«Қыл көпір»

0 0

Тұрғындар қауіпсіздігі назардан тыс қалмауы керек

Облыс орталығы Тараз шаһарында соңғы жылдары атқарылған жұмыс аз емес. Көз көріп, көңіл марқаяды. Дейтұрғанмен шешімін күткен мәселелердің де көп екенін редакциямызға түсетін оқырмандарымыздың хаттарынан — ақ анық байқауға болады. Жуырда редакциямызға хабарласқан «Талас» ықшамауданының тұрғыны көпті алаңдатып, үрейін алып тұрған көпір жайлы жанайқайын жеткізді.

Газет үшін әрбір оқырман маңызды. Сондықтан хабар алысымен керіліп отырмай айтылған мекенжайға аттанып кеттік. Алыстан менмұндалап тұрған көпірді табу қиынға түскен жоқ. «Алтыншы аумақтық округ пен «Талас» ықшамауданын жалғап тұрған көпір құлауға шақ тұр» деп дабыл қаққан тұрғын сөзінің жаны бар екен. Расымен-ақ Зербұлақ каналының үстіне қойылған көпірдің (суретте) үстімен жүріп өткен былай тұрсын, сырттай қарап тұрып бойыңды қорқыныш билейді. Жанынан безген немесе күнделікті өтіп жүрген, қыр-сырына қанық адам болмаса, жай адамның жүрегі дауалай бермейтіні анық. Сол себепті де аман-есен каналдың екінші бетіне жете алатынымызға көз жеткізіп алу үшін тұрғындардың өтуін күттік. Көп күттірмей немересін жетектеген орта жастағы ер кісі келіп, көк мұзға тағасыз түскен аттай кібіртіктеп өте шықты. Содан кейін ғана бойымызда аз да болсын сенімділік пайда болып, жанымызды шүберекке түйіп, қорқақтай қадам бастық. Естіп-білген бір бөлек, барып-көрген тіптен бөлек. Ұзындығы он бес метрге жуық көпір үстімен жүріп өтеміз дегенше шыбын жанымыз мұрнымыздың ұшына келді. Тұсауын жаңа кескен бүлдіршіндей қалт-құлт етіп каналдың екінші бетіне өткенде іс-қимылымызға миығынан күліп тұрған бейтаныс кісіні көрдік.
– Біршама уақыттан бері сыртыңнан бақылап тұрмын. Шамасы көпірден алғаш рет өтіп тұрған секілдісің. Ал біз күніне сан мәрте өтеміз. Қорқа-қорқа батыр болдық. Алғашында жүрексінетінбіз. Ал қазір етіміз үйреніп кетті. Әсіресе егде жастағы кісілерге өте қиын. Жауын-шашын болған күндері мүлдем жүре алмай қалады. Себебі көпірдің бетіне қар түскенде сырғанап, аяқ алып жүре алмайсың. Тайып жығылып, аяғын, қолын зақымдап алған кісілер көп. Әрі бір шетіне қарай қисайып, еңкіш тартып тұр. Енді бірнеше жылда мүлдем жарамсыз болып қалатын секілді. Көпірден күніне кем дегенде екі жүзден аса, мүмкін одан да көп адам өтеді. Жақын аялдамаға жету үшін көпірден өтуден басқа жол жоқ.
Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, көпірімізге көңіл аударып, ретке келтіріп берсе деген тілегіміз бар, – дейді тараздық тұрғын Лариса Анотольевна.
Тұрғындардың айтуынша, қауіпті екендігіне қарамастан көпір үстінде жас балалар да көп ойнайтын көрінеді.
– Қазір жасым алпыстан асты. Әлі есімде, бала кезімде осы көпірдің үстінде ойнап, жақтауынан суға секіретінбіз. Демек көпірдің соғылғанына жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында көпірге бір мәрте болсын жөндеу жұмыстары жүргізілгенін көрген емеспін. Біз секілді жасы үлкен кісілерге көпірден өту пышақтың жүзімен жүріп өткенмен бірдей. Жарығы да жоқ болғандықтан кеш батқаннан кейін тіпті жүре алмай қаламыз. Сондықтан көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аумағы жарықтандырылса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Өмірбек Байділдаев көшесінің тұрғыны Василий Михайлович.
Ал тұрғындарды толғандырған мәселені алға тартып Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырылғанымызда ағымдағы жылы көпірді жөндеуге қаржы қарастырылмағанына көз жеткіздік. Ең алдымен көпірге толықтай зерделеу жұмыстары жүргізіліп, егер шынымен-ақ жарамсыз күйде болса, тиісті жұмыстар жүргізілетін көрінеді.
Әрине шаһарда түйіні тарқатылмаған мәселелер баршылық. Бұрын да болған, келешекте де бола береді. Дегенмен кейбір мәселе қала билігінің назарында болғанымен, қажеттілігіне қарамастан мүлдем қараусыз қалған көпір секілді енді кейбір мәселеге түрлі себеппен мүлдем көңіл аударылмауы мүмкін. Сондықтан да «айтпады, біз білмей қалдық» деп жүрмесін деген оймен қолға қалам алып, тұрғындардың талап-тілегін жеткізуге тырыстық. Біздің де, тұрғындардың да көздегені – сын садағын уға батырып, қала билігіне қарата атып, жұмысын жоққа шығару емес. Ертеңгі күні адам шығыны болып немесе өзге де төтенше жағдай орын алмай тұрғанда қауіптің алдын алса деген ой ғана.

Т.Берікбайұлы,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.