Sport

«Қыран құс не алмайды, салса баптап…»

Written by Aray2005

Саятшылық өнердің қазақ даласында бағзы заманнан бері келе жатқаны белгілі. Ата-бабамыз қыран құсты «Дала сермендесі», «Көк тәңірі», «Аспан еркесі», «Құс патшасы» деп те атаған. Бүгінде осы бекзат өнер қайта жаңғырып, жер-жерлерде түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. Міне, осы игі дәстүрдің жалғасы ретінде Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылында жас құсбегілердің республикалық додасы өтті.

Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен 10 облыстан келген құсбегілер қатысып, дәстүрлі өнерді барынша дәріптеді. Осымен оныншы жыл өткізіліп келе жатқан аламанда 19 бүркіт, 4 ителгі және 5 қаршыға тартысқа түсіп, саятшылардың шеберліктері сыналды.
Үш кезең бойынша өрбіген біріншілікте алдына жан салмаған атыраулық Сармат Абдукәрімұлының қыраны бас жүлдені жеңіп алса, екінші орын Түркістан облысы атынан қатысқан Сайдулла Паңға бұйырды. Үшінші орынды жамбылдық құсбегі Қалысбек Барықтабасов місе тұтты. Ал, қаршығалар сынында жерлесіміз Берікболсын Жалғасұлының қыраны қарсылас шақ келтірмеді. Екінші орынның биігінен алматылық Бекасыл Сейтжан көрінсе, үздік үштікті түркістандық Зәки Махмұтхан түйіндеді. Ителгіні аңға салуда бірінші орын түркістандық Сағи Махмұтханның қанжығасында кетсе, екінші және үшінші орындарды жамбылдық Нұрбек Шәкір мен Байрақ Тастанбек өзара бөлісті.
Жарыс соңында барлық жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұргүл Есмаханова

ПІКІР