Қызметкерлерге негізсіз үстемақы төленген

0 41

Былтыр облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті COVID-19 коронавирусына қарсы күрес жүргізу барысында «Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылды» деген желеумен кейбір қызметкерге негізсіз үстемақы төлепті. Бұл жөнінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Равил Төлебаев және облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиевтің қатысуымен өткен брифингте айтылды.
Осы тектес олқылықтар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облысы бойынша департаменті тарапынан наурыз айының басында облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында анықталған екен.
– Жүргізілген талдау барысында облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өз қызметінде де, оның ведомстволық бағынысты бөлімшелерінде де бірқатар сыбайлас жемқорлық фактілері анықтады. Ұсынылған деректерге сәйкес аталған департамент және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін төлемдердің жалпы сомасы шамамен 167 000 000 теңгені құраған. Алайда, іс жүзінде демалыста болған қызметкерлерге де үстемеақы төленіп келген. Мәселен осы департамент қызметкерлерінің бірі өткен жылдың 25 наурызынан бастап демалыста болған. Бірақ оған наурыз айына 100 пайыз үстемақы берілген, яғни іс жүзінде 4 жұмыс күні көрсетілген қызметкер ресми түрде ол күндері жұмыста болмаған. Ал негізсіз артық төленген қаржы сомасы 47 мың 222 теңгені құрап отыр. Бұл олқылық былтыр жыл бойы орын алып отырған. Соның салдарынан негізсіз төленген бюджет қаражатының жалпы сомасы шамамен 1 250 000 теңгені құрады, – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облысы бойынша департаменті алдын алу және парасаттылық басқармасының бас маманы Рауан Жақыпбеков.
Бұдан бөлек жанар-жағармай материалдарын тиімсіз пайдалану бойынша да олқылыққа жол берілген. Нақты айтқанда, облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиесілі 4 көлікке қатысты жүрілген жолы мен жағылған жанармай шығыны шындыққа сәйкес келмеген. Осы арқылы да мемлекетке шамамен 4 автокөлік бойынша 1 150 000 теңге залал келтіріліп отыр. Осы тектес әкімшілік практика және бақылау және қадағалау функциялары тұрғысын жағынан да кемшіліктер анықталған. Бүгінде аталған мекемеге сыбайлас жемқорлық фактілер байқалған олқылықтарды жою бойынша нақты ұсыныстар беріліпті.
Жиында БАҚ өкілдері қозғалған тақырып бойынша баяндамашыға және Р.Төлебаев пен Б.Шыналиевке сұрақтар қойып, нақты жауапқа қанықты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.