Sport

Қырғызбек қарсыластарын қоғаша жапырды

Written by Aray2005

Бүгінде төл спортымызға бөлініп жатқан көңіл де, қолдау да аз емес. Нәтижесінде жамбылдық жампоздар ел біріншіліктерімен қатар, әлемдік ареналарда да атой салуда. Әсіресе қазақтың ұлттық спорты – қазақ күресінен Бейбіт Ыстыбаевтай апайтөс балуандарымыз шығуда. Енді міне, түйе балуандар белдескен күреске балғындарымыз да келіп отыр. Атап айтсақ, күні кеше «Төрткүл» керуен сарайында жасөспірімдер бозкілемде бақ сынасып, «Оқушылар Арланын» анықтады.

Жастар жылына орай облыс әкімдігі білім басқармасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додаға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 87 балуан қатысып, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады.
Жалпы, мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылып отырған тұңғыш турнир 60 келіден жоғары абсолюттік салмақ дәрежесінде және олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Бұл күні балғын балуандардың өнерін тамашалауға «Төрткүл» керуен сарайына жиылғандардың қарасы қалың болды. Балуандарға қолдау білдіріп жан-жақтан қиқулаған жанкүйерлердің даусынан құлақ тұнды.
Әрине, жарыс болғаннан кейін біреу жеңіп, ал біреу жеңіліп жататыны заңдылық. Бұл жолғы бәсекеде Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылы, Абай атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрлан Қырғызбек қарсыластарын алып та, шалып та ұрып, «Оқушылар Арланы» атанды. Ал ақтық айналымда сәл сәттілік жетіспеген облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Бақдәулет Еркінбекұлы ІІ орыннан көрінді. Үздік үштікті Жамбыл ауданы, Аса ауылы, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Жантөре Жұмабай түйіндеді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті­нің ректоры Махметғали Сарыбеков бір жылдық оқу ақысына 50 мен 100 пайыз аралығында жеңілдік тағайындаса, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов І орынға – 150 мың, ІІ орынға – 100 мың және ІІІ орынға 50 мың теңге көлемінде сыйақы берді. Турнир жеңімпазына хас шеберлер қолынан шыққан «Оқушы Арланы» турнирінің логотипі бейнеленген белбеу табыс етілді.
Енді жеңімпаздар мен жүлдегерлер ағымдағы жылдың 25-26 мамыр күндері Алматы қаласында өтетін «Халық барысы» республикалық аламанында өңір намысын қорғайтын болады.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР