Мәдениет

Қылқалам шеберлері шырайлы шаһардың көркін кескіндеді

Written by Aray2005

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Әулиеата бояулары» І  халық шығармашылығы фестивалі өтуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты айтулы өнердің бір пұшпағы сурет өнеріне халықтың қызығушылығын арттырып, өлкеміздің көркем табиғаты мен тарихи орындарын кескіндеу. Сондай-ақ қылқаламды жанына серік еткен жергілікті шеберлердің шығармашылығын насихаттау болып табылады.

Жалпы фестивальдің барысы екі кезеңнен тұрады. І кезең 31 мамыр мен 6 маусым аралығын қамтиды. Суретшілер бірінші кезеңнің 1-2 маусым күндері Тараздың белгілі тарихи-мәдени орындарын салады. Одан соң аудандарға сапар шегіп, өздеріне тиісі өлкелердің келбетін кескіндейді.  Ал екінші кезең 7 маусым күні іс-шараның салтанатты жабылуы, марапаттау рәсімі өтеді. Сонымен қатар, осы шара аясында көрме ұйымдастырылып, пленэрге қатысушы суретшілердің шығармалары мен өлкемізге белгілі қолөнер шеберлерінің және фотосуретшілердің тың туындылары қойылатын болады.

31 мамыр күні ұйымдастырушылар келген қонақтарға қаланың тарихи-мәдени орындарын аралатып, экскурсия жасатты. Экскурсия барысында суретшілер өздеріне ұнаған, шығармаларына арқау болатын орындарды таңдап отырды. Фестивалдің бірінші кезеңі аясында 1-2 маусым күндері қатысушылар өздері таңдаған орындарын бейнелей бастады. Олар Қараһан – Баба, Айша бибі, Ақыртас қалашығы, Көне Тараз тарихи-мәдени орыны және Жеңіс саябағының келбетін кескіндеді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан келген  қатысушыларымыз екі шығармадан, Тараздың табиғаты мен тарихи-мәдени орындары бейнеленген жалпы саны 40 сурет жарық көрді.

Бұдан кейін 3 маусым күні суретшілерді өңіріміздің шырайын келтіріп тұрған аудандарға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Ондағы мақсат аудандардағы көрікті орындар мен тұмса табиғатын бейнелеу.

7 маусым күні Б.Момышұлы атындағы  «Жеңіс» саябағында қылқалам шеберлерінің шығармаларынан ашық аспан астында көрме өтеді. Сонымен қоса жергілікті фотографтардың тың туындылары мен қолөнершілердің бұйымдары да ұсынылады. Фестиваль салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталады.

Елдар БОРАНБЕК

ПІКІР