Жамбыл жаңалықтары

Қырманы астыққа толы Қордай

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қордай ауданында болды. Сапар барысында өңір басшысы бірқатар құрылыс нысандары мен шаруа қожалықтарын аралады.

«Қордай Агро 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құлпынай өсіруді қолға алған. Құлпынайдың «Альбион» сұрыпы Қайнар ауылында 10 гектар алқапқа егілген. Қазақстан мен Түркияның бірлескен кәсіпорыны құлпынайды карантин енгізілгенге дейін егуі тиіс болатын. Наурыз айында Түркиядан 1 миллион көшет те алынған. Сол уақыттан бері көшеттерді әкелу мүмкіндігі болмай, олар тоңазытқышта сақталған. Міне енді көшеттерді жеткізу сәті түсті. Дегенмен кәсіпорын айтарлықтай шығынға ұшырады. Екі апта бұрын құлпынай бес гектар алқапқа отырғызылды.
Кәсіпорын басшысы Варшахлы Ваиханың айтуынша, «Альбион» сұрыпының дәмі ерекше, бұл жидектің 1 келісі 1500 теңге тұрады.
Құлпынай алқабының маңына 40 ара ұяшығын қою жоспарланған. Жалпы, шаруашылық құлпынай алқабын 50 гектарға жеткізуді көздеп отыр. Облыс әкімі өнімді тоғыз ай бойы үзбей алып отыру үшін құлпынайды жылыжайда отырғызу мәселесін қарастыруды ұсынып, облыс басшылығы тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сарыбұлақ ауылында өңір басшысы «Самғау» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 478 гектарды құрайтын жүгері алқабында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Евгений Трубников басқаратын шаруа қожалығы әр гектардан 980 центнер өнім алуды көздеп отыр. Ал тамшылатып суару құрылғысы Италиядан сатып алынған. Облыс әкімі шаруашылық жұмысына оң бағасын беріп, жүгері алқаптарын ұлғайту қажеттілігін атап өтті.
Отар ауылына барған облыс әкімі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, 25 тамызға дейін нысанның іргетасын құю жұмыстарын аяқтап, 1 қыркүйектен қабырғасын қалауды тапсырды.
– Жұмысты тездету қажет. Жұмысшылар санын көбейтіп, қазан айының соңына дейін ғимарат құрылысын аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарын бастау үшін екі ауысым ұйымдастыру қажет, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге Бердібек Сапарбаев спорт кешенін безендіруге, атап айтқанда Қордай ауданының атақты спортшыларының портреттерін ілуге көңіл аудару қажеттігін атап өтті. Гвардейский қалашығында өңір басшысы №43 орта мектепке барып, содан кейін иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт құрылысының барысын бақылап, нысан құрылысы бойынша штаб отырысын өткізді.
Зауыт осы жылдың аяғында іске қосылмақ. Қазіргі жағдай құрылысшылар уақыт жағынан екі апта артта қалып отыр. Кешігудің себептеріне көңіл бөлген өңір басшысы мердігерлерге нысанға қосымша жұмыс күшін тарту арқылы жоғалған уақыттың орнын толтыруды тапсырды.
– Зауыт биыл іске қосылуы керек. Бұл пандемия жағдайында өте маңызды. Зауытта иммунобиологиялық дәрілік препараттар, оның ішінде қазіргі таңда клиникалық тексеруден өтіп жатқан коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина өндірісін жолға қою жоспарланған, – деді Бердібек Машбекұлы.
Зауыт құрылысымен қатар зауыт қызметкерлері үшін 60 пәтерлік тұрғын үйдің де құрылысы басталып кеткен. Бердібек Сапарбаев үй құрылысын биыл аяқтауды тапсырды.
Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде облыс әкімі «Сұлутөр» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 24 мың гектарға бидай, арпа, жүгері, көпжылдық шөптерді еккен шаруашылық биыл 25 миллион теңгеге дән тазалауға арналған екі құрылғы сатып алған. Шаруашылық басшысы Серік Ермековтың айтуынша, құрал-жабдықтың басым бөлігі мен жалпы материалдық-техникалық база ескіріп, жаңартуды талап етіп тұр.
Сұлутөр ауылындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша жұмыс қыркүйек айының ортасында аяқталады.
Облыс әкімі жұмысты тездетуді, мектепті жаңа оқу жылының басына дейін тапсыру қажеттілігін атап өтті.
– Мектеп оқушыларының саны аз болғандықтан, оқу процесі қашықтықтан емес, мектепте өткені абзал. Бірінші сынып оқушылары сабақты қашықтықтан оқыса, қандай білім алады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен бірге Әлжан ана ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша бірнеше спортзалы, боксшылар алаңы бар кешен құрылысы ағымдағы жылдың қазан айында аяқталмақ.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы іссапары барысында тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың ата-аналары және туыстарымен де кездесті.
Өңір басшысы бұған дейін Қаракемер және Сортөбе ауылдарында жергілікті тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізген еді.
Бердібек Сапарбаев ұсталғандардың туыстарының барлық өтініштерін мұқият тыңдап, олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын және құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен қаралатынын айтты. Облыс басшысы барлық өзекті мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында шешілуі тиіс екендігін атап өтті.
– Біз болған қайғылы оқиғалар 11 адамның өліміне әкеліп соқтырғанын, 200-ге жуық адам жарақат алғанын, азаматтарымыздың мүлкі зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Сіздердің барлық өтініштеріңіз қаралады. Ұсталғандармен кездесулер мен телефон арқылы сөйлесулер ұйымдастырылады. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын аяқтады. Тергеу материалдарымен тараптар таныстырылуы керек. Заңды бұзған және кінәсі дәлелденген адамдардың бәрі жазалануы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Барлығы заң бойынша болуы керек. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында, – деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы жергілікті тұрғындармен болған әңгіме барысында мемлекет тарапынан бөлінген қомақты қаражатқа Қордай ауданындағы ауылдарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті.
Мәселен Қаракемер және Масаншы ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды абаттандыру мен салу үшін қосымша 3 миллиард теңге бөлінген. Тұрғын үйлер, спорт және балалар алаңдары, дәрігерлік амбулатория, мектеп, көшелер салынып, газ құбыры, сумен жабдықтау желілері тартылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жиын соңында өңір басшысы қордайлықтарды тәртіп пен заңдылықты сақтауға, түрлі арандатушылар мен жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР