Қоғам

Қыстан қысылмай шығамыз

Written by Aray2005

Былтыр қар тым ерте түсіп, Тараздың табиғаты тосын мінез танытты. Қарашаның ортасында 10 сантиметрге жетеғабыл қар жауып, күн райының -25 градусқа дейін суытуы кейінгі жылдары орын алмаған. Шыны керек, мерзімінен тыс ауа райының құбылуы талайлардың көңіліне қорқыныш ұялатқаны рас. Ел арасында жүріп «бұрын-соңды болмаған қыс болады екен, қар қалың түсетін көрінеді» дегендей үрейі басым алыпқашпа әңгімені талай мәрте естідік. Алайда байыбына бармай, даурығудың және үрейленуге ешқандай негіз жоқ.

Жалпы, кезінде ауа райын табиғат құбылыстарына қарап-ақ болжай білетін қарияларымыз қыстың жылы болуы жақсылықтың нышаны еместігін айтатын-ды. Себебі қыс жылы әрі қарсыз болса, көктем-жаз айлары шаруаға жайсыз, ал қыста жаңбыр жауса, жазда құрғақшылық болатындығын айтып отыратын. Шынында дала академиктеріне баланған қарияларымыздың болжамы көп жағдайда сәйкес келіп жататын. Сондықтан да ерте мейлі кеш болсын, қар түскені молшылықтың нышаны.
Сонымен қатар қыс мезгілінің жылы болуының пайдасына қарағанда зияны көп. Біріншіден, мұндай жағдайда адамдар арасындағы түрлі аурулар тез таралатын болса, екіншіден жазда шаруаларға зияны тиетін болады. Ал биылғы жылы тұмау ауруының көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда өте төмен. Бұл да қардың ерте түсуінің ықпалы.
Негізі осы жолғы қыс тұрғын­дарға жайлы болады. Қаңтар айының алдағы бөлігінде ауа райы аздап суытқанымен, үлкен қиындық тудыра қоймайды. Ақпан айында қар қалың түсіп, ауа райы – 25-30 градусқа дейін суытуы мүмкін. Бірақ атыраптағы суық ұзаққа созылмайды. Тиісінше көктем ерте шығып, жер бетіндегі тіршілік ерте оянады. Сондықтан да шаруалар биыл ертерек қамданғаны жөн. Сонымен қатар доңыз жылы шаруалар үшін берекелі жыл болмақ. Жер отты болып, егін бітік шығады.
Қалай десек те, алдағыны бір Алла ғана біледі. Сол себепті қыс жылы болады екен деп арқаны кеңге салуға және болмайды.

Сембек БАЙДУАНОВ,
ауа райын болжаушы,
Тараз қаласы

ПІКІР