Қырмызы алма

0 62

Көкек айы келіп, жер беті гүлденіп, жылғалар суға толды. Қыс бойы жылы жақта жүрген құстар өз мекеніне қайта оралып, дауыстары жер дүниені əсем сазға бөледі. Ағаш біткен бүршік атып, айналаға көрік берді.
Əрсеннің анасы Айгүл үш айлық нəрестемен алма ағашының жанына келді. Биыл күлтесі күлгін-сары бүршік атқан екен. Сірə, қырмызы алма беретін сияқты. Сөйтті де қолына су толы шелекті алып, бұтақ түбіне құйды. Осы кезде Əрсен жанына келіп, анасынан добының қайда тұрғанын сұрады.
– Одан да атаңа көмектес, – деді анасы. – Биыл бұтақ күлгін-сары бүршік атыпты. Жаз ортасына қарай қырмызы алма жейсіңдер.
– Қырмызы алма, ол не? – деді Əрсен балалық көңілмен.
– Оны атаңнан сұра. Ол кісі қырмызы алмалардың ортасында өскен.
Əрсен қолындағы ойыншығын тастап, атасына қарай бет алды. Қария жеміс ағашының түбін қопарып жатыр екен.
– Ата, қырмызы алма деген не? – деді.
– Балам, қырмызы алма – ол менің туған Отаным. Алмалардың патшасы… Оны саған кім айтты?
– Анам биыл ағаш қырмызы алма береді дейді. Күлтесі күлгін-сары дейді…
Бұл сөзді естіген қария абдырап қалды. Содан соң немересі:
– Ата, неге оны қырмызы деп атайды? Неге жай алма демейді?
Немересінің бұл сұрағына қария жалт бұрылды да:
– Қырмызы алма бəрінен ерекше болады, балам. Оны жеген адам дəмін еш уақытта ұмытпайды.Тісіңді қарып, бойыңды балқытып жібереді.
Қарт немересіне «бара ғой» дегендей ишара жасап, аспанға көз жіберді. Бұл қырмызы алманың дəмін соңғы татқанында жас бала еді-ау. Талай балалық шағының сəттері мен өткізген қызықты күндері сол мекенде қалып қойыпты…
Қырмызы алма… Есігінің алдында үш-төрт түп қырмызы алма өсетін. Əлі есінде, үш жасында байқамай қырмызыны тістеп, тісі ауырып жылағаны… Алайда екі-үш күн өткен соң онысын ұмытып та кетті. Туған жер қанша дегенмен ыстық қой. Ал енді міне, туған жерге ат ізін салмағалы талай жыл өтіпті. Мүмкін, қырмызы алма туған жер сағынышынан туып жатқан шығар. Осылай ой түйген қарт жеміс ағашының жанына келді. Қырмызының бүршігі əдетте күлгін-сары гүл ашатын. Көрген көзге ғажап еді-ау… Содан соң ғажап алма жемісін салатын. Қырмызы өз сұлулығымен жан мен көзді баурап алатын. Осыдан соң қарияның есіне марқұм анасы түсті. Анасы күлгін халат пен сары орамал таққанда құдды қырмызы əйелге айналып кеткендей болатын. Тағдыр сол қырмызыны қария өмірінен біржолата суырып алды ғой. Осы кезде келіні Айгүлдің атасын шайға шақырған дауысы естілді. Ойы бөлінген қария ақырындап ағаш маңынан алыстай берді.
Арада аздаған уақыт өтіп, күлгін-сары күлтелер жеміске айналып, қарт ауласын нұрға бөледі. Үйінен алаңдай шыққан қарт маң-маң баса ағаш жанына жетті. Келді де көз салды. Бала күніндегі қырмызысы қайта өсіп шыққан екен. Ең астынан біреуін үзіп алып, ауызға салды. Қырмызы өз күші мен ерекшелігін жоғалтпаған екен.

Гауһар НИЯЗЫМБЕТ,
№35 мектептің 10-сынып оқушысы,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.