Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

0 12

Ана – ақ сүті арқылы ұлттың асыл қасиетін, ата-баба өсиетін, асыл діні мен тілін, салты мен ділін ұрпақ бойына дарытатын жан. Ал бүгінгі ана – кешегі бойжеткен қыз – ертеңгі асыл әже. Демек, бүгінгі қыздардың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр. Біз ибалы да инабатты, тәлім-тәрбиелі қыз өсіру арқылы қазақтың ұрпағын тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан болашақ ана атанар бұрымдыларымыз жұрт алдында ізеттілігімен көзге ілігіп, ұлт болашағы өздері екенін сезініп өсуі тиіс.

Ілгеріде халқымыз бойжеткен қызды ажарына қарай жетіге бөлген. Мәселен баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын қызды әдемі қыз деп атаса, істі үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатындар көрікті қыз ретінде танылған. Шырайлы қызға көз жанары өткір, бет-әлпеті балбұл жанған, тәні шымыр деп сипаттама берілсе, сұлу қыздар сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп-күймейтін келбетті болған.
Ару қыздар санатына бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы қыздар жатқызылған. Ажарлы қыздың да дене бітімі жинақы, сөзі салмақты, ісі тиянақты болған. Ал әсем қыздың – жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік. Осы жеті топқа бөлінген қаракөздеріміздің арасында осалы жоқ. Ол ұлттық тәрбиенің жемісі.
Жалпы іргетасы мықты соғылған үйдің ұзаққа шыдайтыны секілді, жақсы тәрбиенің қаймағын қалқып ішкен қыздан көрегенді келін, ардақты ана шығады. Әйел-аналар өнегелі болса, елдің көсегесі көгеріп, керегесі кең жайылады. Төрт қанаты түгел, отының басы бүтін болады. Парасатты ананың тіккен шыбығынан бәйтерек өсіп, арғы ұрпағына саясын түсіреді. Осының бәрін терең ойлап, алыстан зерделеген бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген екен. Сөйтіп, қыздың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән беріп, салмақты міндет жүктеген. Қызды тыйып ұстау – тірсектен қағып, еңсесін езу емес, қырық үйден, тіпті, қара күңнен де бір абзал өнеге үйреніп, ұлағатты сөз естіп, оңды талғам көрсін дегені. Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып бой­жетуіне ата-анамен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты екенін айтады. Қызды тектеп ұстауды меңзейді. Тыю деген осылардан құралады.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында:«Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Оң жақта отырғанда жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз», – деп жазды. Міне, кешегі қазақ қыздары ата-анадан осылай тәрбие алып, өз отбасының ұйытқысы бола білді.
Біз бүгінгі қыз баланың бойынан нәзіктік пен сұлулықты, ұяңдық пен инабаттылықты, сыпайылықты, әдемілік пен ұялшақтықты, өнерпаздық пен іскерлікті, шеберлік пен ақ ниетті, ақкөңіл қасиеттерді көргіміз келетінін жасыра алмаймыз. Алайда, бүгінгі жастарымыз «заман осындай» деген желеумен батыстық менталитетке ден қойғаны жасырын емес. Қыздарымыз бұрымын қырқып, тіпті шашын сыпырып сәнденсе, жігіттеріміз керісінше, шаш өсіруді жөн көреді. Тіпті шашы бар аруларымыздың өзі оны сан түске бояп әуре. Бұдан бөлек, жүзінен ұяты төгіліп тұрады дейтін қазақ қызы бүгінде ешкімнен қымсынбайтын халге жетті. Қазір кейбір қыздар үлкеннен именіп, арлану дегенді ұмытып барады. «Жаным арымның садағасы» дейтін халықтың ұл-қызы неліктен арсыздыққа баруда? Түптеп келгенде бұл балаларының материалдық жағдайын ғана жасап беруді алдыңғы орынға қойып, бала тәрбиесін уысынан шығарып алған ата-ана, біз құрып отырған қоғам кінәлі.
Соңғы мәлімет бойынша, жыл сайын шетелде білім алып жатқан қаракөз қыздарымыздың ішінде жат ұлттың жетегінде кеткендер саны артып келеді екен. Олар тек шетелдікпен тұрмыс құрып қана қоймай, бірі қылмысқа барса, бірі азаматтық некеде тұрып, балалы болуда. Тағы бірі, сол «күйеуінің» қолынан қаза тауып, келеңсіздікке ұшырап жатқанын жиі естіп жүрміз. Осылайша, кешегі ар-намысын бәрінен де биік қойған қазақ қыздарының бүгінгі ұрпағы көрінгеннен қорлық көріп, жат жұрттың қолжаулығына айнала бастады. Өз елімізде де оңып тұрған тірлік жоқ. Өмірдің ащы-тұщысына шыдамаған жастардың ажырасып кетуі жиілеуде. Бұл қыздың да, ұлдың да бір-бірінің арасындағы жауапкершілікті сезіне алмауынан туындайды.
Бұрын «тек» деген ұғым болатын, ағаға да, ұлға да, қызға да кез келген адам ескерту айтып, жөн сілтеп отыратын. Біз сол тектілігімізді жоғалттық. Әрине, бәрі бір күннің ішінде орнына келе салады деу қиын. Дегенмен, етек-жеңімізді жиып, балалардың, әсіресе қыздардың тәрбиесіне ерекше мән бермесе ұлтымыз азғындыққа ұшырауы мүмкін. Бұл мәселеге қоғам болып атсалысқан дұрыс. Қысқасы, қазақтың қызы тек өз ұрпағының ғана емес, бүтін бір ұлттың алдындағы жауапкершілігін сезінсе дейміз.

Роза Наметова,
Төле би атындағы №8 гимназияның мұғалімі,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.