"Кәсіпкерлік"

Қымыздан асқан дәм бар ма?

Written by Aray2005

Көне шаһарымыз Тараз қаласында бүгінде қымыз, шұбат бизнесі қызып-ақ тұр. Алғашқы жылдары бірді-екілі ғана киіз үйді қаланың адам қарасы қалың тұстарынан ғана байқап қалушы едік. Бүгінде қымыз сататын киіз үйлердің саны отыздың ар жақ, бер жағына жуықтап қалыпты. Ал ұлттық сусын сататын нүктелер соңғы үш-төрт жылда көбейе түсті.

Бір қуантатыны, қымызханалар қатары қанша артса да қымыз бен шұбатқа деген сұраныс та азаймай отырған көрінеді. Оған кей күндері кешке қарай қымыз бітіп қалып жатқаны дәлел. Мұны сол қымызхана иелері де растап отыр. Тіпті облыс орталығындағы бес-алты қымыз саудалайтын орынды аралап көру барысында биыл шұбат ішуші ағайынның да көбейгенін естідік.
Әрине, шөлбасар сусын ғана емес, көптеген ауруға шипа бола алған қымыз бен шұбаттың төрге озып, әр үйден табылып жатқаны жақсылықтың нышаны. Кезінде бабаларымыз үзбей ішіп, қуат алған, дертіне дауа тапқан ұлттық сусындармыздан кейінгі бірнеше буын қол үзіп қалды. Ауылда азын-аулақ мал ұстап қалғандардың асүйінен үзілмегені болмаса, қалалықтар үшін қат дүниеге айналып кеткені де жасырын емес.
Ұлттық сусын өндірісінің күнделікті тұрмыстан кәдімгі кәсіпке айналып, бәсекелестік ортаға келгенін Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Сәрсен Тасқараев та құптап отыр. Десе де талап пен тәртіп тұрғысынан алғанда әкімдік өкілінің қынжылысына біздің қосылмасқа шарамыз қалмады. Себебі жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға келген кейбір киіз үйлердің санитарлық-гигиеналық талаптарына қарның ашады-ақ.
– Жалпы, Тараз қаласы бойынша 20 нүктеге ғана қымызхана орнатуға қала әкімінің қаулысымен рұқсат берілген. Бірақ жасыратын несі бар, нақты саны бұдан асып тұр қазір. Шамамен отызға жуықтап қалды. Дегенмен біз, шынтуайтында, кәсіпкерлерге қолдау білдіретін мекеме болғандықтан оларға бәлендей тыйым сала алмаймыз, жауып тастауға да қауқарсызбыз. Өйткені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау аясында енгізген мораторий шарасы әлі күшінде. Прокуратура да біздің мұндай әрекетімізді заңсыз деп танып, өзімізге шара қолдануы мүмкін. Дегенмен зерделеу жұмыстары барысында көптеген кемшіліктерді, санитарлық-гигиеналық талаптарды бұзып тұрған жайттарды көріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бірақ әзірге нәтиже аз. Мәселен, киіз үй орналасқан жер таза болуы керек, ол астынан ауа өтетіндей көтеріліп, жерден сәл биіктеу тұрғаны жөн. Сосын кейбір киіз үйлердің ұсқыны көңілден шықпайды. Қалай болса солай көтере салған. Ең болмағанда сыртын әдемілеп, клиент тартатындай етіп қойса болады ғой. Осындай кемшіліктерін айтып бетіне бассақ, бірден өзімізге шап береді. «Президент кәсіпкерлікті қолдаңдар деп жатса, сіздер бізге тиісе бересіздер» деп өзімізге ренжіп, кейде доқ көрсететін кездер де кездесіп қалады. Сондықтан біз бұл мәселеде тек кемшіліктер бойынша түсіндіріп, заң талаптарын естеріне салып, ескерту жасап, полицияға ұсыныс берумен ғана шектеліп жатырмыз. Бөлім қызметкері емес, қарапайым азамат ретінде айтар болсам, сол киіз үйлердің ұсқынын көріп, кейде өзім қысыламын. Неге жан-жағын тазалап, киіз үйін ұқыптап орналастырып қоймасқа? Тараз көне тарихи қала болғандықтан шаһарда шетелдік туристер де жүретінін білеміз. Қымыз бен шұбаттан ауыз тиіп, дәмін татып көргісі келетіндер олардың арасында да жоқ емес. Солардан ұят, – дейді С.Тасқараев.
