Жамбыл жаңалықтары

Қылмыскерлер «Автоураган»-ның қырағы көзінен құтыла алмайды

Written by Aray2005

Бүгінгі таңда Жамбыл облысының Полиция департаменті өз қызметкерлерінің күнделікті қызметіне сандық технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, өткен жылдың соңын ала Қордай ауданында құқық қорғау органдары жүргізген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижелілігін арттыруға бағытталған «Автоураган» төрт аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істей бастаған болатын. Бұл өз кезегінде қылмыстың ізін суытпай ашуға көмектесіп қана қоймай, азаматтардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.

Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты. Қазіргі заманғы технологиялар қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан да жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендерді орналастыру өңір полицейлерінің де жұмысына серпін беретіні анық.   Сонымен қатар, Қордай ауданының Қырғыз Республикасымен шекаралас орналасуы да аталған ауданға баса назар аударуды талап етеді.

Қордайлық полицейлерге заманауи аппараттық кешенді сатып алуға қаржы бөлу мәселесі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен көтерілген болатын. Нәтижесінде заманауи құрылғылар бүкіл Қордай ауданын тұтас қамтыды. Енді көрші Қырғыз Республикасы, Алматы облысы және басқа да аймақтардан келген барлық көлік ағыны аталған кешендердің қырағы бақылауында болады және оларға қатысты тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.

Жалпы алғанда, бүгінде Тараздың көше жол желілерінде жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін және ұрланған көліктерді іздестіретін 40 кешен жұмыс істеуде. Ал «Автоураган» кешені аймақтың 34 бекетіне орнатылған. Мысалы, облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы ғана «Автоураган» және бейнебақылау құралдарының көмегімен екі кісі өлтіру,  екі   қарақшылық, 32  кісі тонау, 45 бұзақылық, 69 ұрлық және 200 көлік айдап әкету, сондай-ақ 24000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған екен. Ал жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты айыппұл мемлекет  қазынасын 40 миллион теңгеге толықтырған.

Ендігі жерде тиісті кешендер қылмыстың ізін суытпай ашуға, сәт сайын Жамбыл облысына келетін және аймақтан шығатын барлық көлікті бақылауға мүмкіндік береді. Ал елімізде жедел қолға алынған цифрландыру үрдісі Жамбыл полицейлерінің де қызметіне жылдам қарқынмен енгізілгенін айта кеткен жөн. Бұдан кейінгі уақыттарда да облыстық Полиция департаменті облыс әкімдігінің қолдауымен облыстың негізгі көлік жолдары мен басқа да аудандарда осындай «Автоураган» кешенін орнатуды жоспарлап отыр.

egemen.kz

ПІКІР