Қымбатшылық қысып тұр

0 13

Бір жас жігіт базар аралап жүріп, көкөніс сатып отырған сатушылардың ең шетінде сарымсақ сатып отырған апамыздың қасына жақындап келіп, бағасын сұрапты.
– Сарымсақтың келісі 100 теңгеден, балам, – депті апамыз мұңлы дауыспен.
Жігіттің кейуанаға жаны ашып, қалтасынан 100 теңге алып беріпті. Бірақ сарымсағын алмапты.
Осылайша жігіт базарға әр барған сайын апаның сарымсағын алмаса да 100 теңге тастап кетіп отырыпты.
Тағы бір күні жігіт әдеттегідей қалтасынан 100 теңгесін шығарып, ұсына бергенінде апамыз қолынан шап беріп ұстап қалыпты. Сонда жігіт:
– Апа түсінемін сізді. Не себепті 100 теңге беріп, сарымсағыңызды алмай кетіп жүргенімді білгіңіз келетін шығар, – десе, апамыз:
– Жоқ балам, сарымсақтың бағасы 180 теңге болып кетті, – деген екен.

Бірнеше күн бұрын ғана «Instagram» желісінде жарияланған, елдегі қалыптасқан ахуалды әдемі жеткізген әзілді белсенді желі қолданушылары бір-бірімен жарыса бөлісуде. Себебі әзіл болса да күлдіре отырып күрсінтетін бүгінгі күннің боямасыз ащы шындығы.
Иә, соңғы айларда халықты қымбатшылық қос бүйірден қысып, тек өңірімізде ғана емес, республика бойынша азық-түлік тауарларының бағасы күн санап аспандап барады. Мәселен кейбір облыстарда картоптың, сәбіздің келісі 500 теңгеге дейін жетіп, ашынған халық әлеуметтік желіде наразылығын білдіріп жатты. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жыл басынан бері картоптың құны 48,6 пайызға өсіпті.
Ал жуырда Үкімет отырысында баяндама жасаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тек елімізде емес, әлем бойынша азық-түліктің қымбаттауы соңғы 10 жылдың рекордтық көрсеткішіне жеткенін айтты. «Азық-түлік бағасының өсуі бүкіл әлемде байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы құрылымының деректеріне сәйкес, биылғы мамыр айындағы бағалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға өскен. Әлемдік нарық бізге де әсер етті», деді Сауда министрі Үкімет отырысында.
«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демекші, баға әлем бойынша өсіп жатқанда өңіріміздегі ахуалдың да мақтануға тұрарлықтай емес екені айтпаса да белгілі. Өкінішке қарай, аграрлы аймақ саналатын Жамбыл өңірінде де бағаның өсімі байқалады. Кеше арнайы «Ауыл-Береке» базарына барып, халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын көріп, тіпті басымызды шайқадық. Базарда жұмыртқаның бір данасы – 35-38 теңгеден, күнбағыс майының бес литрі (Шедевр) – 3900-4200, жоғары сұрыпты ұнның 5 келісі – 1200, 25 келісі – 4000-4500, картоп – 130-300, сәбіз – 480-550, пияз – 120-150, қызанақ – 350-400, қияр – 200-250 теңгеден сатылуда.
Саудагерлердің айтуынша, бағаның негізсіз өсуіне көкөніс өнімдерінің сырттан тасымалдануы негізгі себеп көрінеді.
– Шыны керек, қарапайым халық бағаны саудагерлер немесе базар иелері қымбаттатып жатқандай көреді. Жер-жебірімізге жетіп ұрсып кететін тұтынушылар да болады. Бірақ ешкім бағаны өзінің қалағанынша қоя алмайды. Нарықтағы ахуалға қарай баға да құбылып отырады. Мәселен қазіргі таңда көкөніс өнімдерінің барлығы Ташкент, Қырғызстан Республикасынан келуде. Өйткені облысымызда әлі жиын-терім басталған жоқ. Сондықтан бағасы да қымбат. Ал өткен жылдан қалған көкөністердің бағасы бірнеше есеге арзан. Бірақ ескіні ешкімнің алғысы келмейді, – дейді аты-жөнін атағысы келмеген саудагер.
Базардағы бағаның бүгінгі жай-күйімен танысқаннан кейін тұрғындармен де тілдесіп, ой-пікірлеріне құлақ түрдік.
– Азық-түлік сатып алу үшін 70 мың теңге алып келген едім. Сенесіз бе, қазір қалтамда 200 теңгем қалды. 11 мың теңгеге 50 келілік ұн, 5 мың теңгеге күнбағыс майын, 6 мың теңгеге 25 келі қант, 1500 теңгеге үш келі сәбіз, 9 мың теңгеге 3,5 келі жылқы етін алдым. Осыдан-ақ өзіңіз есептей беріңіз.
