Құсбегілік – қанмен келетін қасиет

0 11

Қазақ халқының ежелден келе жатқан асыл дәстүрінің бірі – құсбегілік. Құсбегілік – қазақтың қанға сіңген тектілігін, жігіттердің серілігі мен жүректілігін, білектілігін танытатын және қырандай қырағылықты талап ететін дәстүрлі өнер.

Батырлар мен ақындарды тудырған Талас топырағы ұлттық өнердің де құтты мекені. Ауданымызға қарасты Аққұм ауылының тұрғыны бүгінгінің серісі Нұртөре Төребектің ісі көпке үлгі.
«Әке көрген оқ жонар…» демекші, Нұртөреге қолына қыран қондырып, бүркіт баптаудың қыр-сырын әкесі Төребек үйреткен. Төребек аға әкесі Аязбек атадан үйренгенін бала бойына жастайынан сіңірген. Құсбегілік қанмен келген қасиет болған соң, Нұртөре де оны ұршықша иіріп, игеріп кеткен. Теледидардағы арнайы хабардан ғана көріп жүрген бүркітшілік өнердің қыр-сырын сері жігіттен айтып беруді өтіндік.
– Мен құсбегілікпен 12 жасымнан айналысамын. Бүркітші болуға баулыған әкем алғаш қаршыға әкеліп берді. Қуанышым қойныма сыймай, бірден атқа қонып, қаршығамды аңға салуға асықтым. Әр істің өз қиындығы мен қызығы қатар болатыны секілді, құс баптау да үлкен шеберлік пен шыдамдылықты талап етеді. Бүркіт ұстаудың екі жолы бар. Біріншісі – балапан кезінен ұядан алып, қолдан баулу. Екіншісі – бүркітті тағы күйінде ұстап үйрету. Балапанды жемдей жүріп шақырып, тұғырға отырғызып, томаға кигізіп, балақ бау тағып, қолға қондыра бастаймыз. Ұшуға жараған соң етке қант бүркіп, оны қоян, түлкі, қарсақ сияқты аңның терісіне орап, шыжыммен сүйретіп жүріп шырға тартамыз. Содан соң ғана жас бөлтірік, түлкінің күшігі сияқты әлсіз аңдарды тірідей шоқытып ауыздандырамыз. Ал тағы күйіндегі бүркітке алдымен томаға кигізіп, бос керген арқанға отырғызамыз. Бастапқыда бой бермей, біраз мінез көрсетіп бағады. Тыныштығы бұзылған бүркіт ұйқыдан қалжырап, шаршап шыққан тағы бірнеше күннен кейін ырыққа көніп, жем тартады, өзімізге үйір бола бастайды. Шақыруға көнеді. Мұндай тағыларды 50-60 күннен кейін ұшырып, ұсақ аң алдыруға болады. Аңға салынатын бүркіт біршама қоңды, жемге шабытты, сергек күйде болуы керек. Бұл үшін бүркіттің бабы жақсы болғаны жөн. Бүркітші бүркіт баптаудан бөлек, бүркіт алатын аңдардың жатағын, өрісін, ізін біліп, байыптай алуы қажет, – деген Нұртөре сайын далада серілік құрып, қансонарда аңға шыққан бүркітшінің жанынан бүркітінен бөлек аяқ бау, балақ бау, тұғыр, балдақ, томаға, сапты аяқ, биялай, жеңсе бұрау (түлкі бұрайтын айыр бас шыбық), жем қалта, шыжым, пышақ, ине, тарамыс, бөлеу сынды дәнекер жабдықтардың болатындығын да әңгімеледі.
Ұлттық өнерді ұлықтаған Нұртөре бүркіті Мұзбалақпен бірнеше жарыстарға қатысып, өнер көрсетіп жүр. Халықаралық деңгейдегі Қырғыз Республикасында өткен «Көшпенділер» ойынына және Біріккен Араб Әмірлігіндегі фестивальға қатысқан. Сонымен қатар облыстық «Әулиеата» құрама командасының мүшесі. Бүгінде Нұртөре Мұзбалақ бүркіті, Көкжендет қаршығасы мен Ақбілек, Түйеқұс атты тазыларымен қанжығасы майланып жүр.
Сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіт құсбегіліктен бөлек, жамбы ату ұлттық ойын түрімен де айналысады. Ат құлағында ойнайтын Нұртөре ауылда жүріп-ақ ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлес қосып келеді. Бүркітшінің алдағы мақсаты– ұмыт бола бастаған ұлттық өнерді ұлықтап, болашақта шәкірт тәрбиелеу.
Нұртөренің арман-мақсатына жетіп, биік белестерді бағындыруын тілейміз.

Индира ЕРКІНҚЫЗЫ,
журналист

Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.