Қызыл-Абадқа қашан көңіл бөлінеді?!

0 262

Облыс орталығы Тараз қаласы жыл санап түлеп, түрленіп, тотыдай таранып келеді. Әрі аумағы да кеңейіп келе жатқан шаһардың инфрақұрылым жүйелеріне ерекше көңіл бөлініп, жаңару үстінде. Дегенмен шаһарда түйіні тарқамаған, қордаланған мәселелері әлі күнге дейін шешілмеген шағын аудандар да бар. Сондай шағын ауданның бірі – Қызыл-Абад. Қаланың №11 округіне қарасты аумақтағы шешілуі тиіс мәселелерді тұрғындар он жылдан бері көтеріп келе жатқанымен, оң нәтижесін көре алмай отыр.

Анығын айтқанда, Қызыл-Абад шағын ауданы 2012 жылы Жамбыл ауданынан Тараз қаласының аумағына өткен болатын. Осы жылдан бері Қызыл-Абадқа жергілікті әкімдіктің назар аударып, тұрғындардың пікірімен санасатын түрі жоқ. Қаланың құрамына енген соң бірқатар мәселелер шешіледі деген қайта жанған үміт оты өшіп бара жатқандай. Тәуелсіздік алғалы бері Қызыл-Абадта тек медициналық амбулатория салынып, 4 жылдық мектепке жыл сайын болар-болмас жөндеу жұмыстары жүргізілгені болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай бірде-бір іс жүргізілмегеніне тұрғындар наразы.
Бүгінде онда 163 үй орналасса, 612 жан тұрады. Бұл – тек ресми мәлімет. Олай дейтініміз, халыққа жер учаскелері беріліп, жыл санап үйдің де, халықтың да саны артып келеді. Айналдырған 5-6 жылдың ішінде бір емес, он шақты көше бой көтерген аумақта жол мәселесі күйіп-ақ тұр. Аумақта бір ғана көше асфальтталған. Оның өзі Кеңес заманынан қалып кеткен тоз-тозы шыққан жол екен. Ал қалған көше тұрғындары өркениет заманында білдей облыс орталығында тұрса да жазда шаңға көмілсе, қалған мезгілде лай кешіп жүруіне тура келетін көрінеді. Сондай-ақ тұрғындар әлі күнге дейін тұтынатын суды жер құдықтан қазып ішеді. Бұл мәселеде ондағы халық Тараз қаласының жартысынан көп бөлігін тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған «Жамбыл-Су» мекемесінің ұңғымалары алқаптан жүздеген метр жерде ғана орналасса да, бұл мәселенің тиімді шешілмей келе жатқанына қынжылады.
– Осы уақытқа дейін Тараз қаласына қосылуымызға байланысты даму жоспарын көрсетуге ұсыныс жасағанбыз, алайда ол талаптар ескерусіз қалды. Соның бірі – ауызсу мәселесі. Алқап маңында бір қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған алып мекеме орналасса да әлі күнге құдықтан су ішеміз. Соңғы отыз жылда ол судың құрамын зерттеп келген бірде-бір маманды немесе жергілікті билік өкілін көрген емеспіз. Соңғы жылдары бұл мәселе тіпті күрделеніп барады. Өйткені шағын ауданның жоғары жағына көптеген үй бір ауыл болып түсті. Олардың сарқынды суы небәрі 8-9 метр ғана тереңдіктен қазып ішіп жатқан біздің суымызбен араласпай жатқанына кім кепілдік бере алады?! Айналамыздың барлығы ауызсумен толықтай қамтамасыз етілгенімен, берекенің бастауында отырып сапасыз су ішіп отырғанымыз жанға батады. Шынында, сапасыз су тұтынудың кері әсері бүгін болмаса, ертең болары ақиқат. Сондықтан жаман айтпай, жақсы жоқ бұл мәселе шешілуі тиіс, – дейді алқап тұрғыны Құрманбек Беспаев.
Расында, аталған алқапта бұдан өзге бірқатар мәселелер баршылық. Мысалы қалаға дейінгі қашықтық небәрі 6 шақырым болса да тұрғындар әлі күнге таксимен қатынайды. Яғни қоғамдық көлік мәселесі шешілмеген. Ескі мекеме орнынан ашып берген балабақша ғимараты да санитарлық талаптарға сай емес көрінеді. Онда Кеңес үкіметі кезінде лаборатория болған екен.
Мұндағы тағы бір кезек күттірмейтін мәселе – электр жарығының жеткіліксіздігі. Бүгінде шамамен 250-ге тарта тұрғын үй күші 170-180 кВт болатын жалғыз трансформаторды пайдаланып отыр. Аталған алқапта жаңадан үй салып жатқандардың көпшілігі жарықты бір-бірінен тартып ала берген. Нәтижесінде соңғы жылдары электр жарығының күші тым бәсеңдеп, құрылғыларға зиянын тигізе бастаған.
– Біз Қызыл-Абад шағын ауданына 2011 жылы көшіп келдік. Сол жылы тұрғындарға берілген жер учаскесіне алғашқылардың бірі болып баспана салып алдық. Ол уақыттан бері мұнда 5-6 көше бой көтерді. Айтпағым, сол уақыттан бері электр қуатына жарыған емеспіз. Бағаналарды өз қолымызбен тұрғызып алдық. Жылдар өте оның өзі сыр беріп, электр сымы салбырап қалды. Бүгінде кей жерлерде электр желісінің биіктігі 1 метр ғана. Ал оған қарайтын жауапты адам жоқ. Ойын балалары үшін қатты алаңдаймыз. Күн санап үй саны мен халық саны артып келе жатқан Қызыл-Абад шағын ауданына бір трансформатор жеткіліксіз. Себебі электр жарығының сапасы көңіл көншітпейді. Сондықтан жергілікті билік алқапқа тағы бір трансформатор орнатып берсе деген тілегім бар, – дейді тұрғын Шолпанай Егембердиева.
№11 округ бас инспекторы Мұрат Аққұлиевтің айтуынша, қазіргі таңда аталған шағын ауданда электр бағаналары салынып жатыр екен.
– Қаланың №11 округіне қарасты 6 шағын аудан мен 28 саяжайдың электр бағаналарын жаңарту үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде қазіргі таңда мердігер компания анықталып, Қызыл-Абад шағын ауданының да электр бағаналары жаңартылуда. Жақын арада ескі бағаналардың барлығы алынып, жаңа бағаналар арқылы жарық берілетін болады. Ал су мәселесіне келер болсақ, бүгінгі күні тіршілік нәрін тарту бойынша қала әкімдігі тарапынан тиісті құжаттар әзірленуде. Жыл соңына дейін аумаққа таза ауызсу кіргізілетін болады, – дейді М.Аққұлиев.
Жасыратыны жоқ, 2019 жылы шағын ауданға көгілдір отын тартылған болатын. Газды кіргізуді «Байзақ газ» ЖШС өз жауапкершілігіне алғанымен, бұл жұмыс екіжақты болды. Себебі тұрғындар көгілдір отынды үйлеріне тарту үшін мердігер компанияға 400 000 теңгеден берген-тін. Дегенмен кейбір тұрғындар бұл қаражатты төлей алмады. Салдарынан алқапта көгілдір отын мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.