Жамбыл жаңалықтары

Құрылысқа қатысты материалдарды өзге өңірлерден іздеудің қажеті жоқ

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс саласындағы кәсіпорындардың жаңа маусымға дайындық барысымен танысуды жалғастыруда.
Жалпы өңірімізде құрылыс маусымы басталып кетті. Алайда жұмыстың негізгі көлемі әлі қарқын алған жоқ. Тараз қаласын аралау барысында өңір басшысы «Альтаис Групп» холдингіне кіретін кәсіпорындарға ат басын бұрды.

Асфальт-бетон зауыты елімізде алғашқылардың бірі болып қиыршықты-мастикалық асфальт қоспасын шығаруды қолға алған, оның нақты қолданысын Тараз қаласындағы орталық алаңынан көруге болады. Қазіргі уақытта мұнда сағатына 180 тонна асфальт-бетон шығарылуда, өндірістік процесс толығымен автоматтандырылған, сондықтан зауытта бар-жоғы 13 адам еңбек етуде. Сондай-ақ кәсіпорында сыйымдылығы алты мың тонна битум шұңқыры, 4,5 мың тонна инертті материалдар қоймасы, 150 тонна қазандар, шикізат пен дайын өнімнің сапасын бағалау зертханасы жұмыс істейді. Бұдан басқа, холдингтің Меркі ауданында қуаттылығы сағатына 56 және 35 тонна болатын осы секілді екі зауыты бар.
Битум Павлодар мұнай-химия зауытынан, «Газпромнефть-Қазақстан» ЖШС Шымкент шағын зауытынан және Ақтаудағы «Каспий-Битум» кәсіпорнынан сатып алынады. Зауыт инертті материалдармен бекуін жақсарту үшін оны түрлі қоспалармен қанықтырады.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, өңір бойынша сыйымдылығы 30 мың тонна битумды құрайтын қойма бар.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қазақстандық өндірушілермен жедел келісімшарт жасап, қолда бар битум қоймаларын толтыруды ұсынды.
Бір аумақта орналасқан «Южкомторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тауарлық бетон және темір-бетон бұйымдарын шығарады. Онда 34 адам жұмыс істейді десек, олардың орташа еңбекақысы 150 мың теңгені құрайды.
– Ағымдағы жылы Ақкөл көліндегі бөгетті қайта жаңғыртуды, «Тасөткел» су қоймасын және көптеген су шаруашылығы арналарын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс ауқымды, сондықтан барлық қажетті материалдарды дайындау қажет.
Жергілікті қамтуды арттыру бойынша құрылыс компанияларының қызметіне бақылау жасалады, – деп атап өтті өңір басшысы.
Холдинг басшысы Әлімбек Жұмабаев кепілдік қызмет көрсету ережесіне жолдағы жарықтарды жабу шартын енгізуді ұсынды. Бұл жолдардың сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Ал қосымша шығындарды тек өз ісіне немқұрайлы қараған құрылысшылар көтереді.
2010 жылы іргесі қаланған «Тараз Каусар Мұнай» ЖШС мұнай базасы бір мезгілде бес мың тоннаға дейін мұнай өнімдерін сақтай алады. Ағымдағы жылдың қаңтар айында мұнда 14 қызметкердің жалақысы 25 пайызға өскен. Бензиннің көтерме бағасы литріне 120 теңге болса, дизель 170 теңге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 158 теңгеден.
Бердібек Сапарбаев коронавирустық инфекцияны таратпау бойынша қорғау шараларының қалай сақталатынын, дезинфекциялық іс-шараларды жүргізудің жүйелілігін тексерді.
«Таразқұрылысинвест» ЖШС логистикалық қызметтер көрсетеді, азаматтық және өнеркәсіптік ғимараттарды, газ құбырлары мен инженерлік желілерді жүргізеді, құрылыс материалдарын шығарады. Ағаш өңдеу цехы, шыны пакеттер мен құрылыс материалдарын өндіру цехтары жұмыс істейді. Ұжымда 250 адам тер төгуде десек, олардың орташа жалақысы 145 мың теңгені құрайды.
Облыс әкімі терезе және есік профильдерінің өндірісін қолға алуды ұсынды. Бүгінде олар өңірімізге Алматыдан жеткізілуде.
– Ағымдағы жылы Тараздағы 165 ауланы абаттандыру ісі жоспарланған, сондықтан балалар ойын алаңдары үшін кішігірім архитектуралық нысандар өндірісін еселеу керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР