Құрылыстың жобалық құнын қысқарту қазына қаржысын үнемдейді

0 0

Қазына қаржысын үнемдеу–елдің игілігін еселеудің оңтайлы тәсілі. Өйткені, негізсіз шығыннан үнемделген қаражат ең әуелі халықтың қажеттілігіне жұмсалмақ. Дәл осы мәселеге «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы басымдық беріп, биліктің барлық тармағының өкілдерін қазынадан бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізуге шақырды. Елбасы салаға жүргізілген тексерістердің нәтижесі құрылыс құнының кей жағдайда жобалық құжаттарды әзірлеу кезеңінде-ақ арттырылып көрсетілетіндігін атап өтті. Сәйкесінше, біздің облыста өңір басшысының бастамасымен бюджетті үнемдеп, оны тұрғындардың нақты қажетіне бағыттау шаралары жыл басынан қолға алынған болатын.

Наурыз айында облыс әкімі А.Мырмахметов «Бюджет заңнамасының орындалуының тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекітті. Осылайша өңірде қазына қаржысын есеппен жұмсаудың мол мүмкіндіктері қаралды. Бірер жылда халық қажеттілігіне жарайтын әлеуметтік нысандар құрылысының үш жылдық жол картасы жасалды. Бұл карта ең алдымен нысандардың қажеттілігіне мән береді. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттаманы уақытылы әрі тиімді дайындауға назар аударылады. Аталған жоспарға сай облыс бюджетін оңтайлы пайдаланудың арнайы регламенті де бекітілді. Регламентке сай 133 жобаны іске асыру мүмкіндігін қайта қараудың нәтижесінде 10 миллиард теңге үнемдеу жоспарланып отыр. Бюджетті оңтайландыру шаралары әуелі құрылыс саласын қамтып, регламентке сай құрылыс нысандарының құны қысқартыла бастады. Мәселен, ендігі жерде білім беру нысандарының құрылысы бір оқушы үшін 16,85 шаршы метр әдісіне сай жүргізілмек. Бұл норматив 100 оқушыға арналған мектеп көлемін 1 500 шаршы метрге дейін түсіру мүмкіндігін берді.
–Облыс әкімімен бекітілген «Бюджет заңнамасының орындалуының тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында құрылыс саласындағы бірқатар жобалар қайта қаралды. Тиісті регламентке сай қайта қарау кезінде ғимараттың құрылыс алаңы, жер учаскесі көлемінің тиісті нормадан аспауы қатаң қадағаланды. Нәтижесінде кей жобаларда бұл параметрлердің асыра жоспарланғаны анықталып, құрылыс жұмыстарының құны тым қымбатқа түскен. Осы факторды негіз ете отырып, облыс аумағындағы 23 құрылыс нысаны оңтайландырылды. Әу бастағы құны 22,4 миллиард теңге болған бұл нысандардың бағасы оңтайландыру есебінен 8,2 миллиард теңгеге дейін арзандады. Оңтайландыруға жатқызылған нысандардың 12-сі білім саласында. Олардың жалпы құны 11 миллиард 94 миллион 470 мың теңге болса, оңтайландыру шараларынан кейін бұл көрсеткіш 4 миллиард 722 миллион теңгеге дейін төмендемек,– дейді облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының бас маманы Ғалым Исақов.
Жауапты мамандар білім саласындағы нысандар құнының қымбатқа түсуінің себебін құрылыс көлемінің тиісті нормативтерден ауытқуымен байланыстырады. Мәселен Сарысу ауданы, Досбол ауылында 50 орындық негізгі мектеп құрылысына дайындалған жобалық-сметалық құжаттама бойынша ғимараттың құрылыс алаңы 842 шаршы метрді құрауы тиіс екен. Алайда құрылыс көлемі 635 шаршы метрге артық жоспарланып, ондағы құрылыс жұмыстарының құны 130 миллион теңгеге қымбаттап шыға келген. Сондай-ақ Меркі ауданындағы Тескентоған ауылындағы 150 орындық мектеп құрылысына дайындалған жобалық-сметалық құжаттамада нысан көлемінің 744 шаршы метрге артық жоспарлану есебінен құрылыс құны 126 миллион теңгеге қымбатқа түскен. Дәл осындай нормативтерді көзге ілмеуі есебінен Жуалы ауданындағы 80 орындық мектептің жобалық құны 624 миллион теңгені құраған. Оңтайландыру нәтижесінде бұл көрсеткіш 289 миллион теңгеге дейін төмендеген. Мұнан бөлек Қордай ауданында 150 орындық мектептің құны 962 миллион теңгеден 465 миллион теңгеге дейін арзандатылды. Мойынқұм ауданындағы Радай каналына салынатын көпір құрылысының құны да 3 есеге дейін азайтылған.
Негізінен құрылыс құнының жоғары болуына ондағы сәулет жоспарлау тапсырмасының әу баста дұрыс әзірленбеуі себеп болды. Сондықтан да облыс бюджетін оңтайлы пайдаланудың арнайы регламентінде нысанның инфрақұрылымға қосылу нүктелеріне жақын болуы, географиялық тұрғыдан дұрыс орналасуы сынды талаптар қарастырылған.
Осы орайда, нысандарды өзектілікке қарай жоспарлау жүйесі де қолданысқа енгізілді. Бұл жүйе нысандардың құрылыс шығындарын біріздендіруге жол ашты. Мәселен, бұған дейін медициналық–фельдшерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды салуға 65-90 миллион теңге жұмсалып келсе, ендігі кезекте бұл қаражаттың мөлшері 30-45 миллион теңгенің аралығында болмақ. Сол секілді спорттық сауықтыру кешенінің құны 227 миллион теңгеден 115 миллион теңгеге, ауылдық клубтың бағасы 200 миллион теңгеден 70 миллион теңгеге дейін төмендетілді.
Құрылыс жұмыстарын жүргізуге кететін шығындарды қысқартудың оның сапасына әсер етуі көпті мазалайтындығы белгілі. Бірақ сала мамандары қаржыны қысқартудың сапаға ешқандай әсер етпейдігін алға тартады. Қысқарту жұмыстарында ең әуелі құрылысты жүргізуге қойылатын талаптар мен нормативтердің сақталуы мықтап зерделенеді. Саладағы негізсіз шығындарды оңтайландыру арқылы өңір тұрғындарына қажетті әлеуметтік нысандармен қамту мәселесін уақыт оздырмай шешу мүмкіндігі жасалынуда. Мәселен, құрылыс шығындарын оңтайландыру есебінен 49 милллион 941 мың үнемге қол жеткізу жоспарланған мәдениет саласында алдағы 3 жылда елді мекендерді мәдени нысандармен қамту мәселесі шешілмек. 2021 жылға дейін облыс аумағындағы мүлдем мәдениет үйі жоқ 26 елді мекенде мәдениет нысандары бой көтереді. Ал 2020-2025 жылдар аралығында өңірде 14 мәдениет үйі пайдалануға берілмек.
Осылайша облыстағы қазына есебінен бой көтеретін құрылысты қаржыландыруда мейлінше үнем жасау ісі алғашқы жылдан-ақ өз нәтижесін бере бастады. Бұл фактордың облыстағы құрылыс жұмыстарының қарқын алып, таяу жылдары тұрғындарды аса қажетті әлеуметтік нысандармен қамту мәселесін шешуге мүмкіндік беретіндігі ешқандай күмән туғызбайды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.