«Қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді»

0 3

«Отан – отбасынан басталады» десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы, берекесі – әйел. Ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі – әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты. Аққан жұлдыздай із қалдырған Шоқанның әжесі Айғаным елді ақылмен басқарған парасатты адам болған. Ұлы ақынымыз Абайдың тәрбиешісі болған данагөй Зере әжемізді қалай ұмытуға болады?

Қазақ халқы қыздың абыройлы болуына көбінесе ана жауапты екенін, анасын ардақтай алмаған қыз, өз абыройын сақтай білмейді деп тұжырымдаған. Өз намысын қорғаған қыз есер жігітке кіріптар болмайды, есті жігітке ес қосады.
Ескі әндегі мына бір өлең жолдарын қайталап айта бергің келеді-ақ… «Мен қазақ қыздарына қайран қалам…». Шын мәнісінде, қазақ қызы аяулы. Біз мұны Ғабит Мүсіреповтің, Әзілхан Нұршайықовтың, Оралхан Бөкейдің шығармаларынан оқып, біліп, көкейге түйіп өстік. Ғабит Мүсіреповтің Ұлпаны қандай?! Ғажап жан. Ақылды, есті. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романындағы Меңтай ше?! Оралхан Бөкейдің «Айпара ана» атты әңгімесіндегі ана бейнесі көпке үлгі. Кешегі өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Арулар» өлеңі – өте ғажайып туынды. Ол өлеңнің құдіреті аруларды өз әнімен тербетуінде жатқандай.
Қазіргі кезде әдепті болып, елдің көркіне айналу кез келген жанның қолынан келе бермейтіні ақиқат. Десек те жаһандану үрдісінен қалмай әрі дәстүрді берік сақтаған, тәрбиелі де ибалы қазақ қызы деген атқа лайық болып қалғанға не жетсін! Ата-аналардың қыздарын жеңілтектіктен бойларын аулақ ұстауға, ізеттілік пен инабаттылықты бойларына сіңіріп, «Жігіттің күлгені– атының соры, қыздың күлгені – бақытының соры» деп тәрбие беруінде үлкен мән бар. Қыз бала сырын ішіне бүгіп, жұмбақ қалпын берік ұстағаны ләзім. Осы орайда Қадыр ақын «Қыздың сыры – шөлдің суы сияқты, тереңде ғой, тереңде ғой, тереңде» десе, Мұхтар Шаханов «Мағынасыз жылтырауықты сақтамайды ел еске, шын сұлулық тереңдікте емес пе?» дейді. Барлығының түйіні бір. Тереңдік. Ол – ақыл, ол – парасат, ол – ұстамдылық. Қыздарымыздың бойларынан осы тереңдік табылып жатса, қандай ғанибет болар еді.
«Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім-киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Әрине әсемдікке, әдемілікке құмар жандар сәнденгенді, әрленуді ұнатады. Және де үйлесімді сәнденудің еш оғаштығы жоқ. Дегенмен шектен шықпауы тиіс. Менің бұл жерде айтар ойым – жамандап немесе даттау емес, өсіп келе жатқан қыздарымызға өзіміздің қазақи болмысымызды сақтау және көше бойларында құшақтасып, ашық-шашық киім кию, әдепсіздік таныту біздің болмысымызға жат екенін жеткізу. Ал біздің елде «сүйдім-күйдім» деп, әсіре нәпсінің жетегімен қосылған әр жұптың бесіншісі ажырасып, елдік-бірлік қасиет жойылып, жөн-жозықсыз жетім-жесірдің саны молая түсуде.
Бүгінгі жастар көбіне махаббатты бір сәттік ләззатпен алмастырып алатындай көрінеді. Көпшілігі алдамшы сезімнің жетегінде жүргенін білмей, соны махаббат деп ойлайды. Ертеңгі ана болатын қыздарымыздың көпшілігі ғаламтордың, ұялы телефонның жетегіне кетіп, көп тәрбиені сол жақтан алуда. Аяғы қайғылы оқиғаға ұласып жататынын күнделікті өмірдің өзі көрсетіп жатыр.
Жақында Дания мемлекеті жайлы бір мәлімет оқыдым. Бұл елдің бір қызықтырған тұсы – әлемдегі ең бақытты 10 елдің қатарына кіреді екен. Бірінші орында тұр. Және 40 жылдан бері «Ең бақытты ел» статусынан түспеген. Демек, халқы бақытты өмір сүруді негізгі қағидасына айналдырып алған. Даниялықтар бақыт ұғымын отбасымен байланыстырады. Яғни үйдегі жайлылық, ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесім, тәрбиелі, дені сау бала өсіру сынды ұғымдарды негізгі өмірлік қағидалары етіп алатын көрінеді. Мәселен жұмыстан келе жатқанда үйіне кірместен бұрын тыста 10 минуттай аялдап, демалып, күні бойғы шаршауынан, ауыр ойлардан арылып, үйінің табалдырығын жайдары күйде аттайды екен. Ертегі сияқты. Бақытты елдің халқынан үлгі алатын тұсы көп. Олар ән айтқанды ұнатады екен. Күнделікті отбасы мүшелері жиналып, бір-екі сағат уақытын ән салуға арнайтын көрінеді. Бір-бірімен әңгімелеседі. Бақытты бала тәрбиелеуде бұл таптырмас тәсіл деп есептейді және мұны әр отбасы дағдысына айналдырыпты.
Адам өз отбасында бақытты күй кеше алмаса, жиған дүние-мүлкі, көтерілген мансап жолы, ел білетін атақ-абыройының құны көк тиын екенін кеш түсініп жататындай көрінеді. Меніңше де, бақыт ұғымы отбасынан бастау алады.
Дана халқымызда «Қыз қылығымен сүйкімді» дейді. Қызын қырық үйден тыя отырып, алақанына салып, әспеттеп еркелеткен. Қызды қашанда жат жұрттық деп, жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде ұзатқанға дейін текті тәрбие берген. Аналарымыз баланы жастан деп, бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», дейді атам қазақ. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» демекші, көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретіні анық.
Әрбір қыз – болашақ ана. Ол өз өмірінің жалғасын, ертеңгі елді құрайтын және соған ие болатын ұрпақты өмірге әкеледі. «Жігітті тәрбиелеген – әскерді тәрбиелейді, қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді» деген ғой дана халық. Халықтың рухы, жаны, тарихы, арман-үміті болып табылатын тілді де басқаша емес, ана тілі деп атау тегіннен-тегін емес екені анық.
Қорыта келгенде, әрбір отбасының бүгінгі бүлдіршін қызы ертең бойжетіп, бір үйдің босағасын аттап, келін болатыны белгілі. Сондықтан да көңіліне жақын әдепті қыз, ибалы келін тәрбиелеп өсіру әрбір ата-ана, әулеттің ғана емес, мемлекет пен қоғамның да міндеті деп қарауымыз керек.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
еңбек ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.