Қытай әрпін дұрыс айтпаған әлекке түседі

0 25

Дәурен ӘБДІКЕРІМ,
Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаты:

– Осыдан 8 жыл бұрын Қытай Халық Республикасының Сиянь қаласындағы Сиянь мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, студент атандым. Сиянь – ауданы, халқының саны жағынан ірі және үш мың жылдан астам тарихы бар ежелгі шаһарлардың бірі. Біздің менталитетімізге жат қоғамға, бейтаныс ортаға алғаш рет тап болғанда біршама тосырқағаным рас. Қызық көріп күрішті қытайлар секілді «куайзымен» жеймін деп (ас ішуге арналған таяқша) жергілікті студенттер арасында аш қалған кезім де болған.
Негізінен қытайлар тез-тез жүріп, үтір-нүктесіз қысқа-қысқа әрі жылдам-жылдам сөйлейді. Сөздерінің дыбысталуы кейде қазақ тіліне де ұқсап кететіні бар. Мәселен су, сай, ру, сапа секілді сөздер қазақта да болғанымен, мағынасы мүлде басқа. Бірақ алғаш естігенде құлағың елең ете қалатыны анық. Одан бөлек айтылуы да, мағынасы да ұқсас сөздер кездеседі. Мәселен тоюнь – тауар, саумияу – сканерлеу, янь – заң, мянь – мәнті деген мағына береді. Мұны айтып отырған себебім, жаңадан оқуға түскенде естен кетпес оқиғаны бастан кешкенім бар. Оқуға түсіп, арада 2 апта өткенде аталған оқу орнының «Халықаралық экономика» факультетінде бірге оқитын қандасымыз үйіне қонаққа шақырды. Оқу орнынан шыққанда оған ілесе үйіне барып, дәм таттым. Ас-суымызды ішіп, үйдің үлкендерімен әңгіме-дүкен құрғаннан кейін, яғни түн ауа өзім тұратын мекенжайға қайтуға тура келді. Досым такси шақыртып, мені отырғызып жібермек болды. Бұрын басылымдардан «шетелдің кез келген такси жүргізушісі клиенттің қай елден екенін білсе, сол мемлекеттің амандасу, қоштасу секілді кем дегенде он сөзін біледі» дегенін оқығаным бар. Сол еске түсіп және өзімнің екі аптада жинаған тілдік қорымды сынап көрмек мақсатта қандастарға өзім де жөн таба алатынымды айтып, үйден шығып кеттім. Көшеден такси тоқтатып, бірден «Тянь-тянь су» дедім де ішіне отыра кеттім. Жүргізуші басын изеп, барар жердің ақысын келіскен соң орнымыздан қозғалдық. Арада жарты сағат өткенде күдіктене бастадым. Өйткені біз бет алған бағыт мүлде басқа әрі жол ұзап бара жатты. Тіпті қаланың шетіне қарай шығып кеттік. Бір кезде қалтамда өзім тұратын аймақтың суреті бар екені есіме түсіп, жүргізушінің иығынан түртіп, суретті қолына ұстаттым. Жаңа ғана сыпайы болып келе жатқан ол суретті көре сала тоқтай қалып, айқайға басты. Түтігіп, тоқтаусыз әрі түсініксіз бірдеңелерді айта бастады. Өзі түр-түсін өзгертіп алған, тым ашулы. Ақырын сөзін тыңдап көрсем, қазақша «Әкең-шешең, жүдеу» деп балағаттап жатқан сияқты көрінді. Сол сәт басыма «Мынау қазақ тілінде балағаттаудың аз болса да бір-екі сөзін біледі екен ғой» деген күдікті ой оралды. Мен негізі жасымнан толық жігіт едім. Сонымды жүдеу деп кекеткендей көрінді. Сөздеріне шыдай алмай, «Мен саған жүдеуді көрсетейін» дедім де тұмсығынан бір пердім. Екеуміз көлікте, сосын жолдың жағасына шығып, жатып кеп төбелестік. Бір кезде екеуміз мәмілеге келіп, шығынды есептеп, соның жартысын төлеп қана барар жеріме жетіп алдым. Сөйтсем, менің баратын жерім «Тянь-тянь су» емес, «Тянь-тянь си у» екен. Кейін тілді жақсы меңгергеннен кейін төменгі курстағы жерлестеріме бір әріптің айтылуынан қателесу, тағдырды таразыға салатыны жөнінде ақыл айтып жүрдім. Айтқандай, менің «жүдеу» деп ұққаным қытайша ждау, яғни «Білесің бе?» деген сөз екен. Міне, студент атанғандағы естен кетпес оқиғаның бірі.

Дайындаған Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.