Әкімдік қызметкерінің айтып отырғанын біз де талай байқадық. Қымызхана иелері киіз үйге келіп сусын ішетіндермен пластик құтымен үйіне алып кететіндер де шамалас екенін айтуда. Ал сол құтылардың тазалық мәселесі де бөлек әрі үлкен мәселе. Өйткені бұрын қолданылмаған құтылармен қатар, түрлі сусындардан босаған шөлмектерге де құйып беріп жатқанын талай көргенбіз. Бұл жердегі санитарлық талаптарға бас қатырып жатқан тұтынушы да, сатушы да жоқ.
– Әрине, ескертуіңіз орынды. Бірақ сол пластик құтының құнының өзі 48-50 теңге. Кейбір клиенттерге сол құты құнын қосып сатсақ ренжіп жатады. Сондықтан бұған дейін қолданылған шөлмектерді пайдалануға өзіміз де мәжбүр боламыз кейде. Бірақ оған бола шу шығарып жататындар көп емес. Мүмкін, халыққа сол тиімді шығар. Дегенмен ондай құтыларды мүмкіндігінше қолданбауға тырысамыз, – дейді өзінің атын көрсетпеуді өтінген қымызхана қожайыны.
– Әрине, ұлттық сусынға деген кейінгі кезде сұраныстың артып, бұл бизнестің дамып келе жатқаны өте құптарлық жағдай. Ол жерде спирттік ішімдік емес, өзіміздің атакәсібіміз – мал шаруашылығының өнімі сатылып жатқандықтан барынша қолдауға тырысамыз. Бірақ тәртіп, талап деген болу керек. Қазір қалада тұрған кейбір көріксіз киіз үйлерден кейбір ауылдағы қойшының киіз үйі әдемі, ыңғайлы.
Сосын заңсыз қымызхана ашылған жерлер көбіне жеке кәсіпкердің, ірі сауда нүктелерінің жалға алған жері. Олар кәсібін ашарда «мына жер сауда аумағы, мына жер санитарлық, көгеріштендіру аумағы» деп эскиздік жобасында көрсетеді. Ал олар сол көгеріштендіру, я санитарлық аумаққа не өздері қымызхана ашып алған, не біреуге субарендаға беріп қойған. Жер менікі екен деп ойына келгенін істеуге блмайды ғой. Жалпы, субарендамен айналысу заңсыз,– деген Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Сәрсен Тасқараевтың сөзінің жаны бар.
Ал қымызхана тұтынушыларының бірқатарымен тілдескенімізде олардың пікірі екіге бөлінді. Біз сөзге тартқан тұрғындардың басым бөлігі бұл бизнестің алға жылжып, қымызханалардың көбейгенін құптады. Қызмет көрсетудің сапасы мен тазалық мәселесінен айтарлықтай олқылық байқай қоймағандарын жасырмады. Дегенмен киіз үйдің сыртқы көрінісіне көп мән берілсе дейді. Олар «көш жүре түзеледі» деген қағидаға сүйеніп, әр нәрсені сылтау етіп қымызханаларды қыспаққа ала бергенше, қайта солардың қатарының көбейгенін көксейді. Ал екінші тарап тазалық пен санитарлық-гигиеналық талаптарға баса мән беретінін ашып айтты.
– Түптеп келгенде қымызды құтымен сатып алып, сервисі жоғары мейрамханаға да барып ішуге болады. Бірақ аурасы бәрібір киіз үйдікіне жетпейді. Киіз үйде өз үйіңде отырғандай әсерде боласың. Сондықтан олардың тазалық мәселесіне бақылаушы органдар тарапынан қатаң қадаға болса. Тіпті кейбір киіз үйлердің қол жуатын орны да жоқ. Барының өзі кейде көңіліңді түсіріп жібереді. Түрлі инфекциялық аурулар өрши түсетін мына жаз мезгілінде қымызханаларда барынша санитарлық жағдай жасалса дейміз,– дейді бүгінде зейнетінің бейнетін көріп отырған Тараз тұрғыны Еламан Тілеубердиев.
