Қызыл дүңгіршектердің қызығын қашан көреміз?

0 5

Тараздық тұрғындар әлі игілігін көріп үлгермеген қала көшелеріндегі ағылшындық стильдегі дүңгіршектердің бірі қоқыс жәшігіне айналса, енді бірін ұрлап кеткен. Осыдан үш жыл бұрын «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленген тараздық «Novacom Technology» компаниясы шаһар көшелеріне Лондон аялдамаларындағы сияқты қызыл дүңгіршектер орнататынын жарияға жар сала жеткізген болатын.

Аталған ағылшындық дүңгіршектерден тұрғындар мен қала қонақтары әртүрлі төлемдерді төлеп қана қоймай, шаһар жөнінде сан алуан ақпарат ала алатынына да сендірген еді. Бұл бастама қаланың ажарын арттырып, келбетін кестелейтінінен де үміттендік. Десек те қолға алынған іс сол күйі қозғалған жоқ. Үш жыл өтсе де оның игілігі түгіл, иісі де сезілмейді. Қаланың орталығынан бірді-екілі қызыл дүңгіршектің сыры кетіп, сынға ілігіп, қаңсып тұрғанын да көзіміз көріп жүр. Олай болуының да себебі жоқ емес…
Жалпы «Novacom Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі о баста өңірде болмаған жұмыстармен айналысуды мақсат еткен. Бұған дейін де кәсіпкерлік нысаны бірлік қабылдайтын терминалдар мен мекемелерге қойылатын турникеттер шығарды. Жеке кәсіпкерлік бүгінгі таңда өздерінің турникеттерін Тараздағы бірқатар мемлекеттік колледждерге орнатқан. Бұл заттар бұрын өңірге Ресейден немесе Қытайдан әкелінетін. Сондай-ақ ағылшындық дүңгіршектерді де ел аумағында алғаш рет Таразда қоюды қолға алғаны көңіл қуантқан. Десек те бірді-екілі қызыл дүңгіршектен басқасы сол күйі көзге түспеді. Бұл ретте «қызыл дүңгіршек орнату ғимарат салынатындай үлкен жұмыс емес еді ғой, неліктен сонша ұзап кетті?» деген сауал да санаға салмақ салары белгілі. Осы ретте біз алғаш болып бастама көтерген «Novacom Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Марсель Абдрамановтан мәселенің мән-жайын білдік.
– Басында бұл бастама қаламыздың келбетін арттыруға, тұрғындардың, қала қонақтарының игілігіне қызмет етеді деп жоспарланды. Сол мақсатта жұмыс істеп, көпшілікті қуантқымыз келген. Дегенмен бір ғана дүңгіршектің төңірегінде көптеген мәселе қордаланып қалды. Ең алдымен дүңгіршек орналасатын 1 шаршы метр жердің өзін жергілікті әкімдікке хат жазып, олардың рұқсат жауабын 2 жыл күтіп, әрең дегенде 3 жылға жалға алдық. Ол да аз қаражат емес. Салығын да төлеудеміз. Жалға алған мерзімінің өзі биылғы жылдың аяғында бітеді. Ары қарай тағы да создырамыз. Одан бөлек «Жамбыл жарық сауда» кәсіпорны бізге дұрыс емес, біздің құзыретімізге сай келмейтін техникалық талаптар қойды. Ол талап бойынша біз дүңгіршекке келер электр желісін жердің астымен тарту керек екенбіз. Сол үшін біз тротуарды, жаңадан салынған асфальт жабындысын қопара алмаймыз ғой. Олардың бұл талабы еш қисынға келмейді. Себебі біз тек өнім өндіруші компаниямыз. Дүңгіршекті орналастыру шығындарын да өзіміз көтерудеміз. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан да көмек болмады. Әйтпегенде жарық мәселесін шешуге қолдау білдірсе, іс сол кезде-ақ бітер еді. Осы себепті біз қазір «Жамбыл жарық сауда» кәсіпорнына техникалық талаптарды қайта қарау үшін екінші рет хат әзірлеп жатырмыз. Бұған қоса бас-аяғы он дүңгіршектің біреуін қаланың қақ ортасынан базбіреулер ұрлап кетті. Оның айналасында ондаған бейнебақылау камерасы тұр. Дүңгіршектің салмағы ауыр болғандықтан оны жаяу адам көтере алмайды. Десек те оны учаскелік полиция қызметкерлері 3 ай бойы таба алмай жүр. Егер дүңгіршектің терезелері қирап немесе біреулер сындырып кетсе, қоқыс тастап кетсе де бізге шағым түсіп жатады. Қоғамдық орындағы тәртіпке учаскелік полиция мамандары қарауы қажет емес пе? Пандемия да жұмысымызға тежеу болды. Осы себептермен жұмыс барысы баяулап қалды. Қазір алдағы бір айда өз күшімізбен жарық мәселесін шешуге тырысып жатырмыз. Ол шешілсе, ағылшындық үлгідегі дүңгіршектеріміз арқылы тұрғындар мен меймандар шаһар туралы түрлі ақпарат алып, төлем қызметтерін жасай алмақ, – дейді Марсель Рахымбердіұлы.
Сонымен қатар серіктестік басшысы қала орталығындағы үш дүңгіршектің уақытша алынғанын да жеткізді. Оған да тұрғындар мәдениеті себеп болса керек. Яғни қараусыз тұрған қызыл дүңгіршекке қырғидай тигендердің қатары көбейген сыңайлы. Электр жарығы мәселесі шешімін тапқанда ол дүңгіршектер де қатарға қосылады деп отыр. Марсель Рахымбердіұлы өзі басқарып отырған серіктестіктің өнім қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға да қалалық әкімдік қолдау танытпағанын алға тартуда.
– Жоғарыда атап өткенімдей, біз өндіруші компания болғандықтан сұранысты қанағаттандырып, өнімділікті арттыру үшін жаңа цехтар ашуымыз қажет. Бірақ жаңа цех ашуға қалалық әкімдіктен рұқсат ала алмай жүргенімізге де 2 жыл өтті. Нәтижесінде бізге рұқсат берілмеді. Түсінуімше, біздің өнімдер олардың басымдықтарына келмейтін көрінеді. Үкіметтен де, жергілікті биліктен де ақша сұрап отырған жоқпыз. Біз өз кәсібімізді жандандыру үшін жер сұрадық. Ол цех ашылса, 200 адам жұмыспен қамтылатын еді, – дейді серіктестік директоры.
Әрине, айта берсек бұл төңіректе мәселе аз емес. Бізді қызықтырған қызыл дүңгіршектердің мәселесі ең алдымен көне шаһардың келбетіне жаңаша рең беріп, сұлулық сұлбасын ажарландыратындықтан Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеевтің пікірін білдік.
– Қала орталығындағы және «Қуаныш» сауда үйінің алдындағы қызыл дүңгіршектерді ешкім өз еркімен барып алып тастаған жоқ. Біз де себепсіз біреудің иелігіне нұқсан келтірмейміз. Электр желісі тартылып, дүңгіршек іске қосылғанша «Novacom Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорымен келісімге келіп, уақытша алдық. Себебі бос тұрған дүңгіршектер қоқыс жәшігіне айнала бастады. Жасыратыны жоқ, қаланың қақ ортасында тұрса да түнгі уақытта дүңгіршекті әжетхана ретінде көріп, қажетін өтеп кетушілер де табылды. Салдарынан тұрғындар тарапынан наразылық туындады. Ал егер дүңгіршектер іске қосылса, оның ішінде тәулік бойы тұрақты бейнебақылау камералары орнатылмақ, – дейді Алмасбек Ғалымжанұлы.
Ал серіктестік директоры аталған бөлім басшысымен болған келісім бойынша тек 1 ғана дүңгіршекті уақытша алып тастау сөз болғанын айтуда. Дегенмен орталықтағы «Қазақтелеком», Билайн байланыс орталығы мен «Қуаныш» сауда үйінің алдындағы дүңгіршектер де алынып тасталған. Бұл бір жағынан тұрғындар мәдениетінің әлі де төмендігін көрсетсе, екіншіден, учаскелік полиция қызметкерлерінің де жұмысына сын.
Қалай дегенмен текті Тараздың күні терминалға қарап қалған жоқ. Бірақ шаһардың игілігі үшін тер төгіп, талпынып жүрген жандарға жергілікті басшылық тараптан қолдау болса, одан ешкім опық жемесі анық.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.