Қыс шанаңды жаз сайла

0 2

Өңірде мал азығын дайындау қалай жүріп жатыр?

Өңірдегі сан түрлі агроқұрылымдардан бастап, қолында бес-он тұяғы бар тұрғындарға дейін «Жаздың бір күні қыстың мың күніне азық» деген нақылды қаперде ұстанып, әрқайсысы өз қал-қадірінше жылдың осы мезгілінде мал азығын дайындауға кірісетіні белгілі. Биыл өңірдегі шаруа баққан елдің қысқа қамдану барысы, мал азығын дайындау науқаны қалай жүргізілуде? Біз осы шаруаның аяқ алысын облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақовтан сұраған едік. Ол дәл қазір шаруа баққан елде тыным жоқ екенін, жұртшылықтың кейбірі мал-жайының қамын күйттесе, енді бірі егінге орақ салғанын, тағы бірі шабындықтың шөбін орып, мал азығын дайындап жатқанын айтты.

– Өңірдегі төрт түліктің амандығы, қыстан күйлі шығуы мал азығының жеткілікті дайындалуымен де тікелей байланысты. Облыс бойынша қазір 7 мыңға жуық түйе, 156 мың 600 жылқы, 483 мың 200 сиыр, 3 миллион 543 мың 100 уақ мал бар. Аймақтағы шаруалардың қолындағы мал басына қарай жем-шөп жылда қажетті деңгейде дайындалады. Биыл егін ору науқаны басталғанына үш аптадан аса уақыт өтті. Қазіргі кезде бұл жұмыстар Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында қызу жүріп жатыр. Облыс бойынша орылып алынуы тиіс масақты дәнді дақылдардың ішінде 359 мың 900 гектар алқаптағы арпа-бидайдың 56,7 мың гектары орылып, жалпы түсім 100,7 мың тоннаны құрады. Бұдан бөлек көпжылдық шөптің бірінші орымы аяқталып, барлығы 172,1 мың гектар алқап ораққа ілінді. Екінші орым бойынша 12,7 мың гектарға шалғы түсті. Сонымен қатар қазіргі таңда 947,8 мың тонна пішен, 34,9 мың тонна пішендеме және 7,4 мың тонна сабан дайындалды, – дейді Тұңғыш Тынысбекұлы.
Жем-шөп дайындау ісі Жамбыл ауданында да қарқынды жүргізілуде. Аталған аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының пайдаланатын егістік жер көлемі 56 863 гектар болса, оның ішінде суармалы жер 28 850 гектарды құрайды. Мұндағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 56 863 гектарға жоспарланғанымен, нақты егіс егілген алқап 57 005 гектарға жеткен. Оның ішінде күздік бидай 4775, жаздық арпа 12682, дәндік жүгері 1749, майлы дақылдар 2520 гектарға егіліп, басқа да мал азығына қажетті дақылдар 25 286 гектарға орналастырылған. Соның ішінде көпжылдық шөп 20 666 гектарға жетсе, жаңа егілген көпжылдық шөп 4284 гектарды құраған, жүгері сүрлемге тиесілісі 336 гектар болса, сүрі үшін 1025 гектар жер дайындалыпты.
– Биыл аудан бойынша 17 545 гектарға масақты дәнді дақылдар себіліп, егіске орақ түсті. Қазіргі таңда оның 8 790 гектары орылып, жалпы түсім 15764 тоннаны құрады. Оның ішінде күздік бидай 4107, жаздық арпа 11656 тонна. Әр гектардан орта есеппен 17,9 центнер өнім алынуда. Күздік бидай гектарына 18,1, жаздық арпа 17,9 центнерден айналуда. Егін орағына 48 комбайн жұмылдырылса, 9 комбайн сырттан тартылып отыр. Биыл белгіленген жоспар бойынша 162 мың тонна шөп дайындау қажет болса, бүгінгі күнге оның 144 мың 977 тоннасы дайындалды. Шөп ору науқаны 40 шөп оратын комбайн, 60 шөп тайлағыш және басқа да жүк таситын техникалардың көмегімен атқарылып отыр, – дейді Жамбыл аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Амангелді Әбдібеков.
Аудандағы Нуритдин Бегманов басшылық ететін «Қызылдихан» өндірістік кооперативі мал азығын жинау, қырманды дәнге толтыру жұмыстары бойынша алдыңғы қатарда келеді. Жалпы «Қызылдихан» ӨК Тастөбе ауылында орналасса, мұндағы 200-ден астам түтіннің кейбірі ырзығын осы агроқұрылымнан айырып отыр. Биыл кооператив 500 гектарға бидай, 600 гектарға арпа сеуіпті. Қазіргі таңда 120 гектар бидайға орақ түскен. Одан бөлек 50 гектарға жүгері, 340 гектарға жоңышқа егіліпті.
– Шаруашылықтағы жалпы суармалы жер көлемі екі мың гектарға жуық. Одан бөлек майлы дақыл мен көкөніс те өсіріледі. Біздің ұстанған бағытымыз о бастан егін шаруашылығы. Қосымша тұқым шаруашылығымен де айналысамыз. Ұжымдағы 25 адамның барлығы да тастөбеліктер. Олар тұрақты жұмыспен қамтылған болса, тағы 50-60 адам әртүрлі науқандық жұмысқа тартылады. Шөп және егін ору науқанына жылда 4 МТЗ-6 тракторы, 2 астық, 2 жем-шөп комбайны, 2 шөп тайлағыш, 2 шөп түктегіш техникалары мен шөп оратын агрегаттар жұмылдырылады. Жалпы иелігімізде 20-ға жуық техника бар. Механизаторлардың саны 6. Қалғаны сушы және басқа да жұмысшылар. Біздегі егіс алқабындағы жұмысшылар негізінен жалгерлер есебінде. Механизаторлардың еңбекақысы 120 мың теңге болғанымен, науқандық жұмыста 200 мыңға дейін табыс табады. Қалған жұмысшылардың еңбекақысы 60-80 мың теңге аралығында, – дейді Н.Бегманов.
Аталған шаруашылық масақты дәнді дақылдың сабанында түктеп, жинайтын көрінеді. Тайланған жоңышқа, пішен секілді мал азығын, жалпы жем-шөпті кооператив мүшелеріне қажет болғанда айлық есебінен де босата алады екен. Негізінен агроқұрылымның алдында малы болмағандықтан, олар мұны өзге шаруашылықтарға сатып пайда табады.

Облыста мал азығын дайындау науқанының барысы осындай. Десе де қазақ «Қыс қыспайды демеңіз» деп бекер айтпайды. Мезгіл жетіп, алда-жалда кәрі құда қаһарына мініп, сақылдаған сары аяз қысып берсе, ауылдықтардың жем-шөп іздеп, көше кезіп кетпеуі басты мәселе. Мұндайда сабанның бағасына дейін шарықтап кететіні белгілі. Сондықтан жаздың бір күнін бос жібермеген абзал.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.