған құрылысты жобалаушылар тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес қаржыны үнемдеуге тырысқан. Мәселен, бой көтеретін спорт зал мәжіліс залының да рөлін атқара бермек. Тек зал маңынан мәжіліс залына қажетті орындықтар тұратын бөлек бөлме салынса болғаны. Бұл тұрғыда алдағы уақытта облыстық бюджеттен қаржы қарастырылмақ.
Іссапар барысында Еркебұлан Дауылбаев Сарыкемер ауылындағы туберкулезге қарсы амбулаторияның да жұмысымен танысты. Аудандық орталық ауруханаға қарасты жаңа емхананың құрылысы жүргізілетіндігіне байланысты жұқпалы аурулар бөлімшесі аталған амбулаторияға көшіріледі екен. Қазіргі таңда амбулаторияның жағдайы мәз емес. Қабырғасы сетінеп, шатырынан су ағып тұр. Сондықтан ол ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Құрылыс бөлімінің мамандары осындай жұмысқа бюджеттен 35 миллион теңге қаржы сұрап отырғандарын жеткізгенде Еркебұлан Дауылбаев бұл қаржының еш қисынға келмейтіндігін алға тартып, 33 миллион теңгеге дәл осындай амбулаторияны жаңадан көтеруге болатындығын жеткізді. Бұл істе алдымен жобалық-сметалық құжат әзірлеуді тапсырып, салғырттыққа жол бермеу қажеттігін баса айтты.
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Ақшолақ ауылындағы құрылысы қызу жүріп жатқан мектепке барды. 120 балаға арналған оқу ордасына облыстық бюджеттен 625 миллион теңге бөлініпті. Ондағы құрылыс жұмысына қаныққан Еркебұлан Дауылбаев құрылыстағы кем-кетіктерді түзеуді тапсырды. Мәселен, мектепке кіретін негізгі есіктің тура алдына колонна орнатылыпты. Бұл өз кезегінде мектеп оқушыларының кіріп-шығуына кедергісін келтіреді. Сонымен қатар Еркебұлан Әбілханұлы мектеп маңын абаттандыруды қазірден бастау керектігін, ондай шараларды құрылыс жұмысының соңына қалдыру міндет емес екендігін қадап айтты.
Облыс әкімінің орынбасары іссапар аясында аудан активімен кездесті. Жиында Е.Дауылбаев облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына құрылыс нысандарының деректер базасын іске асыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ ол өзі жетекшілік ететін салалар бойынша басқарма басшыларының есебін тыңдады. Бірінші болып хабарлама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кадр мәселесі облыс бойынша өзекті екендігін атап өтті. Соған қарамастан өткен жылы байзақтық дәрігерлердің қатарын 8 жас маман толтырыпты. Дегенмен ол мамандар жергілікті әкімдік уәде еткен әлеуметтік көмектерге қол жеткізе алмаған. Осындай мәселелерді алға тартқан басқарма басшысы маман тапшылығын жоя алмай отырған шақта жығылғанға жұдырық болып отырғанын сөз етті. Өз кезегінде Е.Дауылбаев аталған мәселенің мәнісін аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтен сұрағанда ол жарытып жауап қата алмады. Тағы бір айта кетерлігі, ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік бойынша 8 дерек тіркеліпті. Бірақ мұның себебін аудан атқамінерлері өзге ұлт өкілдерінің ерте тұрмыс құруымен байланыстырып, бүгінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Мұнан соң мінберге көтерілген облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қанат Айтқұлов, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Досанов және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков өз салалары бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептерін беріп, аймаққа қатысты өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Облыс әкімінің орынбасары тапсырылған жұмыстарға немкеттілікпен қарамай, іс жүзінде орындалуын баса айтты. Яғни, нәтижелі жұмыс істеу аудан әлеуетінің артуына сеп болмақ.
Аудан активі кездесуінен шыққан соң Еркебұлан Дауылбаев Сарыкемер ауылындағы «М.Карпыков» автостансасын ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру жұмысымен танысты. Бұл станса аудан әкімі мен басқарма арасында жасалған келісімге сәйкес ІІІ тоқсанда ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендірілуі қажет екен. Сондай-ақ Е.Дауылбаев осы елді мекенде көпбалалы отбасыға берілетін пәтердің жағдайымен танысып, баспананың жай-күйіне көңілі толатындығын білдірді.
Бұдан кейін өңір басшысының орынбасары қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға алғаш болып келген аудан тұрғыны Шапай Таңатаров жол мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Ровный – Мырзатай, Тараз – Түймекент, Бурыл– Мырзатай аралығындағы жолдар шұрық тесік екен. Салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып, адам шығыны болып жатқан көрінеді. Сондықтан ол жолдарды жөндеп беруін өтінді. Оның көтерген мәселесі бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков жауап беріп, ауданның бірқатар жолдары биыл жөндеуден өтетінін, қалғандарына келесі жылы қаржы қаралатынын жеткізді. Қабылдау барысында бұдан өзге де ауылдарға әлеуметтік нысандардың салынуы жөніндегі сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың аудандағы іссапары халықпен кездесумен қорытындыланды. Басқосуда жұртшылық әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Аудан халқы газ, су құбырын тарту, баспаналы болу сынды шешімін таппаған мәселелер бойынша сала мамандарынан мардымды жауаптар алды. Өз кезегінде Еркебұлан Әбілханұлы аудан әкімі Р.Рахманбердиев пен бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Шынболат Сейдуалиев,

Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.