«Қызыл сызыққа» құрылыс салғандарды қатаң жазалау қажет

0 9

Құрылыс компанияларына қойылатын ең басты талап – салып жатқан ғимаратының «қызыл сызықтан» асып кетпеуі. Одан кейін нысанның көрсетілген мерзімінен кешіктірілмей пайдалануға берілуі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен жиында «қызыл сызықтағы» және «сақалды» құрылыс нысандарының жай-күйі қаралды. Сондай-ақ басқосудың күн тәртібіне мемлекеттік құрылыс кадастры және геопорталды цифрландыру мәселелері қойылды.

– Облысымызда құрылыс салу үшін алған жерін жылдар бойы пайдаланбай отырғандар бар. Маңызды мәселе бойынша бірнеше рет жиын өтіп, сан мәрте ескерту де берілген. Мәселен Тараздың орталығында 15-20 жыл бұрын құрылысы басталған нысандар жетерлік. Иелері тезірек аяқтауды ойламайды. Құрылысы тоқтап қалған, бүгінгі таңда арса-арсасы шығып жатқан нысанның бала үшін де, басқа үшін де қауіпті аймаққа айналғанын ескермейді. Кейбір құрылыс нысандары «қызыл сызықтан» асып кеткен. Тіпті жылу құбырының үстіне салынған үлкен сауда орталығы да бар. Егер жылу құбырынан кінәрат шығып, жазатайым жарылыс болса, айтарлықтай адам шығыны болуы да мүмкін. Сол үшін билік тұрғындардың қауіпсіздігін ойлап, халықты қорғай білуі қажет. Шынын айтқанда «сақалды», заңсыз құрылыс иелері қателіктерін түзегісі келмейді. Себебі билік тарапынан білгенін істеп жүрген кәсіпкерлерге ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ. Сондықтан да еркінсіп, арқаны кеңге салып жүр, – деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтың айтуынша, Тараз қаласы мен аудан орталықтары және елді мекендердің бекітілген бас жоспар жобасына сәйкес жүргізілген зерделеу жұмыстарының барысында заңсыз салынған 123 нысан анықталыпты. Бүгінгі таңда 85-іне шара қолданылса, оның ішінде 46 нысанның меншік иелері өз еркімен ғимаратын бұзған. Сондай-ақ 39 нысан сүрілсе, қалған 38 нысанға жауапты аудан әкімдері ешқандай шара қолданбай отырған көрінеді. Бұдан бөлек Арман Әшімбекұлы облыстағы 371 елді мекеннің ішіндегі заң талабын орындамаған, «қызыл сызығы», жолдардың көлденең қималары толығымен жобаланбаған 61 елді мекеннің бас жоспарына қатысты мәселе көтеріп, кемшіліктерді жіпке тізді.
– Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысы тиімсіз жоспарланған. Қордай ауданының Масаншы, Ауқатты, Қордай ауылдарында неке қию сарайы, банк бөлімшесі, халыққа қызмет көрсету орталығы және тағы да басқа нысандар мақсатсыз жоспарланған. Меркі ауданындағы Қостоған, Ақтоған, Жамбыл, Рысқұлов елді мекендерінде де неке қию сарайы, аудандық сот, бос уақыт өткізу орталығы секілді бірқатар нысан артық жоспарланған. Осы тектес кемшілік әр ауданға тән, – деді басқарма басшысы.
Геопортал ақпараттық жүйесі бойынша «КАЗГИСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Болатқызы да серіктестік тарапынан атқарылып жатқан шаруаларды бүге-шігесіне дейін баяндады. Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев жыл басынан бері құрылыс нысандарының сапасын бақылау мақсатында 17 тексеру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Тексерудің қорытындысы бойынша 55 нысанға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, 7,9 миллион теңге әкімшілік айыппұл салыныпты. Анықталған кемшіліктерді жойып, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіру үшін 4 нұсқама берілген. Нәтижесінде олқылықтар ретке келтіріліп, құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жобаға және қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүргізіліп жатыр екен. Дейтұрғанмен Айтқазы Дәулетқұлұлы нұсқама бермей, яғни өз беттерінше тексеру заңсыз болғандықтан қала, аудан әкімдері шарасыздық танытып отырғанын тілге тиек етті. Облыс әкімі заңсыз құрылыс иелерімен заң аясында сөйлеспесе мәселе шешілмейтінін, сондықтан тиісті мекеме өкілдері бірлесе отырып басталған істі аяғына дейін жеткізуі керектігін ескертті.
– Бір ойландыратын мәселе, «қызыл сызыққа» құрылыс салу әлі де тоқтамай отыр. Тиісті шара қолданылмағаннан кейін нысан қожайындары заңнан именбей, ойына келген жерге ғимарат тұрғызады. Одан бөлек ауыл мектептерін, түрлі спорт алаңшаларын елді мекеннің шетінен салу белең алып барады. Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылының шетінен шағын футбол алаңын салып қойған. Алаңша ауылдың ортасында болмағандықтан қаңырап бос тұр. Мұндай мысалды Меркі ауданынан да келтіруге болады, – деді Б.Сапарбаев.
Жиын соңында аймақ басшысы «қызыл сызыққа» құрылыс салуда көш бастап тұрған Қордай, Байзақ ауданы әкімдерінен жауап алып, туындаған мәселелерді шешуді орынбасары Ұлан Жазылбек бастаған жауаптыларға тапсырды. Геопортал жұмысын 1 шілдеге дейін аяқтауды, онда жер телімі, үй кезегі секілді кез келген мәлімет халыққа да, инвесторларға да қолжетімді болуын талап етті. Әсіресе мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегі қалай жылжып жатқаны жөнінде тоқсан сайын жергілікті баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде тұрақты жарияланып тұруын, бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың керекті ақпаратына қол жеткізуде ешқандай қиындық туындамауын, ашықтықтың барынша қамтамасыз етілуін міндеттеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.