Егер дәл осылай баға шарықтап өсе беретін болса, күндердің күнінде қара шай мен нанды қанағат тұтып, базарға келуді қоятын шығармыз. Тек азық-түлік емес, барлығы қымбаттап кеткен, – дейді Ұлбала Серімбетова есімді қала тұрғыны.
Тағы бір Сәкен Шардарбеков есімді тұрғын аграрлы аймақта көкөніс бағасының шектен тыс өсуі ақылға қонбайтынын айтып, іштегі қыжылын ақтарды.
– Саудагерлерден қымбатшылықтың себебін сұрасаң, көкөністің Ташкенттен, Сарыағаштан келетінін алға тартады. Айтуларынша, бірнеше айдан кейін жергілікті өнімдер шыққанда ғана баға түседі екен-мыс. Бағаның түсетініне сенбеймін. Біраз танысым жыл сайын пияз, картоп егеді. Бірақ ешқашан өнімдерін өңірімізде сатқан емес. Қымбат бағаға басқа аймақтарға сатады. Басқа диқандардың да дәл солай істейтініне сенімдімін. Сондықтан ең бірінші кезекте диқандарға облыс нарығын қамтамасыз етуді міндеттеп, өзге өңірлерге сатуына шектеу қою керек. Егер осы секілді қандай да бір шара қолданбаса, бағаның өскені өскен.
Жаңа ғана бір келі сәбіздің бағасы 500 теңге екенін көріп, жағамды ұстадым. Басқа көкөністердің де бағасын бір шолып шығып, қайтуға оқталып тұрмын. 500 теңге сәбіз, 300 теңгеге картоп алғанша, әлеуметтік дүкендерден бірнеше есе арзан бағаға алғаным тиімді, – дейді С.Шардарбеков.
Тұрғынның өнімді сыртқа сату бойынша айтқан сөзінің жаны бар. Неге дерсіз?! ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың жуырда ғана халық алдында берген есебінде келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстан халқы жылына 3 миллион 693 мың тонна картоп тұтынады екен. Елімізде жыл сайын 4 миллион тонна картоп өндіріледі. Яғни ішкі нарықты өз өнімімізбен 108,5 пайызға қамтып отырмыз. Ал өткен жылы 360 мың тонна картоп немесе тауар түріндегі отандық өнімнің 19 пайызы шетелге сатылыпты. Министрдің айтуынша, бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
Сонымен «іздегенге-сұраған» болып базарға келіп, тауы шағылған Сәкенмен ілесіп Абай даңғылының бойында орналасқан әлеуметтік дүкенге ат басын бұрдық. Дүкенге келуін келгенімізбен, мойын бұруға мұршасы болмай тұтынушыларға қызмет көрсетіп жатқан сатушымен жуық уақытта тілдесудің мүмкіндігі болмады.
Жалпы шай қайнатым уақыт сырттай бақылап тұрып, мұнда адам аяғы үзілмейтінін аңғардық. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Себебі белгілі. Сөреге түскен азық-түліктің бағасы нарықтағымен салыстырғанда әлдеқайда арзан.
Арада біршама уақыт өтіп, келушілер қарасы сирей бастағанда сатушыны сөзге тартып, дүкеннің тыныс-тіршілігімен таныстық.
– Өзіңіз де көріп тұрсыз, келушілер бір сәтке де толастамайды. Таңғы сағат 8:00-ден түнгі 22:00-ге дейін дәл осылай қарбаласып жатамыз. Сенбі, жексенбі де демалыссыз жұмыс істейміз. Тұрғындар дән риза. Әрдайым алғысын жаудырып жатады. Бүгінге дейін тұтынушыларымыз тарапынан ешқандай арыз-шағым түскен емес. Себебі, баға жүйелі. Өнімдеріміздің сапасы да жоғары. Атап өтер болсам, дүкенде жоғары сұрыпты ұнның келісі 125 теңгеден, қанттың келісі 220, күнбағыс майының литрі 560, бес литрі 2800, нан 80, «Бурный сүт компаниясы» серіктестігінің сүті 180, жұмыртқа 25 теңгеден сатылуда. Кеше ғана 48 келі сәбіз алып келген еді. Бір күнде сатылып кетті. Сәбіз базарда 500 болса, біз де 150 теңгеден саудаланады. Жалпы күніне 50-60 келі сәбіз өтеді.
Сондай-ақ ұн, қант қаппен берілмейді. Әр келушіге тек 2-3 келіден ғана сатылады, – дейді әлеуметтік дүкеннің сатышусы Лола Ибрагимова.
Көзбен көргеніміздей өңірімізде күннен-күнге әлеуметтік дүкендерге сұраныс артып келеді. Бұрын шағын бір дүңгіршек күніне 100-150 адамды қамтыған болса, қазір бір дүкен 400-450 адамға дейін қызмет көрсетеді екен. Осылайша әлеуметтік дүкендердің қызметі 4,5 есеге ұлғайған. Тиісінше тек 3 айда дүкендер арқылы 1275 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өткерілген.
Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы сауда және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Арман Түймебаевтың айтуынша, Тараз қаласы бойынша 16 әлеуметтік дүкен ашылған.
– Бағаны тұрақтандыруда әлеуметтік дүкендердің ықпалы зор. Сондықтан олардың санын көбейту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Тараз қаласы бойынша қазіргі таңда он алты әлеуметтік дүкен болса, жер мәселесі шешілсе, тағы бесеуі ашылады. Негізі алдағы уақытта дүкендердің санын отызға жеткізу жоспарда бар. Бүгінгі таңда аудандардың барлығында әлеуметтік дүкен ашылған. Сонымен қатар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен Жуалы, Жамбыл, Байзақ ауданында жаңа форматтағы әлеуметтік дүкен соғылады деп жоспарлануда. Әлеуметтік дүкен ашқан кәсіпкерлерге 0,05 пайызбен 5 миллион теңге несие берілуде. Несие бір жылға беріледі. Берілген несиеге кәсіпкер қажетті азық-түлігін алып, бағаны тұрақты ұстап тұрады.
Сондай-ақ жаңадан іске қосылған екінші тетік «айналым схемасы» бойынша 4 кәсіпкерлік субъектісіне несие берілді. Қаржыландыру келісімі бойынша аталған субъектілерге («Байлық-2014», «Көкжиек-2030» «Бурный сүт компаниясы», «Империя» жеке кәсіпкерлігі) әлеуметтік дүкендерді 19 түрлі әлеуметтік азық-түлікпен қамтамасыз ету жүктелді, – дейді А.Түймебаев.
Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда тұрақтандыру қорында алдағы 4-6 айдағы сұранысты қамтитын жалпы 11 атаулы тауардың 2677 тонна тауар қоры бар. Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 200 миллион бөліп, тауарларды толықтыру шараларын белгіленіпті.
Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов баға жағдайы тұрақты бақылауда екенін айтады. Көпті алаңдатқан картоп пен сәбіз бағасы 1-2 ай ішінде қалпына келеді.
– Жалпы инфляциялық өсім маусымдық сипатқа ие. Бұл жыл сайын осы уақытта қайталанатын қалыпты жағдай. Сондай-ақ баға саясатында өнімнің өзіндік құны да басты фактор саналады. Алайда биыл көкөністер ішінен картоп пен сәбіз бағаларының өсу қарқыны жылдағы динамикасынан жоғары болуда. Алайда көкөністердің барлығы бірдей көтерілген жоқ. Мәселен пияз бен қырыққабат бағалары салыстырмалы түрде төмен.
Талдауға сүйенсек, жылдағы тұрақты өндіріс баға жағдайын қайта қалпына келтіреді. Биылғы өзгешелік ауа райының салқын болуынан оңтүстік өңірлердегі көктемгі дала жұмыстары 20 күнге кешігіп басталды. Демек жаңа өнімді жаппай жинау науқаны маусымның екінші жартысынан басталады. Бүгінгі күнге Түркістан облысы картоп, пияз, қырыққабатың алғашқы өнімін жинауды бастады.
Өткен жылдың екінші жартысынан бері қант, қарақұмық тауық жұмыртқасының, күнбағыс майының бағалары көтерілген болатын. Бағаның көтерілуіне ауа райының қолайсыздығы және құс тұмауы секілді факторлар әсер етті.
Ал биыл қалпына келген құс фабрикаларының өндірісі әсерінен тауық жұмыртқасының бағасы қайта тұрақталуда (бір данасы 35 теңге). Алдағы уақытта баға әлі де төмендейді.
Қалған тауарлар қыркүйек-қараша айында төмендейді деп күтілуде, – дейді Қ.Аманов.
Үкімет отырысында министр Бақыт Сұлтанов та жағдайдың көп ұзамай реттелетінін жеткізген еді. «Өнімнің эскпортқа өткерілуінен картоп тапшылығы орын алды. Маусымдық кезеңдегі тапшылықтың орнын толтыру үшін өнімді сырттан импорттау керек. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Біздің картоп әлі піскен жоқ. Сондықтан Өзбекстаннан жеткізілуде. Ал Өзбекстанда картоп маусымы саябырсығанда, біздің өнім ол жаққа экспортталады. Жылда осылай болады. Шамалы уақыттан кейін отандық картоп сауда нүктелеріне түседі де, жағдай өздігінен реттеледі», деді сонда Б.Сұлтанов.
Яғни дәл қазіргі нарықтағы дүрбелең маусымдық сипатқа ие. Бәрі уақытша. Бағаның тұрақталатын кезі де алыс емес. Халықтың да осы сөзге иланғысы келеді. Басқа амалы да жоқ.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.