Қалай десек те, қымызханалардың бәрінің халі мүшкіл деуден аулақпыз. Мәселен, былтыр қаланың қақ ортасындағы Қ.Рысқұлбеков саябағынан ұлттық сусындар мен тағамдар ұсынатын «Ғибрат» орталығын ашқан құландық ағайынды Дөненбаевтардың бұл кәсіппен айналысып келе жатқандарына он жылдан асыпты. Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев жетекшілік ететін «Шәушен» шаруа қожалығының атакәсіпті, оның ішінде қымыз шаруашылығын дамытудағы жоспары өте ауқымды. «Шәушендіктердің» «Ғибраттан» бөлек, Жамбыл даңғылының бойында тағы бір қымыз сататын нүктесі бар.
– Біз бұл орынды 2015 жылы аштық. Мұнда тек қана өзіміздің қымызды саудалаймыз. Ал шұбатты Байзақ ауданының Шахан ауылынан аламыз. Бұлардан бөлек ағарғанның сүт, айран, құрт, ірімшік, сары ірімшік, қаймақ сынды түр-түрін ұсынамыз. Ашылғалы тұрақты тұтынушыларымыз қалыптасты. Қымыз да, шұбат та үзілмейді. Ораза кезінде тіпті кезек күтіп қалған жұртқа құйып үлгере алмай қалдық. Күніне 500-600 литрге дейін қымыз, шұбатымыз өтіп кетіп жатыр, – дейді сатушы Сайрагүл Дөненбаева.
Тараз қаласындағы қымыз сататын нүктенің бірі – Сүлейменов көшесінің аяғынан қоныс тепкен отбасы. Бұл отбасын тараздақтардың көбі танып қалды. Сол үйдің келіні әрі қымыз сатушы болып клиенттерге қызмет көрсететін Әйгерім де шұбатты жоғарыда айтып өткен Шахан ауылынан алатындарын жеткізді. Ал қымыз қорадағы байлаулы өз биелерінікі. Бұл отбасының қымыз бизнесінен табыс тауып отырғандарына бес жылға жуықтаған. Осы кәсіпке бет бұруларына Әйгерімнің ата-енесі мұрындық болыпты. Олар ата қонысы ауылда жиырма жылдан бері жылқы ұстап, атакәсіпті айналдырып келеді екен.
Шахандағы шаруалар жайлы да сұрап білдік. Ол ауылда оншақты отбасы түйе ұстап, нәпақасын айырып отыр. Өздері ғана ішпей, шұбатты шаһар тұрғындарына да жеткізуде. Солардың бірі – ауылдық мектепте мұғалімдік ететін Бағдат Абылов. Ол осыдан он тоғыз жыл бұрын жалғыз түйемен тірлігін бастапты. Қазір қорасындағы Ойсылқара тұқымы жиырмаға жеткен. Осыны да қанағат тұтып отырған Б.Абылов мемлекеттік қолдаулар арқылы кәсібінің көкжиегін кеңейтуге аса ниетті емес екен. Күніне 10 литрдей шұбат өткеріп отырған шахандық мұғалім қосымша кәсібінің кәдімгідей-ақ пайдасын көріп отыр.
Жалпы, біз шолып шыққан жағдай бір ғана қаланың төңірегіндегі тіршілік. Аудандарда да бұл бизнестің көркі қызып жатқанына биыл бірінші жыл емес. Әйтеуір, ұлтқа тұтқа, көшпелі заманда ішсе сусын, мінсе көлік, кисе киім болған атакәсіп – мал шаруашылығының тасының өрге домалауы түптеп келген бүгінде тұтынушыға да тікелей байланысты. Ал тұтынушы тарту үшін оның көңілінен шығу керек-ақ. Көңілден шығудың төте жолы – жоғары әрі заманауи сервис. Осы қағиданы қымызхана иелері өздеріне бойтұмар етіп алса, бизнестегі алар асуы да, шығар шыңы да биік болмақ.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР