Жамбыл жаңалықтары

Құрылыста қатып қалған қалыптан арылу керек

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы жол жөндеу жұмыстарымен бірқатар орта білім беру мекемелері нысандарының тынысымен танысты.

Байзақ батыр көшесінің бойындағы ұзындығы 1,17 шақырым болатын автожолдың орташа жөндеу жұмыстарын «Тараз Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Оның құрылысына 20 адам, 12 бірлік техника жұмылдырылған. Мердігер компанияның директоры Майра Молдабаева өңір басшысына жөндеу жұмыстары барлық технологиялық шарттарды сақтай отырып, кесте бойынша жүргізілетінін баяндады.
Өз кезегінде облыс әкімі жұмысты кешенді түрде жүргізу керектігін жеткізді. Жолды жөндеумен қатар тротуар төселіп, арықтар реттеліп, қажет болған жағдайда жарықтандыру тіректерін жаңартуды да тапсырды.
Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Әйтиев пен Желтоқсан көшелеріне ат басын бұрды. Мамыр айының бірінші күнінен бастап «Арайстроймаркет-2003» ЖШС аталған көшелердегі автожолды орташа жөндеуден өткізуде. Компания директоры Мұратбек Есібаевтың айтуынша, жұмыс белгіленген мерзімде аяқталады деп көзделуде.
Ағымдағы жылы Таразда бірқатар білім беру нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары басталмақ. Атап айтсақ, Шалғай Қарасу тұрғын алқабында 600 орындық мектеп салу жоспарлануда. Алқапта мектеп жасындағы 800-ден астам бала тұрады. Мұнда өзіндік оқу мекемесі болмағандықтан, олар күн сайын қалада орналасқан мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Жергілікті тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрген әкімдік қаржы ресурстарын қарастырып, мердігерді анықтаған. Бердібек Сапарбаев жаңа мектеп салынатын орында болып, жобалаушылар және мердігерлермен жобаны жан-жақты талқылады.
– Ғимараттар салу кезінде қатып қалған қалыптан арылып, ерекше және тартымды формаларды қолдану керек. Ең әуелі, ғимараттың қасбетінің тартымды болуына ерекше көңіл бөлген дұрыс. Нысанның мүмкіндігінше жарық болғаны жақсы. Ол үшін бөлмеаралық қабырғаларды шыныдан жасау керек шығар. Акт залы сыйымды және құрылыс нормалары мен ережелері сақталуы керек, – деді Б.Сапарбаев.
Ал қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа нысанға жақын көшелерді асфальттау және көріктендіру-көгеріштендіру тапсырылды.
Негізі Тараз қаласында өткен ғасырда салынған бірнеше мектеп бар. Олардың арасында ең ескісі – №22 орта мектеп. Оның бірінші корпусы 1980 жылы, екінші корпусы 1972 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі кезде аталған орында жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, қажетті қаржы бөлінген.
Бердібек Сапарбаевтың пікірінше ХІХ ғасырдың соңында салынған ескі ғимаратты аймақтағы өлкелік музей ретінде сақтап, пайдалануға болады. Енді 10 күннен кейін №2 мектептің апатты жағдайдағы бірінші корпусын бұзу қолға алынады. Оның іргесі 1938 жылы қаланған. Жаңа мектеп 318 оқушыға арналған.
Ағымдағы жылы тағы да №16 және №4 мектептер жаңартылмақ. Ескі мектеп корпустарының орнына жаңа ғимараттар салынады. Олардың мердігерлері анықталып, тиісті қаржы бөлінген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР